Іскер басшы – елге құт
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды. Бұған дейін осы ауданның әкімі қызметін атқарған Қанатбек Мәдібек жақында облыс әкімі аппаратының басшысы болып ауысқаны белгілі. Сарысу ауданына жаңа әкім тағайындалды Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Бақытжан Жақсылықов Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа басшыны аудан активіне таныстырды.
Өңір басшысы ауданның жаңа әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіптің сақталуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.
– Сарысу ауданының әлеуеті зор. Мұнда өндірістік сектор, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік жүйелі түрде дамуда. Ауданның жаңа басшысы осы қарқындағы жұмысты жалғастыруы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыруды тапсырды. Жергілікті әкімдер халыққа жақын болып, мәселелерді бірге шешуі керек, – деді облыс әкімі.
Бақытжан Жақсылықов аймақ басшысына сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, Сарысу өңірін дамыту жолына бар күш-жігері мен мүмкіндіктерін жұмсайтынын жеткізді.
Бақытжан Алпысұлы 1972 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген.
Қазақ ұлттық техникалық университетін «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқытушы болып бастаған.
Әр жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратының, аудандық Зейнетақы төлеу жөніндегі орталығының бас маманы, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аудандық комитеттің төрағасы, Жаңатас қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Сарысу ауданы әкімінің аппаратын басқарған. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымдарында болған.
2019 жылдың наурыз айынан бастап «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясының бас директоры болып жұмыс істеп келген.
Мұнан соң Қанатбек Мәдібек сөйлеп, осы кезге дейін бірлесе жұмыс атқарғаны үшін аудан активіне, депутаттық корпусқа алғысын білдіріп, қызметіне кіріскен жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділов облыс әкіміне алғысын білдіріп, ауданның жаңа әкімімен бірге іргелі жұмыстар ары қарай жалғаса беретініне сенім білдірді.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы аудан активімен жиынды қорытындылап, ауданның жаңа әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, жерді тиімді пайдалану, ұсақ шаруа қожалықтарды ірілендіру, суармалы жер көлемін көбейту кезек күттірмейді. «Ауданның дамуы – «Еурохим» мен «Қазфосфат» кәсіпорындарының тіршілігіне байланысты. Бұйырса, жұмыстың екінші кезеңінде «Еурохим» компаниясы ауданға миллион доллар көлемінде инвестиция салмақ. «Қазфосфаттың» да әлеуеті жоғары. Біз облыс аумағынан үш ірі су қоймасын салмақшымыз. Соның бірі Байзақ ауданынан салынса, игілігін Сарысу ауданының тұрғындары да көретін болады. Су қоймасының сыйымдылығы шамамен 100 миллион текше метрді құрамақ. Ендеше аудан тұрғындары жерді тиімді пайдалануға көшулері керек, – деді облыс әкімі актив жұмысын қорытындылап. Жаңа жобалар Жаңатасты жайнатады Мұнан соң облыс әкімі Шаян – Жаңатас бағыты бойынша жүргізіліп жатқан газ құбыры желісі жұмыстарымен танысты. Бұл – келесі жылдарға өтпелі жоба. Мердігер – «Стройгаз» компаниясы. Жалпы, жобаға республикалық қазынадан 7,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Биыл 3,5 миллиард теңгесі игерілуі тиіс болса, осы кезге дейін 1,9 миллиард теңгенің жұмысы жүзеге асыпты. Осында 30 адам еңбек етуде, бәрі де жергілікті азаматтар. Мұндағы жұмыс барысын облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев түсіндіріп өтті. Облыс әкімі осы орайда Жаңатас қаласына көгілдір отын келетіні үлкен игілік екенін айта келіп, барлық мәселелер бойынша қолдау болатынын айтты.
