Кәсіпкер ауылына дәрігерлік амбулатория салып берді

17

Елорда күні қарсаңында Қаракемер ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл ғимаратты ауыл тұрғындарына «Отау Строй» ЖШС-ның бас директоры Қайрат Молдасейітов сыйға тартып отыр. Осыған дейін туған ауылына мешіт, спорт кешені мен өзге де әлеуметтік нысандар соғып берген кәсіпкер осындай қайырымды ісімен көпшіліктің алғысына бөленуде.

– Бүгінде елімізде әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға, қорғауға барынша жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде еліміздің барлық аймақтарында заман талабына сай медициналық орталықтар мен ауруханалар бой көтеріп, жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмектер көрсетілуде. Басқа өңірлермен қатар біздің ауданымыздың да медицина саласының еңсесі көтеріліп, жағымды жаңалықтарымыз көбеюде. Соның бір айғағы биыл 3 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіліп жатса, 2-еуі жаңадан соғылуда.

Елорда күні мерекесі қарсаңында туған жеріне тарту жасаған жеке кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен 20 келушіге арналып соғылған дәрігерлік амбулатория ауылдарыңызда қолданысқа берілгелі тұр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық жүрегіне жол тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында іске асқан бұл жұмыс жалпы халық көңілінен шығатыны анық, – деген аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы амбулатория ұжымының жұмысына табыс тіледі. Ал осы нысанды салған кәсіпкер мен құрылысшыларға аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатын тапсырды.
Осыдан кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаев сөз алып, ауылдастарын құттықтай келе жомарт азаматтың өз ауылынан дәрігерлік амбулатория салып бергеніне қуанышты екенін жеткізді.
Осыған дейін ескі ғимаратты паналап келген медициналық қызметкерлердің қуанышында шек жоқ. Оның үстіне қазіргі пандемиямен күресте осындай жаңа нысандарда сапалы қызмет көрсету де жеңіл болмақ.
Ашылу салтанаты барасында амбулаторияның аға дәрігері Урмат Абыловқа символикалық кілт табыс етілді. Заман талабына сай жабдықталған ғимарат медициналық жабдықтармен толықтай қамтылған. Қажетті бөлмелер мен процедуралық кабинеттері қаракемерліктерге қызмет көрсетуге дайын.
Жандос ОМАРОВ,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.