- Advertisement -

Жүз миллионға жуық теңгеге дәрі-дәрмектер жеткізілді

87

- Advertisement -

Қазір «Не дейсің, ауруханаларда дәрі-дәрмек жоқ екен» деген сыңайдағы әңгіме әлеуметтік желілерде желдей есіп тұр. Мамандар әсіресе, Атырау жақтағы ахуалдың қиындай түскенін айтып, дабыл қағуда. Көрші Шымкент қаласының өзінде пневмонияға шалдыққан туыстарының амандығы үшін «күні кеше 6 мың теңге тұратын дәрі-дәрмекті 25 мыңға, кейбірін тіпті одан қымбат бағаға сатып алып, жеткізіп бердік» деп жазып-жариялап жатқандар да жоқ емес. Өзге өңірлерде инфекциялық стационарлар мен провизорлық емдеу орындарында ем алып жатқан науқастардың өзіне дәрі-дәрмек жетпей жатса, біздегі жағдай қандай? Үйде ем алып жатқандардың дәріханалардан іздегенін таппай сабылып жатқаны шындық. Дәрінің жоқтығынан ауруханалардағы ауыр халдегі сырқаттарға қажетті ем-шаралар жүргізілмей қалған жоқ па?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов 9-11 шілде аралығында бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясы өңіріміздегі емдеу-сауықтыру мекемелеріне 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектер жеткізіп бергенін хабарлады. Олар пневмония және COVID-19 вирусын емдеуге арналған препараттар екен.

– Қазіргі кезде барлық дәрі-дәрмектер облыстың барлық стационарлық емдеу мекемелеріне таратылды. Бүгінгі таңда аудандарға жеткізіп беру процесі жүруде. Алынған препараттардың ішінде антибиотиктердің – 1300, антикоагулянттардың – 2585, витаминдердің – 45170, дексаметазонның – 1850 ампуласы бар. Жалпы біздің қосымша берген ұсынысымыз 700 миллион теңгені құрайды. Компания алдағы күндерде бізге керекті дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті түгелдей қамтамасыз ететін болады, – дейді Марат Сейітбекұлы.
Облыстың бас дәрігері сондай-ақ дәріханаларға да дәрі-дәрмектер түсе бастағанын жеткізді. «Ірі-ірі тасымалдаушылармен келісім бар. Бүгінгі таңда тек қана «Әмір және Д» дәріханасы екі күннің ішінде 100 миллион теңгеден аса сомаға дәрі-дәрмек әкелді. Қазіргі кезде өз дәріханалар желісі бойынша барлық дәрілерді сатуда», – деп түсіндіріп өтті басқарма басшысы.
Басқа дәріханаларға да жақын күндері дәрі-дәрмектер түсе бастайды екен. Осылайша жұрттың сұранысы толықтай қамтылып, өтелетін болады. Қазір бұл ақпарат COVID-19 вирусының жеңіл және орташа түрін өткеріп, үйде ем алып жатқан науқастар үшін аса қажет екені түсінікті. Дәл қазір табылмай жатқан қат дәріні «Әмір және Д» дәріханалар желісінің бөлімшелерінен табуға болады. Ал жаңа аптадан барлық дәріханада дәрі тапшылығы жойылады деген үміт бар.

 

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support