Облыс әкімі Жаңатас қаласындағы №2 шағын ауданында күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпқабатты екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына да назар аударды. Аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Дәурен Шалбаев осында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыра келіп, екі көпқабатты үй бойынша 180 пәтер жөнделіп, тұрғындар игілігіне берілетінінен хабардар етті. Екі көпқабатты үйдің күрделі жөндеу жұмысына 930 миллион теңге қарастырылған. Алдағы қараша айында мұндағы жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Облыс басшысы осында қанша адам еңбек етіп жатқанын, жалақылары қанша екенін сұрады. Пәтерді заң аясында кезекте тұрған, нағыз мұқтаж кісілерге беруді ескертті. Қазіргі таңда екі көпқабатты үй бойынша 160 адам жұмысқа тартылса, жалақылары да еңбектеріне лайық, уақтылы төленіп жатыр екен. Осы орайда облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек: «Ауданда қалпына келтіруге болатын тағы 6 үй бар. Алайда оларды алдымен мемлекет меншігіне өткізу керек. Аудан бойынша 1800 тұрғын пәтер кезегінде тұр. Әлгі 6 үйдің мәселесі шешілсе, тұрғындар кезегінің мәселесі де біршама жылжыр еді», – деп облыс басшысына жағдайды түсіндіріп өтті.
Облыс басшысы мұнан соң жаңадан ашылып жатқан «Servistik akimdik» орталығымен танысты. Мұндағы жұмыстар барысын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев түсіндіріп, тұрғындар бір мезгілде бірнеше сала бойынша кеңес алуға мүмкіндіктері бар екенін хабардар етті. Облыс аумағында ашылған «Servistik akimdik» орталықтар саны осылайша бесеуге жетіпті.
Өңір басшысы келесі сәтте Жаңатастағы Әулиеата көшесіндегі абаттандыру, лоток салу бойынша жүріп жатқан жұмыстарға назар аударды. Бұл көшеге Бүркітті өзенінен су келеді. Құрылыс жұмыстарына 28 миллион теңге бөлінсе, 19 жергілікті азамат жұмысқа тартылған. Олардың жалақылары да көңілдерінен шығады.
Бердібек Сапарбаев өз кезегінде Сағындықов көшесіндегі дәріханаға кіре кетуді де ұмытпады. Қазіргі таңдағы тұрғындар үшін өзекті болып тұрған мәселеге осылай назар аударды. Дәріханадағы өкіл Расул Ержановтан: «Дәрілер жеткілікті ме? Қазіргі індеттің алдын алуға пайдалы қандай дәрілер бар?» деп сұрады. Дәріхана өкілі ондай дәрілер тапшы екенін, қиындықтар бар екенін жасырмады. Облыс әкімі: «Бүгін Денсаулық сақтау министрімен сөйлестім. Енді барлық дәріханаларға қажетті дәрі түсе бастайды. Бірақ бір адамның «қаптап» дәрі алуына жол жоқ. Оның шектеуі болуы қажет. Осыны тұрғындарға түсіндіре жүріңіздер», – деді.
Облыс әкімі аудандық орталық ауруханаға соғып, ондағы мүмкіндіктермен, жағдайдың барысымен танысты. Қазір мұнда пневмониямен ауырған 6 науқас жатыр. Аурухана 2017 жылы жаңа рентген аппаратымен қамтылған. Одан бөлек бас дәрігер Бағила Бегманованың айтуынша, Саудакент ауылындағы аурухананың бірнеше бөлімдері күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Бердібек Машбекұлы «Байтұр-2050» сүт өңдеу цехында болып, кәсіпорынның жағдаймен танысты. Цех шетелдік сапалы қондырғылармен жабдықталған. Кәсіпорын басшысы Фатхат Шайымқұлов мұнда барлық мүмкіндік бар екенін, тек сүт өнімдері жеткілікті болуы тиіс екенін айта келіп, Жаңатастан арнайы сүт сату дүңгіршегі ашылғанына, онда қымыз бен шұбат та сатылатынына облыс әкімінің назарын аударды. Ақтоғайда мектеп жөнделіп, Жаңаталапқа су барады Мұнан соң облыс әкімі Жаңарық ауылдық округі, Ақтоғай ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан 380 орындық Ақтоғай орта мектебінің құрылысымен танысты. Мұндағы жұмыстардың барысын мердігер компания «ТаразҚұрылысинвест» ЖШС-ның учаске бастығы Сабыржан Әбдіқадіров түсіндірді. Күрделі жөндеу құрылысына «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 157 миллион теңге бөлініп, 12 мамырда жұмыс басталып, қазір құрылыстың 65 пайызы атқарылған. Құрылыстың аяқталуы тамыздың 20-ы болса да, құрылысшылар тіпті шілденің аяғына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Мұндағы жұмысшылардың да жалақысы көңілден шығады, уақтылы төленуде. Мектепті спорт залмен, футбол алаңымен қамту көзделген. Ал мектеп директоры Әмина Шегірова: «Мектебімізде 174 оқушы бар, 50 бүлдіршінге арналған шағын орталық жұмыс істейді. 79 адам еңбек етеді. Биыл 8 түлегіміз мектеп бітіріп, орташа балдары 92-ні құрады. Ауданда білім көрсеткіші бойынша екінші орында тұрмыз», – деді. Облыс әкімі мектеп құрылысын аралап жүріп, ауылдық округ әкімі Оңласын Мұқашевтен ауылдың жағдайын, тұрғындардың немен айналысатынын сұрады. «Округте 1700 тұрғын бар. 1200 егістік жер елдің игілігіне берілген. Тұрғындар мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбайұлы деген екі ауылдан тұрады. Әр ауылда клуб, емхана, пошта жұмыс істейді» деп түсіндірді округ әкімі.
