небір қиыншылықтарды жеңіп шыққанбыз

11

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының облыс жұртшылығына үндеуіҚұрметті облыс тұрғындары!
Қадірменді әлеумет!
Бүгінде жер жаһанға қауіп төндірген пандемия індеті бізді де айналып өтпей, қатерін төндіруде. Сондықтан да сіздерді үрейге бой алдырмай «Болған іске болаттай берік болуға» шақырамын. «Қорыққанға қос көрінеді» демей ме дана халқымыз, сабырлылық танытыңыздар, мұны қалыпты жағдайға теңеңіздер. Бұрындары да біздің халқымыздың басынан осындай жұқпалы небір індеттер өткен. Сонда халқымыз қайыспай қарсы тұрып, ұйымдасқан түрде ұлттар болып ұйысып, мызғымас достығымыздың арқасында сол қиыншылықтарды жеңіп шыққанбыз. Сол себепті, деніңізде тұмаудың белгісі бар деп ойласаңыз Сіздерді өз беттеріңізше ем-дом қабылдамай, білікті маман-дәрігерлерге жүгінулеріңізді сұранамыз. Дәрігердің нұсқаулығымен ғана дәріханадан дәрі сатып алуға кеңес береміз. Тиісті дәрілерді қажет болған жағдайда ғана сатып алыңыздар. Дәріханаларда дәрі-дәрмектер қолжетімді. Бізге түскен ақпарат бойынша негізсіз дәйектерге сүйеніп, дәріханалардан ұзақ-сонар кезекке тұрып, керек пе, керек емес пе бар дәрілерді жаппай сатып алу фактілері кездесуде. Ол дәрілердің мерзімі болады, мерзімі өтіп кетсе түкке жарамсыз болып қалады. Осы жағын да ойланыңыздар.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» -деген дана халқымыз. Жақсы сөздерге бой алдырыңыздар, сөздің құдіреті, иесі, киесі болады. Дәйектелген ақпарат болмаса, «Анау айтыпты…» — деген қаңқу сөзге еріп, опық жеп қалмаңыздар. Біздің еліміз бүгінде демократиялық құқық негізінде іс-әрекет етеді. Әрбір қайшы іс-әрекетке жауап беруге тура келеді, Сіздерді осындай келеңсіз әрекеттерден сақтандырамыз. Аға буын өкілдерін үйден шықпай, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамыз. Карантин кезіндегі талапқа сай үш адамнан артық жиналмауды ескертуге қарамастан «Той – халықтың қазынасы» — деген өзектілігі өткен, бүгінгі күннің талабына сәйкес келмейтін тәмсілді ұстанған кейбір ағайындар әлі де тойшылдықтан арыла алмауда. Қыз ұзату, құдалық, бет ашар, сүндет той секілді той-томалақтар өкінішке орай әлі де жалғасуда. Бұл деген індеттің таралуына тікелей жол емес пе? Қуаныштың арты зор қайғыға әкеліп соқпасын, АҒАЙЫН!
Еркінбек Солтыбаев,
облыс ардагерлерінің атынан облыстық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.