Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданына жұмыс сапарымен барды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның тұрмыс-тіршілігін көзбен көрген облыс әкімі бірнеше ауылдық округті аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ең әуелі үш мыңға жуық тұрғыны бар Ақсу ауылдық округіне атбасын бұрған Бердібек Машбекұлы ондағы «Өтеулі» шаруа қожалығының егіс алқабына табан тіреді. Алғаш рет 1998 жылы құрылған шаруашылықтың иелігінде қазір 700 гектардан аса суармалы жер бар. Оның 450 гектарына жаздық арпа егілсе, 100 гектары күздік бидай, ал қалғаны мал азығына арналған. Шаруа қожалығының жетекшісі Шәміл Сәрсенбаевтың айтуынша, өткен жылы ақ егістің өнімділігі едәуір төмен болған екен. «Биылғы ауа райы егістік үшін өте қолайлы болып тұр. Бидайдың әр гектарынан 23-25 центнерден, ал арпадан 18-20 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде күніне 25-30 гектар егіс орылуда. Сәтін салса, алдағы 20 күнде жиын-терін жұмыстарын толық аяқтап қаламыз. Ол үшін қажетті техника мен жұмысшы саны жеткілікті. Өзіміздің иелігімізде 6 трактор, 2 комбайн, бірнеше тұқым тазалағыш агрегаттар мен жерді өңдеуге арналған техникалар бар. Жалпы 10 адам жыл он екі ай тұрақты жұмыспен қамтылса, қазіргідей науқан кезінде жұмысшы санын екі есеге дейін арттырамыз», – дейді шаруашылық жетекшісі.
Айта кету керек, аталмыш шаруа қожалықтың иесі егістіктен бөлек, мал шаруашылығын да мықтап қолға алған. Жыл сайын 30 бастан аса ірі қараны бордақылау алаңына кіргізсе, уақ малдың төлдерін Меркі ауданына тұрақты түрде өткізіп келеді. Сондай-ақ қымыз бен сүтті де кәдеге жаратып отырған көрінеді. Аудан әкімі Нұржан Календеровтің сөзіне сенсек, әр ауылдан күніне 2 тоннадан аса сүт шығатын көрінеді. Өкініштісі сол, Шу ауданында сүт өңдейтін бірде-бір өнеркәсіп жоқ болып шықты. Жаңа жол ауылдық округінде жалғыз ғана «Айшот» ЖШС болса, қазіргі кезде оның да жұмысы тұралап тұр. Өйткені аталған серіктестік сүттің әр литрін 60 теңгеден алуға ниетті. Ал Меркі ауданынан келетін кәсіпкерлер сүттің литріне 80-90 теңгеден ұсынуда. Осыған байланысты облыс басшысы Б.Сапарбаев аудан әкімі Н.Календеровке аталған мәселені жуық арада шешу керектігін жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімі дәл осы ауылда орналасқан «ҚазМия» зауытына бас сұқты. Өндіріс орны негізінен тамыры табысқа толы мия өсімдігін өңдеп, одан шығатын ұнтақ түріндегі шикізатты Жапонияға жөнелтумен айналысады. Бүгінде сұраныстың жоғары болғанына қарамастан, мұндағы жағдай да мәз емес. Ондағы басты себеп – шикізат тапшылығы. Дәлірек айтсақ, кейінгі жылдары жергілікті жердегі мия тамырының сапасы тым төмендеп кеткен. Осыған байланысты серіктестіктің иелігіндегі 250 гектар жерге егілген мия өсімдігінің сапасын анықтау мақсатында мия тамыры Жапонияға жіберіліпті. Жапондық технологтардың жауабы жуық арада белгілі болмақ. Егер оның сапасы дайын өнім шығаруға жарамды болса, серіктестік алдағы уақытта мия өсімдігін өсіретін алқаптың көлемін бірнеше есеге арттырмақ. Облыс басшысы Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылында болып, ондағы фельдшерлік-акушерлік пункт пен Ы.Алтынсарин атындағы мектептің де бүгінгі жай-күйін көзбен көрді.
Тірек ауылында атқарылған тірлік көп
Өңір басшысының аудандағы жұмыс сапары одан әрі Ескі Шу ауылдық округінде жалғасын тапты. Ол ауылдағы магистральды каналдың оң жағалауында орналасқан көкөніс өнімдерін тамшылатын суару жүйесімен танысты. Мұнда Қордай ауданынан келген дүнген ұлтының өкілі Лукмар Сандуровтың айтуынша, Шу ауданына биыл қордайлық 467 дүнген отбасы келіпті. Баптай білсе жер-ананың жомарт екеніне әбден көз жеткізген дүнгендер аталмыш ауылдық округтегі 8300 гектар жерге пияз еккен. Олар өнімділігі жоғары болғандықтан, түркиялық «манас» тұқымын сеуіпті. Л.Сандуровтың агротехникалық талаптардың барлығын сақтап, тамшылатып суару әдісімен еккен жуасы жұртшылықтың көз жауын алатындай-ақ бітік шыққан. Оның айтуынша, пияздың өнімділігі мен сапасын арттыру үшін қымбат болса да ресейлік селитраны себеді екен. Ал өзіміздің өңірден шығатын селитраның майлылығы жоғары болғандықтан, оны диқандардың басым бөлігі ала бермейтін көрінеді. «Биыл 3 отбасы 150 гектар алқапқа пияз егіп отырмыз. Жоспар бойынша әр гектардан 80 тонна өнім шығуы тиіс. Тамыз айындағы жиын-терін жұмыстарынан кейін өнімнің бір бөлігін сатып, қалғанын қысқа сақтап қоямыз. Ол үшін сыйымдылығы 500-800 тоннаға арналған арнайы қоймаларды әзірлеп қойдық. Сонымен бірге ала жаздай жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмысқа тартып, еңбекақыларын күнделікті беріп жүрміз» – деген қордайлық азамат өңір басшысына жан-жақты қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Б.Машбекұлы дәл осы ауылда орналасқан Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен және өткен жылы ғана пайдалануға берілген «Белбасар» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бой көтерген білім ошағының тозығы жетуіне байланысты бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалық құны 116 миллион 104 мың теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарына «Ник-Тараз» ЖШС жауапты екен. Мұндағы жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, биылғы оқу жылына дейін толық аяқталуы тиіс. Дегенмен қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылып үлгеріпті. Өз кезегінде облыс әкімі мердігер компанияға нысанды дәл уақытында аяқтауды тапсырды. Жалпы Ескі Шу ауылдық округіндегі Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіре айтуымыз да бекер емес. Өйткені тоғыз жолдың торабындағы жалғыз тірек ауылы саналатын Белбасардағы атқарылып жатқан тындырымды тірліктерге қарап сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Солардың бірі ретінде былтыр ғана ел игілігіне берілген «Белбасар» спорт кешенін айтуға болады. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды екен. Кешеннің төменгі қабатында орналасқан әмбебап спорт залда келушілерге спорттың кіші футбол, волейбол және баскетбол сынды түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Ал екінші қабатта бокс пен күрес залдары орын алған. Ал мұндағы құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізіпті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленовтің айтуынша, «Белбасар» мәдени-спорт кешенінің әкімшілік бөлмесі мен спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай соғылыпты. Жалпы құны 500 миллион теңгені құраған тамаша нысанды осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Болат Сауранбаев өз қаражатына салып, ауылдастарына тарту еткен екен. Нысанды аралап көрген өңір басшысы жырақта жүрсе де өзі туып-өскен ауылдың кем-кетігін түгендеп жүретін Болаттай азаматтар өзгелерге үлгі болу керектігін айтты. Одан бөлек, ауыл ақсақалдарының айтуынша, Белбасар ауылына өткен жылы типтік үлгімен медициналық пункт соғылған. Бір өкініштісі, бұл нысан әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған. Оған қоса, суы да тартылмапты. Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі аудан атқамінерлеріне нақты тапсырма берді. Ауданға қарасты бірқатар ауылдарды аралап шыққан аймақ басшысы түс қайта Шу қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайымен танысып, одан кейін Алға ауылдық округіне атбасын бұрды. Б.Машбекұлы мұнда 25 гектар аумақты алып жатқан тұрғын алқабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын көзбен көрді. Аудан әкімі Н.Сәбитұлының сөзінше, алқапқа электр желілері толық орнатылыпты. Алдағы уақытта ауызсу тарту жұмыстары аяқталмақ. Келесі кезекте табиғи газ кіргізу ғана қалған. Алайда өңір басшысы мұндағы жұмыстар рет-ретімен жүргізілмесе қаржының желге ұшу ықтималдылығы жоғары екенін ескертті. «Шу ауданында тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдерінің көлемі едәуір үлкен. Бірақ ондағы инфрақұрылым жұмыстарын орналасқан жеріне қарай жүзеге асыру қажет. Өйткені қазір мұнда барлық жағдайды жасағанымызбен, тұрғындар ертең бұл жерге келмей қоюы да мүмкін. Сондықтан ең әуелі жарық пен ауызсу мәселесін шешіп, артынша барлық жерді кезекте тұрған тұрғындарға үлестіріп беру керек. Кейіннен жергілікті әкімдік тұрғын үй алқаптарын өз бақылауында ұстасын. Егер берілген жер телімдеріне соғылған үйдің саны 80 пайызды құраса, бірден көгілдір отын мен жол салу жұмыстарын бастау керек», – деді облыс әкімі. Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын дәл осы Алға ауылдық округіндегі Амангелді атындағы орта мектеп апатты жағдайда деп танылған. Осыған байланысты ағымдағы жылдан бастап бұл ауылда жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Құны 844 миллион 689 мың теңге болатын білім ошағы ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталуы тиіс. Өз кезегінде облыс басшысы жауапты мердігер «Лидер НК» ЖШС-на құрылысты жылдам әрі сапалы жүргізу керектігін тапсырды. Сонымен бірге өңір басшысы осы ауылдағы күн электр станциясында да болды. Күніне 500 мегаватт электр қуатын өндіріп жатқан нысан өз өнімін «KEGOK» АҚ-ның «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу қаржы орталығы» ЖШС-на өткізуде. Серіктестік басшылары алдағы уақытта станцияның аумағын кеңейтіп, өндіретін электр қуатын да едәуір арттыруды көздеп отыр екен.
