Сөзден гөрі іске жақын сарысулықтар аз қамтылған отбасыларға асарлатып баспана салып беруде. Мұндай белсенділік ауданның барлық ауылдық округтерінде байқалады. Аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен бірнеше үйдің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызыла бастады. Бұл бастамаға кәсіпкерлермен қатар ауыл тұрғындары да өз үлестерін қосуда.
Қайырымды іс-шарадан тыс қалғысы келмеген кейбір ауыл азаматтары өздерінің қолынан келген көмектерін ұсынуда. Атап айтсақ, бірі есігінің алдына тасын әкелсе, келесісі құмы мен топырағын түсіріп берген. Ал енді бірі цементін әперіпті. Есік-терезесі мен тақтайын да әкеліп беріп жатқандар бар. Тұрғын үйдің қабырғасын көтеру үшін ауыл тұрғындары кезектесіп келіп, асарлатып кірпіш қаласуда. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алуға 1807 азамат кезекке тұр. Оның 4-еуі жетім, 164-і көпбалалы ана, 918-і әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар, 720-сы бюджеттік мекеме қызметкерлері. Бір азаматтың үйі апатты жағдайда деп танылған. Ал биылдың өзінде пәтер кезегіне 206 адам тіркелсе, түгендеу жұмыстары барысында 523 азамат кезектен шығарылды. Үстіміздегі жылдың 22 маусымында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің №110 хаттамасына сәйкес халық саны мыңнан асатын елді мекендерде тұратын баспанасы жоқ отбасылар анықталып, оларға асар тәсілімен тұрғын үй салу қолға алынған еді. Осыған сәйкес аудандағы Түркістан, Жаңаталап, Тоғызкент және Жайылма ауылдық округтерінде баспанасы жоқ отбасыларға асарлатып тұрғын үй салып берілуде. Мәселен Жаңаталап ауылдық округі тұрғындары тарапынан бір жалғызбасты анаға тұрғын үй салып беру үшін біраз қаржы жиналған. Қазіргі таңда ол үйдің қабырғасы қалануда. Ал Тоғызкент ауылдық округінде көпбалалы анаға ауыл ақсақалдары мен кәсіпкерлер өздерінің көмек қолдарын созып, көмектесуді ұйғарған. Қазіргі таңда ауыл жастарынан құрылған бригада ол үйдің ішкі қабырғаларын сылап, еденіне бетон құйып, жылу жүйесін жасау үстінде. Түркістан ауылдық округіндегі көпбалалы анаға жаңа үйдің іргетасы қалануда. Жайылма ауылдық округінде де осындай жұмыс таяу күндері қолға алынбақ. Осылайша ауыл азаматтарының күшімен аз қамтылған, көпбалалы 4 отбасыға үй салып берілмек. Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді