Жыл сайын 5-6 миллион теңге табыс түседі
Қанат Наушабаев – Қоңыртөбе ауылының тұрғыны. Ол 1999 жылы «Қоңыртөбе» шаруа қожалығын құрған.
Агроқұрылым егін және мал өсірумен шұғылданады. Қазіргі таңда шаруа қожалығының 400 гектар жері бар. Оның 120 гектарына арпа, 50 гектарына бидай және 80 гектарына мақсары егіледі. Жоңышқа 50 гектар алқапқа орналастырылған. Қожалықта 130 ірі қара бар, оның 70 басы сауын сиыр. Бұған қоса 70 жылқы өсірілуде. Қожалық төрағасы алқабын міндетті түрде агротехникалық талаптарға сай баптап отырады. Шаруа қожалығында жыл сайын орта есеппен 20 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Оны өткеруден 5-6 миллион теңге таза табыс түседі.
– 2010 жылы лизингке екі трактор алғанбыз. Қазір бес трактор, екі комбайнымыз бар. Шөп оратын, турайтын, жалпы, агросалаға қажетті техниканың бәрі бар деуге болады. Былтыр 200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын қолға алдық. Яғни, малға шөп салатын және олардың астын тазалайтын құрылғылар бар. Екі сауыншымыз Айнұр Түймебаева мен Зарина Коликова сиырларды сауын аппаратымен сауады. Малға қажетті жемшөпті өзіміз әзірлейміз. Келешекте қойма салсақ, фермамызды тағы да заманауи құрылғылармен жетілдіре түссек деген жоспарымыз бар, – дейді Қанат Наушабаев.
Еңбекқор азамат жұбайы екеуі үш ұл, бір қыз өсіріп, олардан екі немере сүйіп отыр. Үлкендері Ерболат – жеке кәсіпкер, мамандығы – заңгер. Дінмұхамед – орманшы, әкесінің көмекшісі. Қыздары Айнұр тұрмыста. Жұбайы Гүлмира Наушабаева ауылдық клуб меңгерушісі. Қолдарында ұлдары Ерболат пен келіндері Ақерке бірге тұрады. Ақерке ауылда мектепте мұғалім.
– Ауыл шетіндегі екі қабатты үйімізді жастарға үлгі болсын деп әдейі соқтым. Адам баласы еңбек еткен соң, өзіне жағдай да жасай білуі керек. Таулы аймақтағы ауылдарымызға табиғи газ құбырлары тартылуда. Газ келсе, ауылдағы ел-жұртқа тіпті жақсы болар еді. Шаруаның жұмысы оңай емес. Жыл-он екі ай тынымсыз еңбек етеміз. Бірақ бұл – бір жағы денсаулыққа пайдалы. Таза ауа. Үнемі қозғалыс үстіндеміз. Ас-ауқатымыздың барлығы – табиғи таза өнімдер. Ата-бабамыз пайдаланған тағамдардың барлығы денсаулыққа пайдалы болған. Қазір халқымыз бірте-бірте осы тағамдарды пайдалануды қолға алып келеді. Бүгінде бүкіл әлемді толғандырып отырған коронавирус індетін жеңудің басты шарты да – тазалық пен тәртіп және табиғи таза тамақтарды пайдалану. Күн сәулесінен қуат алатын алты батарея алғанбыз. Қазір үйімізге керекті электр қуатының жартысын осылардан аламыз. Агроқұрылымда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы – 80 мың теңге. Жұмысшыларымыздың айлығы уақтылы беріледі. Жерін жалға алған ауылдағы ағайынға тиесілі жем-шөбін дер кезінде береміз, – дейді Қанат Қамбарұлы.
Қанат ауыл маңындағы аумағы 200-180 шаршы метрге жуық екі тоғанды жалға алған. Келешекте тоғандарда балық өсіруге бел байлап отыр.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді