Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, дала жұмыстарының жай-күйімен танысты.
Бүгінде табиғаты шырайлы, жері шұрайлы аталған аудандағы дала төсін емген шаруалар қызу тірлікке бел шеше кірісіп кеткен. Жуалылық диқандар жыл сайын көл-көсір өнімге қол жеткізіп, қамбаларын толтырып алады. Бұған әуелі өздерінің еткен еңбектерімен жетсе, екінші жағынан мемлекет тарапынан берілетін көмек те оң септігін тигізуде. Ауданға ат басын бұрған аймақ басшысы ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оң бағасын берді. Бердібек Машбекұлы алдымен Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-на барды. Егор Кох басқаратын серіктестік негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мал азығын да өздері дайындайды. Айта кетерлігі, шаруашылық бүгінде 600 гектар жерге арпа-бидай егіп отыр. Ондағы өнімді жазда орып алып, орнына жүгері егеді екен. Сонда бір жерден екі өнім алады. Серіктестіктің бұл бастамасын өңір басшысы жоғары бағалап, жұмыстарына табыс тіледі. Облыс әкімі осы ауылдағы «Бәйтерек» шаруа қожалығына да барды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын қожалықтың негізгі егетін көкөніс түрі орамжапырақ екен. – Қазіргі таңда шаруашылық құрамында 7 отбасы еңбек етеді. Басты егетініміз «пекиндік» және жергілікті орамжапырақ сұрыптары. Көкөніс 11 гектар аумақты алып жатыр. Оған сұраныс та жоқ емес. Жыл сайын көршілес Түркістан облысы мен өзіміздің аймақты қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар 10 гектар жерге қосымша картоп пен сәбіз де егеміз. Су жағынан ешқандай мәселе жоқ, – дейді шаруа Бақтияр Қалыбеков. Қожалықтың егіс даласымен толықтай танысып шыққан Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан берілетін субсидия мәселесін сұрады. Аймақ басшысының сауалына аудан әкімі Нарбай Ергебеков жауап беріп, диқандар тыңайтқыш пен жанар-жағармайды субсидия арқылы еш қиындықсыз алатынын жеткізді. Бұдан соң өңір басшысы Шақпақ ата ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан ауызсу құрылысының жүйесіне қанықты. Бүгінде құрылысын «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС жүргізіп жатқан нысанға биыл республикалық бюджеттен 164,1 миллион теңге бөлінген. Осы жылдың сәуір айында басталған құрылыс келер жылы толықтай аяқталмақ. Бердібек Машбекұлы мердігер компания өкілдеріне жұмысты талапқа сай жүргізілуін ескертсе, аудан әкіміне сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Келесі кезекте аймақ басшысы қысқы және жазғы спорттық демалысқа арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешенінде болды. Бүгінгі күні кешен аумағына инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Сонымен қатар арқан жол мен 20 коттедждің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша кешеннің құрылыс жұмыстары қазан айында толық аяқталуы тиіс. Келесі кезекте демалыс аймағының жұмысын үйлестіру үшін арнайы техника алу көзделіп отырған көрінеді. Дегенмен аймақ басшысы кешенге жеке кәсіпкерлердің қызығушылығы бар екенін тілге тиек етіп, сату мәселесінің де қаралатынын жеткізді. Себебі, кешенді жеке кәсіпкерге беру екі жаққа да тиімді екен. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығының егіс даласына барды. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев 70 гектарға картоп, 100 гектарға арпа, 147 гектар алқапқа көпжылдық шөп егетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ ол картопқа органикалық тыңайтқыштар қолданатынын атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі қожалықтың бұл тәжірибесін жоғары бағалап, өзге шаруаларға да үлгі ету қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы «Боранды» шаруа қожалығының еккен мақсары дақылының жай-күйімен танысты. Жалпы, 50 гектар жерге егілген дақылдан қожалық жетекшісі мол өнім алуды жоспарлап отырған көрінеді. Қожалыққа өнімді өткізу де мәселе емес. Себебі, өндірілген өнімді алысқа сабылмай-ақ аудан орталығындағы май өңдеу цехына өткізеді. Дейтұрғанмен аймақ басшысы аудан әкімі Нарбай Ергебековке сол май өңдеу цехының жұмысын «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Қызыларық ауылындағы «Қуана-Бер» шаруа қожалығының да тыныс-тіршілігіне қанықты. Өткен жылы құрылған қожалық биыл 11 гектар жерге сарымсақ егіпті. Алғаш рет ат шаптырым жерге сарымсақ еккен қожалық басшысы Жарқын Қалтаевтың алға қойған жоспары айқын. Өйткені сарымсақ арқылы мол пайда табуға болатынына көзі жеткен ол болашақта өнімінен ұнтақ жасауды жоспарлап отыр. Диқанның еңбегіне жоғары бағасын берген аймақ басшысы аудан әкіміне сарымсақ егетін шаруалардың санын көбейту туралы ұсынысын жеткізді. Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Ақтөбе ауылындағы «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде қорытындылады. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобасы арқылы жұмысын жандандырып отырған кооператив арпаны – 1045, көпжылдық шөпті – 328 гектар, 50 гектар алқапқа сүрлемдік жүгері егіпті. Бірлестік басшысы Зайырбек Сұлтанмұратовтың сөзінше, пилоттық жоба бойынша 93,8 миллион теңгеге алынған техника арқылы аталған жерді оңай игеріп отырған көрінеді. Сонымен қатар жоба аясында үй іргесіндегі жер де тиімді игеріліп, мал басы мыңдап артыпты. Дегенмен облыс әкімі кооперативке үлкен сенім артылып отырғанын баса айтты. Сондай-ақ ол бірлестікке күзде арнайы атбасын бұратынын тілге тиек етіп, жұмысты әлі де жандандыра түсу қажеттігін жеткізді. Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді