Редакцияға қоңырау шалған Тараз қаласы, «Жансая» (11) шағын ауданы №3 үйдің тұрғындары өздерін мазалап жүрген мәселелерін айтты. Осы үйде соңғы 15 жылдан бері тұрып келе жатқан Бақыт Көкрекбаеваның айтуынша, қазір тоғыз қабатты үйдің сыртын сырлау, әрлеу жұмыстары жүріп жатыр екен.
– Шыны керек, жұмыс басталғанда қуанып-ақ қалдық. Өйткені соңғы рет 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында үй сырты сырланған болатын. Енді араға бес жыл салып, қайта сырлау жұмыстары жүргізілуде. Алайда неге екені белгісіз қала әкімдігі тарапынан демеушілер табылып қолға алынған жұмысты жасап жатқандар үйдің үш қасбетін ғана сырлап, аулаға қараған бетін сырламай жұмысты жарты жолдан тастап, келесі үйдің сырлау жұмыстарын бастап кетті. Мән-жайды білгенімізде сыр (краска) жетпейтін көрінеді. Егер олай болса сырлауды неге бастады екен? Тым болмаса алдымен бір үйді толық сырлап барып, содан кейін екінші үйдегі жұмысты бастау керек еді ғой. Сондай-ақ үйдің жанынан жеке кәсіпкер жер телімін сатып алып, құрылыс жұмысын бастап кетті. Бұрындары бос жатқан бұл аймақта баспалдақ болатын. Енді амал жоқ үлкен көшеге шығу үшін үйді айналып өтетін болдық, – деді Бақыт Көкрекбаева. Тұрғындар телефон шалған соң, арнайы барып көріп қайттық. Расында сырлау жұмысы толық бітпеген. Үйдің үш қасбеті ғана сырланған. 1980 жылы пайдалануға берілген 36 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй ешқандай ПИК-ке қарамайды, кондоминиум да жоқ. Жертөле мен шатырдағы жаңғырту жұмыстары мен подъездегі жарық, терезені ауыстыру тек тұрғындардың өз күшімен жүргізіліп келеді екен. Лифтінің де жиі бұзылатындығын ескерсек, оны да қалпына келтіру тұрғындардың қалтасына түсіп отыр. Үй комитетінің төрағасы Бағдат Тұрғынбеков жалпы ауланы абаттандыру шаралары қолға алынатындығын айтты. Бірақ ол жұмыстар шағын ауданның ішкі аулаларында ғана жүргізіліп, қатар тұрған тоғыз қабатты үш үйдің ауласы сырт қала ма деген қаупін де жасырмады. «Мынау сырлау жұмыстары үйдің төрт қасбетінде де жүргізілсе дейміз. Жартылай қалып кетсе, оны ертеңгі күні кім түгендер екен?» – дейді Бағдат Тұрғынбеков. Біздің әңгімемізге №2 үйдің «домкомы» Лилия Феодоровна да араласты. Оның айтуынша бүгінгі күні иесіз көпқабатты тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстарын жүргізу қиын болып отыр екен. Егер қала әкімдігінен демеушілер табылмаса, бұл жұмыстарды қандай да бір бағдарлама аясында жүргізуге көмек болса екен деген тілегін де айтты. Бұған қала әкімдігі не дер екен? Дегенмен, бүгінгі күні облыс әкімінің тапсырмасына сай облыс орталығындағы осындай қасбеті сырланатын магистральды көшеде орналасқан 41 үйдің тізімін анықтаған «Тұрғын жай жөндеу Тараз» ЖШС директоры Самат Мырзалиевке хабарласқан едік. – Басында 41 үй анықталғанымен, оның бесеуінде қажеттілік болмағандықтан 36 үйдің қасбетін сырлау қолға алынды. Бұл жұмыстар мердігер компаниялардың демеушілігімен жүзеге асуда. Ал сіз көтеріп отырған тоғыз қабатты үйлер бойынша мәселе бар. Өйткені бұл үйлерде сырлау жұмыстарын жүргізу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыдан альпинистерді шақырып отырмыз. Олардың жұмысы қымбаттырақ. Мысалы, тоғыз қабатты үйдің бір беті толықтай мың шаршы метр. Ал оған кететін шығын кемінде 1 200 000 теңге болып тұр, – дейді Самат Мырзалиев. Иә, қалай дегенде де «Біткен іске сыншы көп» дейміз-ау. Ал жартылай біткен жұмысқа не айтарыңды да білмейді екенсің. Енді тұрғындардың бұл шағымын Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев назарға алып, мәселені оң шешуге ықпал етер деген үміттеміз.
Ерман ӘБДИЕВ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді