Еңбек қақтығыстарын шешудің айла-шарғысы қандай? Қайтсе мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге болады? Міне, осындай өзекті мәселе облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен «дөңгелек үстел» отырысында кеңінен талқыланды. Басқосуға жергілікті атқарушы органдар, кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдар, ірі өндірістік кәсіпорындардың заңгер мамандары, құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері, мәслихат депутаттары, медиаторлар, ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынға модераторлық еткен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова бүгінгідей дүниежүзілік дағдарыс заманында көтеріліп отырған мәселенің өте өзекті екендігін айта келіп, қатысушыларды еңбек қақтығыстарын шешу бағытында еркін пікір алмасуға, салиқалы сұхбат құруға шақырды. Бірінші кезекте сөз алған облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Мұхаметқали Туғанбаев «Еңбек қатынастарын реттеу және алдын алу» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде еңбек дауларының алдын алудың тиімді жолы келісім комиссияларының жұмысын жандандыру, тараптар арасында келіссөздер жүргізу екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар баяндамашы өңірде 26 көрсеткіш бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыратындығын, биыл облыста еңбек дауларының тіркелмегендігін айтты. Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік апелляциялық сот алқасының судьясы Уалиға Кайманова «Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастары мен құқықтары сот тәжірибесінде» тақырыбын кеңінен талдап берді. Ол өз сөзінде Жуалы ауданында жұмысынан босап қалған бір мектеп директорының сот шешімімен екі рет қызметіне қайта келгенін мысалға келтірді. Еңбек қақтығыстарының алдын алудағы негізгі мәселе сол мекемедегі заңгерлердің білімділігі мен біліктілігіне тікелей байланысты екенін де жасырмады. Себебі, кейбір заңгерлер «ертең жұмыстан босап қалар жайым жоқ» деген пенделік пиғылмен жұмыс берушінің сойылын соғып кететін көрінеді. Басқосуда сондай-ақ, Астана қаласындағы «Қоғамдық пікір» зерттеу институты директорының орынбасары Айнұр Мәжитова облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысымен өңір кәсіпорындарында әлеуметтік шиеленіс пен еңбек даулары және қақтығыстардың орын алу деңгейін анықтауға арналған әлеуметтік зерттеу шараларының қорытындысымен таныстырды. Басқарманың бастамасымен мұндай зерттеу шаралары алдағы уақытта да жүйелі жүргізілетін болады. Дөңгелек үстел отырысында өзге де бірқатар азаматтар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Оның бәріне нақты жауаптар берілді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді