- Advertisement -

Болыс ауылының бүгінгі келбеті қандай?

226

- Advertisement -

Жақында Мәдімар болыстың есімімен аталатын ауылға атбасын бұрғанбыз. Ауылға апаратын жолдың қос қапталында жайқалған қарағаштар көз тартады. Мұнан ауылдың тазалығы, халықтың ұйымшылдығы үйлесім тауып тұрғанын аңғарасың.

Қайрат Исмайлов,
Байзақ ауданы
әкімінің орынбасары.

Жалпы алғанда ырыс-ынтымағы, береке-бірлігі жарасқан осынау Ынтымақ ауылдық округінде 2020 адам тұрады, аула саны – 326. Сол тұрғындардың 23,7 пайызы жастар. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жарасымды тіршілік кешіп жатқан ауыл тұрғындарының басты байлығы – тыныштық пен татулық. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Үлгілі ауыл» жобасына қатысып отырған Мәдімар ауылында 280 орындық Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп, бір балабақша, бір дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, пошта, бір мешіт жұмыс істейді.
Биылғы жылы Мәдімар ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 346 миллион 730 мың теңге қарастырылып, 8 жоба іске асырылуда.

Әкімшілік ғимараты жаңарады

Қос қабатты ауылдық округ әкімшілігінің ғимараты да жөндеу көрмегелі бірнеше жылдың жүзі болыпты. Есік-терезелері ескіріп, едендері шіри бастаған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ғимаратқа 11760,0 миллион теңгеге ағымды жөндеу жұмыстарын мердігер «Самұрық-2020» ЖШС жүргізуде. Нысанның есік-терезелері ауыстырылып, қабырғалары қырылып, тозығы жеткен ағаш едендер алынып, электр желілері де ауыстырылуда. Нысанның холына кафель, еденіне линолеум төселуде. Жөндеу жұмыстарына жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті жерден 2 адам тартылып отыр.

Көшелер жарықтандырылып, жөнделуде

Ауылда 9 көше бар. Басты көшелердің бірі Әлім Қолдасов, Жүнісбек Жаубасарұлы, Мәдімар Райымбекұлы көшелеріне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы 5184,8 мың теңгеге түнгі көше жарықтары орнатылыпты. Шамдар жарық үнемдейтін шамдармен алмастырылған.
Мұнымен қатар Жүнісбек атындағы көшенің 1,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын «Рауан» ЖШС жүргізуде. Аталған көшеге шағал тас төселіп, тегістеліп, енді асфальттау жұмыстары атқарылмақшы. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы 25 миллион теңге қаражат жұмсалатын болады.

Ауыл келбеті –
білім ошағында

1965 жылы пайдалануға беріліп, осы күнге дейін жөндеу көрмеген Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. «Ник –Тараз» ЖШС-ның директоры С.Шокатаев жұмыстың жүйелі жүруін қатаң қадағалап отырған көрінеді.
Білім ошағының шатыры темір жабындымен жабылыпты. Спорт зал мен асхананың шатырын ауыстыру жұмыстары жүруде. Нысанның қабырғалары мен төбесі сылақтан тазартылып қалыпты. Есіктері мен көнерген едендерді ағаш едендермен ауыстыру, дәліз еденін керамикалық плитамен өру, электр желілері мен жылу жүйесін де жаңғырту көзделуде. Білім ордасының қасбетіне де жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Жұмыс үстіміздегі жылдың 16 мамырында басталып, 16 тамызда аяқталғалы отыр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 37 адам тартылған. Жұмысшылардың айлық жалақылары 85 мың теңгені құрауда. Құрылыс учаскесінің прорабы Мақсат Айтжанов отандық құрылыс материалдарын қолданып жатқандығын жеткізді. Келесі нысан – мектептің қосымша екі ғимараты да ағымдағы жөндеуден өтіп жатқандығына куә болдық. Күннің ыстығын елемеген құрылысшылардың қимылына көз ілеспейді. Бірі күрделі құрамды араластырып жатса, енді бірі қабырғаны сылап, әрлеуге кіріскен.

Каналдар да жаңғыртылуда

Ынтымақ ауылдық округіне қарасты «Р-1» (құны 3724,5) және «Көшеней» (құны 3239,8) каналдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар қолға алынуда.

Таза ауызсу –
денсаулық кепілі

Тіршілік нәрі саналатын – ауызсу мәселесі Ынтымақ ауылдық округінде шешімін тапқан. Тұрғындардың дені ауызсуды 2010 жылы пайдалануға берілген орталықтандырылған ұңғымадан тұтынады. Тек Қалыш Нұранова көшесінің тұрғындары бірнеше жылдан бері таза ауызсуға қолы жетпей отырған болатын. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы аталған көшеге су құбырын тарту, яғни ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5210,0 мың теңге қаралып, тиісінше жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде көшеге су құбырлары тартылып, әр ауланың ауызсумен қамтылуына жағдай жасалып отыр.

Шағын футбол алаңшасы іске қосылады

Тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуы үшін өткен жылы демеушілердің қолдауымен стрит воркаут бой көтерген екен. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 9599,8 теңгеге шағын футбол алаңшасы құрылысын мердігер «Самұрық-2020» ЖШС жүргізуде. Жасанды төсеніші бар, көлемі 800 шаршы метр болатын шағын футбол алаңшасы осы шілде айында пайдалануға берілмекші.
Иә, жаңарған ауыл жаңа бастамаларға толы. Салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша үстіміздегі жылдың бес айында жоспарланған 613 мың теңгенің бүгінгі күнге орындалуы 190 пайызды құрап отыр. Округте жалпы 56 кәсіпкер, 74 шаруа қожалығы, 1 өндірістік және 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс жасайды. «Ынтымақ – 2004» (жетекшісі Еркін Сандыбаев) «Рахымбек» (жетекшісі Рахымбек Карибаев), «Қанағат» (жетекшісі Ақыл Сыдықов), «Толқын» (жетекшісі Жандос Рахманов) сынды шаруа қожалықтары тұрғындарға әрдайым көмек қолын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады екен.
Жыл өткен сайын төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. Мүйізді ірі қара 1800 басқа, қой мен ешкінің саны 16 мыңға, жылқы 514-ке, үй құстары 15 мың басқа жетіпті.

Ауылы жақсы
ырысты болар

Округтегі 326 ауланың 130-ы көгілдір отынға қосылған. 304 аулаға ауызсу кіргізілген. 275 ауланың иелері өз үйінің ауласындағы бақшаға қызанақ, қияр, картоп, сәбіз, күнбағыс, баялды егіп, табыс тауып отыр. Сондай отбасының бірі – Тұрсыналы Құрманов. Үйінің ауласындағы 5 сотық жеріне картоп егіп, алдағы уақытта кәсібінің аясын кеңейтуді мақсат етіп отырған кейіпкеріміз «табыстың көзін тапқан табыстың өзін табады» деп сөзін түйіндеді.
Жұмыссыздықты азайтып, кедейшілік деңгейін төмендету – басты мәселе. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының жақсылығын көріп жатқандардың бірі ауыл тұрғындары М.Алтаев 3,4 млн. және Ж. Арғынбаев 3,4 млн. несие алып, бүгінде жылқы малын баптауда. Қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашып, нәсібін тауып жатқан жастардың қатары да қалыңдап келеді. Өткен жылы округ бойынша 9 жас 505 мың теңге грантқа қол жеткізіп, кәсіптерінен нәсібін тауып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Ильяс» шаруа қожалығы 14,9 миллион, «Кемпреков» шаруа қожалығы 52,0 миллион теңгеге қол жеткізіп, қос қожалық мал алып, кәсіптерін дөңгелетуде.

Бес бөлмелі үй салып бермек

Ата дәстүрмен асарлатып үй салу үрдісін мәдімарлық жастар мен еріктілер қайта жандандырды. Көпбалалы, жалғызілікті Ғалия Құрмановаға бес бөлмелі үй салып беруге ұйғарым жасаған олар бүгінде тұрғын үйді бітіріп беру үшін уақытпен санаспай тер төгуде. Қайырымды іске ауыл тұрғындары түгелімен үлес қосып, қолдарынан келгенше көмектерін беруде. Бұл бастаманы Үлгілі, Қызыл Жұлдыз, Бәйтерек ауылдық округтерінің жастары қолдап, іске кіріскен.
Бұдан бөлек, Мәдімар ауылының жастары мен тұрғындардың және демеушілердің күшімен «Мәдімар» мешітінің жанына бастырма салынып, айналасы қоршалыпты. 1974 жылы дүниеге келген жастардың ұйытқы болуымен 250-300 адамға жететін ыдыс-аяқ, қазан-ошақ, үстел, орындықтар жасалынып, бүгінде жұрт игілігін көруде.
Округте 2020 жылдың бес айында қылмыс, жастар арасында құқық бұзушылық, жас отбасылардың ажырасу деректері тіркелмеген. 15 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып отыр, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 14 отбасы.
Атап өтетін тағы бір жайт, округте әскерге баратын жастардың белсенділігі басым. Бұл жерде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Шохайбаевтың, белсенді қариялардың, зиялы қауым өкілдерінің еңбегі зор екенін айтпай кетуге болмайды.

Жасыл желек –
жанға сая

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған тұрғындар үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Өйткені жасыл желек ауаны тазартып, қоршаған ортаның микроклиматын жақсартады. Көріктендіру мен абаттандыру және тазалық айлығында округ бойынша 400 түп қаратал көшеттері, 100 шаршы метр гүлзарлар отырғызылып, 61,5 тонна күл-қоқыс тасымалданып, 6 кездейсоқ орын жойылған. Еңбекпен өрісі кеңейген, бірлесе тірлік еткен ауыл тұрғындары мемлекет қолдауын сезіне отырып, тұрғын үйдің келбетін ретке келтіру, оларға іргелес жатқан аумақтың арамшөптерін отап, қақпа мен электр бағандарын сырлауды біркісідей ұйымшылдықпен атқаруда.
Тұрғындардың игілікті іске ортақтасу, ортақ бірлікті сезінуінің нәтижесінде ауыл жыл өткен сайын гүлденіп, көркейе түсуде. Бүгінгі таңда «Үлгілі ауыл» байқауының облыстық кезеңіне жолдама алып отырған Мәдімар ауылының әлеуетін өркендетуге округ әкімі Мейірбек Ноғаев сүбелі үлес қосып келеді.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support