«Айтқазы Қарабалаев біздің көшеге қашан келеді?..»

«Айтқазы Қарабалаев  біздің көшеге қашан келеді?..»
ашық дереккөз
«Айтқазы Қарабалаев біздің көшеге қашан келеді?..»

Ерман ӘБДИЕВ

Осыдан біраз жыл бұрын ел игілігіне пайдалануға берілген «Бурыл-А,Б,В» алқаптары бүгінде жұртшылық жаппай кең қоныстанған аумаққа айналып үлгерді. Бір жылдары қала шеті болса, бүгінде тұрғыны көп үлкен орталықтың бірі десе де болғандай... Тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар да алқаптың шырайын кіргізуде.

Алайда, қазір өз алдына бір шағын ауданға айналған алқапта әлі де атқарылар жұмыстар бар екен. Мұны біз тұрғындарының жан айқайынан білдік. Осы аумақта №15 шағын аудан бой көтере бастағанда «мәселеміз шешілетін болды-ау» деп қуанып қалған тұрғындардың үміті көп ұзамай су сепкендей басылыпты. Міне, содан болар, «Бурыл А» алқабындағы ұзындығы 400 метрді құрайтын Кольцевая өткелі тұрғындары 2018 жылы «Бурыл-А, В, Б» алқаптарына су арнасын қосу кезеңінен де және 2019 жылы асфальт алдындағы шағал жол жасау жұмыстарынан да шет қалғандығын айтып қоңырау шалды. Енді бұл көше 2020 жылы асфальт жолмен қамтамасыз ету шараларынан да шет қалып отыр. – Қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Асхат Есенәлиевтің үстіміздегі жылдың 28 сәуірі күнгі №ЖТ-Ұ/Қ-6052 шығыс нөмірімен тіркелген жауап хатын өзіміз іздеп таптық. Бірақ бұл жауап өткел тұрғындарын қанағаттандырмай отыр. Әкім орынбасарының айтуынша, 2018 жылы «Бурыл-А, В, Б» алқаптарын орталық су арнасына қосу жұмыстарына тапсырыс берген қала әкімдігінің құрылыс бөлімі екен. Алайда, алқаптарды орталық су арнасына қосу жұмыстарын жүргізу барысында жобалау-сметалық құжаттамаларында Кольцевая өткелі қарастырылмаған. Сондықтан жұмыс атқарылмады. «Қазір көшелердің жол жабындысының ағымдағы техникалық жағдайын анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Тараз қаласында Жол картасы бағдарламасы қабылданып, жолдарды жөндеу кезегі анықталды. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызды нысандар – мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көлік өтетін көшелер тәртіпке келтіріледі. Бюджеттің қаржыландыру мүмкіндігіне қарай қажетті жұмыстардың көлемі 2020-2022 жылдарға жоспарланды. Кольцевая өткеліне орташа жөндеу жұмыстары жоғарыда аталған аралықта қамтылмаған. Кольцевая өткелін орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылғы жоспарға енгізілгенін хабарлаймыз» делінген хатта. – Біз бұған дейін су арнасын және көгілдір отынды, жарықты өз күшімізбен, өз қаражатымызға тартып алдық. Енді көшені асфальттап берсе болады ғой. Ұзындығы 400 метр болатын көшені асфальттау неге жыл сайын кейінге ысырыла береді? Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев таңертең ерте қаланы аралайтынын көріп те, естіп те жүрміз. Мүмкін бір таңғы сапарын біздің көшені аралаудан бастап, біздің де уәжімізге құлақ түрер деген үміттеміз, – дейді Кольцевая өткелінің тұрғыны Данияр Қарабатыров.

Ұқсас жаңалықтар