Қос мердігерге де қылмыстық іс қозғалған
Бердібек Сапарбаев аудандағы жұмыс сапары барысында Шу қаласының батыс мөлтек ауданындағы тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған «Жайсан» тұрғын үй алқабының 35/10 қосалқы станциясында болды. Білуімізше, алғашында бұл станцияның қуаттылығы қаланы жарықпен қамтамасыз етуге толықтай қауқарлы болған. Десе де, бүгінгі күні Шу қаласы күннен-күнге өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы артқан сайын, тиісінше электр қуатына деген қажеттілік те арта түсіпті. Қысқаша айтқанда, электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар көбейіп, осыдан ширек ғасыр бұрынғы жарыққа деген қажеттілік қазір екі есеге дейін өсіп отыр. Осыған байланысты оның қуаттылығы қазіргі кезде қаланы түгел қамтуға жетпей тұрғандықтан, Шу қаласына тағы бір қосалқы станция соғу қажеттілігі туындауда. Тиісінше, мұның зардабын 40 мыңға жуық қарапайым тұрғындар тартуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, «Дайана ПКФ» ЖШС қосалқы станция соғуды қолға алған. Ол үшін облыс қазынасынан 52 миллион 748 мың теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен 474 миллион 732 мың теңге қарастырылған. Өкініштісі, қосалқы станция соғуды өз жауапкершілігіне алған жауапты мердігер жұмысты толық аяқтамай, әлі күнге созбалаңға салып келеді екен. Қазіргі кезде аталмыш мердігер басшыларына қылмыстық іс ашылған. Сонымен қатар Шу қаласындағы шайынды су қондырғылары мен кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарында да дәл осындай кемшіліктер орын алыпты. 2010 жылы басталған құрылыс жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Мұнда да мердігер «Компания Догду Бильд» ЖШС өз ісіне салғырт қарап, құрылыс жұмыстарының 30 пайызын аяқтамай отыр. Аталмыш мердігердің де үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде екен. Осыған орай, облыс әкімі аталған қос нысанға қатысты мәселелер бойынша қазірден бастап тиісті шараларды қолға алып, тұрғындардың талап-тілегін орындауға көшу керектігін жеткізді. Бұдан бөлек, шешімін күткен мәселелер Шу қаласындағы емханада да бар болып шықты. Қалалық емхананы аралап көрген өңір басшысына дәрігердің кезегінде отырған бірқатар тұрғындар мұндағы кемшіліктерді жайып салды. Дәлірек айтар болсақ, емханадағы рентген мен флюорография кабинеттеріне құлып салынғанына біраз болыпты. Өйткені бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде қажеттілігі тым жоғары қос құрылғы да жұмыс істемей тұр. Емхана басшылығының сөзіне сенсек, аталған екі құрылғының да жұмыс істемеуіне электр желісіндегі тоқ кернеуінің тым төмендігі себеп болып отыр екен. Облыс әкімі бұл түйткілді аудан әкімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жуық арада шешуді тапсырды. Аймақ басшысы аудандағы жұмыс сапарының соңында «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылысы мен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды көріп қайтты. Жол жөндеу жұмыстарына жауапты «Син-Синь» ЖШС мен «АБК-Автодор НС» ЖШС өздеріне тиесілі жолдың құрылысын бір мезетте бастап, бүгінде бірқатар жұмыс атқарып үлгерген. Мұндағы мердігерлер жыл соңына дейін Меркі мен Шу аудандары арасындағы жолдың бір жолағын пайдалануға беретінін айтқан еді. Алайда облыс әкімі мұндағы жұмыстың баяу жүріп жатқандығын сын тезіне алып, құрылысты дер кезінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтағы жұмыстар да сиырқұйымшақтанып кеткен. Облыс әкімінің айтуынша, мұнда жүзеге асырылатын жобалардың барлығы да өз уақытынан кешігуде екен. Сол себепті де аудан әкіміне аталған жұмыстарды бақылауға алып, экономикалық аймақтың басшылығымен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді