Нұр-Сұлтан — болашағы жарқын қала

7

Ілияс ТОРТАЕВ,
қоғам қайраткері:

«Жамбылжолқұрылыс» ААҚ елорда құрылысын жандардыруда, арман қаланың ажарын ашуда көп еңбек сіңірді. 1997 жылы бұл мекеме елордадағы үкіметтік нысандардың, аэропорт, қала көшелері, үлкен жолдарды салуға белсеніп кірісіп кетті. Келесі жылы аэропорттың 6,2 шақырым болатын жолын реконструкциялауды қолға алып, елорданың орталық көшелерінде де өз қолтаңбасын молынан қалдырды.Одан беріде қаржы министрлігі басқармасының ғимаратын, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрын, 132 пәтерлік үй салуға, Астанаға келетін ірі жолдардың құрылысын, Есіл өзені жағалауларын асфальттау жұмысын жүргізуге өз үлестерін қосты. Әрине, енді ғана таныла бастаған мекеменің осыншама үлкен тірліктерді атқаруға жалғыз өзінің қол жеткізе алмайтыны анық қой. Бұл жағынан елімізге белгілі азамат, көптеген жылдар бойы Қазақ ССР-інің және тәуелсіз еліміздің көлік министрі қызметін атқарған Шәміл Бекболатовтың көп көмегі тигенін Алладан да, адамнан да жасыра алмаймын. Шәміл Хайруллаұлы еліміз тәуелсіздік алған жылдары жол құрылысы саласының құлдырап кетпеуіне бар күш-жігерін салып, талай талантты инженер мамандарды тәрбиелеп шығарған білікті басшы. Астана құрылысын жүргізуде ешкімді алаламай, мықты деген құрылыс мекемелерінің бәріне жұмыс тауып беріп отырды. Сол кісі басқаратын «Қазақстан жолдары» АҚ бас мердігер болса, «Жамбылжолқұрылыс» қосымша мердігер ретінде Астананың көркеюіне зор үлес қосты. Түркістанның 1500 жылдығы, Тараз қаласының 2000 жылдық тойларының дайындық жұмыстарында да алдыңғы қатардан жарқырап көріне білді. Алакөлдің бойынан да үлкен құрылыстар жүргізді.

Жалпы алғанда жамбылдық ағайындар елорданың көркеюіне зор еңбек сіңірді. Соның бірі ретінде — Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында Жамбыл облысының әкімдігі осынау әсем шаһардың орталығынан саябақ салып, төріне даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнатқанын айта кетуге болады. Нұр-Сұлтан – еліміздің бас қаласы болғаннан кейін есімі еліміздің тарихында қалған, еліне ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер қойылады және олар қаланың көрнекті жерлері мен көшелерінде, халық көп жүретін орындарда бой көтереді. Ендеше алдағы уақытта да елордамыздың дамуына, гүлденуіне Жамбыл жұртшылығы жандарын аямай, барынша қол созатыны сөзсіз. Нұр-Сұлтан болашағы жарқын қала.

Comments are closed.