- Advertisement -

Антына адал ақ халатты жандарға мың алғыс

169

- Advertisement -

Ардақ Үсейінова

Қай кезде де уақытпен санаспай қызмет етіп, адам денсаулығы мен өмірі үшін жанталасып жүрген дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Қазіргі қиын-қыстау шақта міндетін мүлтіксіз атқаратын ақ халатты абзал жандардың еңбегі елеусіз қалмағаны қуантады. Апта басында өңіріміздің бір топ медицина қызметкері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, тағы бір тобы «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференц-байланыс режімінде Астана күніне орай мемлекеттік медальдармен және төсбелгілермен марапатталған дәрігерлерді құттықтап, оларға коронавирус пандемиясымен күрестегі адал және қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.
– Медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесі, табандылығы оларға өз кәсібін қоғамдағы ең беделді мамандықтардың бірі етуге мүмкіндік береді. Сіздердің аса жауапкершілікке толы міндеттеріңіз шыдамдылық пен түсіністікке негізделген. Жүректеріңіз бен жүздеріңіз шексіз мейірім мен жылылулық толы. Коронавирус пандемиясына байланысты сіздер мен барша әріптестеріңіздің жұмыс жүктемесі еселеніп, шұғыл режимде еңбек етіп келесіздер. Гиппократ антына адалдық танытқандарыңыз үшін сіздерге тек алғыс айтамыз! – деді өңір басшысы.
Атап айтсақ, «Парасат» орденімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-эпидемиологі Гүлфайра Мырзабекова, «Құрмет» орденімен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Елена Пак марапатталды. Ал «Ерең еңбегі үшін» медаліне жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу жөніндегі облыстық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнара Байдәулетова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Елеусіз Қайынбаев, облыстық медициналық жедел стансасының аудандар бойынша аға фельдшері Марина Оваченко, облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас медбикесі Фарида Үсенбаева ие болды.
Сондай-ақ «Шапағат» медалі ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматолог дәрігері Алмас Әлібеков, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының эпидемиологі Бекболат Кеңесбаевқа табысталды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматологі Дәурен Нарбаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционисті Лиза Турганова марапатталды.
– Медицина қызметкерлері ешқашан қолдау мен назардан тыс қалған емес. Біздің жұмысымызды бағалағандарыңызға үлкен рахмет! Бүгінде бүкіл әлем қауіпті вируспен күресуде. Күндіз-түні тер төгіп жатқан әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Оларды ешқандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге бой бермеуде. Дәрігерлер науқастардың жағдайын жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр деп сенімді түрде айта аламын, – деді Елена Пак.
Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды карантин режімі мен барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Елена Пак коронавируспен ауырып жазылғандарды қазіргі науқастардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қан доноры болуға шақырды.
Ал, Гүлфайра Мырзабекова қазір медицина қызметкерлеріне оңай еместігін атап өтті. Өкінішке орай, күн сайын науқастар саны көбейіп келеді. Эпидемиолог-дәрігер тұрғындардан үйде болуды және отбасылық мерекелерді ұйымдастырмауды өтінді.
Еңбегі еленген ақ халатты жандардың әрқайсысы шын мәнісінде марапатқа лайық мамандар. Олар бұған дейін де тұрғындардың алғысына бөленіп, жүктелген жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқарып келген. Адал қызметтеріне қарай көрсетілген құрмет ақ халаттылардың өз міндеттерін мінсіз атқаруларына серпін береді деп ойлаймыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support