Мұнан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңаталап ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жаңаталап орта мектебінің жағдайымен танысты. Көлігінен енді түсе берген облыс басшысына өз үйінің есігінің алдында ойнап жүрген 4 жасар бүлдіршін барып, сәлем берді. Облыс басшысы осылайша ауылмен танысуды 4 жасар тұрғын Мейірбек Кәрібековпен сәлемдесуден бастап: «Әй, жақсы бала, өркенің өссін! Бірдеңе шығатын бала» деп арқасынан қағып қойды. Онан соң мектепке жақын тұста жиналып тұрған ауыл ақсақалдарына сәлем беріп, мәселелерін, тілектерін тыңдады. Ауыл тұрғындары көгілдір отынның мәселесін айтты.
Жаңаталап орта мектебінің күрделі жөндеуіне 79 миллион 874 мың теңге бөлініпті. 400 орындық мектеп, 25 балаға арналған шағын орталығы бар. Қазіргі таңда 175 бала білім алып жатыр екен. Мектеп директоры Балғабай Сағындықов шағын жинақталған мектеп болғандықтан, мұнда мәжіліс залы жоқ екенін айтып қалды. Асханасы да ыңғайластырылған. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы осы тұста аудан әкіміне және мердігер компания басшысына бұрылып: «Бұлай болмайды. Мәжіліс залына, асханасына, спорт залына қаржы қарап, бітіріп беріңіздер. Бәрі қамтылуы қажет» деп шегелеп тапсырма берді. Мұнан соң облыс әкімі Б.Сапарбаев «Байсын-А» мердігерлік компаниясы жүргізіп жатқан Жаңаталап су құбыры жұмысының жобасымен танысты. Бұл су құбыры іске қосылса, Жаңаталап пен Ұйым ауылдарына таза ауызсу келеді. Бұл ретте Жаңаталапқа су құбыры үшін – 250 миллион 107 мың теңге, Ұйым ауылындағы су құбыры үшін 350 миллион 400 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда жұмыстар талапқа сай, уақытымен жүріп жатыр. Облыс әкімі Жаңаталап ауылындағы аллеяны да аралап көріп, ризашылығын білдірді. Бұл жерде 107 метрден құдық қазылып беріп, ауылдық округ әкімдігі үшін жаңа ғимарат та салынған екен. Облыс әкімі ауданға жұмыс сапарын осы Жаңаталап ауылымен аяқтап, бірқатар игі жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айта келіп, аудан әкімі Бақытжан Жақсылықовқа бірқатар нақты тапсырмалар берді.
* * *
Облыс әкімі бұған дейін Талас ауданына барған сапарында Жаңатас-Қаратау жолының 90-92 шақырымының сапасы сын көтермейтінін айтып, осы аралықты жедел жөндеуді жауаптыларға тапсырған болатын. Енді бұл жолғы сапарында Бердібек Машбекұлы сол тапсырманың орындалуын арнайы барып көрді. Бұл жөнінде біз облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Саурықовтан сұраған едік. Оның айтуына қарағанда, облыс әкімі жөндеуді тапсырған 2 шақырым жолдың сметалық құжаттары әзірленуде. Жақын арада үнемделген қаржының есебінен жөндеу жоспарлануда. Яғни, тозығы жеткен бұл жолдың да айнадай жарқырайтын күні алыс емес.
Сарысу ауданы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді