«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Байланыс аясындағы» баспасөз хатшылары

«Байланыс аясындағы»  баспасөз хатшылары
ашық дереккөз
«Байланыс аясындағы» баспасөз хатшылары

Халыққа дұрыс әрі нақты ақпаратты дер кезінде жеткізудің арғы жағында журналистерден бөлек тағы бір топ – мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының да табанды еңбегі жатқанын былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Тынымсыз әрі мазасыз жұмыс. Қиындығы өз алдына, БАҚ өкілдері сұраған сауалдың өзектілігін сала басшыларына түсіндіріп, жауабын жедел дайындап беру жауапкершілігінің өзі жеңіл емес. Әр уақытта едел-жедел ақпар таратып, бұл міндетті мүлтіксіз атқару оңайға соқпайды.

Әйтсе де өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралына қажетті мәліметті дер кезінде беріп, өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты орындайтын баспасөз хатшылары бар. Әрдайым «байланыс аясынан тыс» қалмайтын жауапты мамандардың көмегінің арқасында журналистер көпшілікке көптеген түйткілдің аражігін ажыратып айтып, жазып жүр. Солардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаеваны, білім басқармасының БАҚ-қа жауапты маманы Әйгерім Иембердиеваны атап өтуге болады. Жалпы, осы екі салаға қатысты мәселелерде тілшілер қауымының сұрақтарының жауапсыз қалған кезі аз. Өзі де кезінде телерадио саласында тұшымды хабарлар жасап, ақпарат айдынында қаламының қарымымен танылған Толқын Өмірбаева бүгінде денсаулық сақтау саласындағы баспасөз қызметінің жұмысын тиімді үйлестіріп отыр. Медицинаға қатысты мәселеге келгенде қай уақытта да жауабы дайын. Кез келген емдеу мекемесінің бас дәрігері мен мамандарынан сұраған деректі уақтылы алып беріп, сұхбатты ұйымдастырып беруге әзір. Ұсынған мақалаларының сапасына айтар сын жоқ. Басқарма басшыларының бұл қызметке баса мән беріп, сала қызметкерлерінің алдында баспасөз хатшысының мәртебесін айқындап қойғанын осыдан-ақ байқауға болады. Мақалаға тұздық: Былтыр елімізде БАҚ туралы заңда алғаш рет баспасөз хатшысы мәртебесі айқындалды. Соның арқасында бұл санатты департамент директоры деңгейіне дейін арттыру туралы мәселе көтерілді. Медицинадан кейін тұрғындар тарапынан түсетін сауал мен шағымның көбісі білім саласына қатысты болатыны түсінікті. Мәселе туындай қалса, тілшілердің көкейкесті мәселенің жауабын іздеп, тиісті басқарманың басшыларын іздейтіні де содан. Ал Әйгерім журналистің қызы болған соң, уақыттың қауырт екенін ол айтпай-ақ біледі. Керекті мамандардың телефон нөмірлерін тауып беріп, қажет деректі тезірек жіберуге тырысып бағады. Өз ісіне жауапты. Кез келген хабарды жұртқа жеткізуде жеделдік қажет. Қазіргідей ақпараттық технология күн санап дамыған заманда журналистерге жаңалықты кешіктіріп берудің өзі сын. Сондықтан тілшілер «әне-міне» деп сөзбұйдаға салуды қаламайды. Баспасөз хатшыларының жауапкершілігі осындайда таразыланады. Біз атап өткен мамандар өз ісіне жауапты, міндеттерін де мүлтіксіз атқарады. Жалпы облыста баспасөз қызметінің жұмысын жүйелі жолға қойған мекемелер баршылық. Мәселен, жаға ұстатар жағымсыз жайттарды жасырмай, тиісті сала басшыларынан сұхбатын ұйымдастыруға септігін тигізіп жүретін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілердің белсенділігін айтып өтуге болады. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында да бұл жұмыс дұрыс жолға қойылған. Олардың жетекшілерінің жұмысы былтыр БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесінде атап көрсетіліп, лайықты бағаланған болатын.

 

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар