- Advertisement -

Жеті мың студенттің бет-жүзін, аты-жөнін жатқа білген Қожакеев

145

- Advertisement -

Маханбетәлі Дүйсебаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бүгінде жерортадан асқан біздің замандастарымыздың мектепте де, жоғары оқу орнында да мұғалім-ұстаздардан салымы болды ғой деймін. Деймін емес, расының өзі де солай. Мәселен, жетпісінші жылдардың басында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқитын біздерге академик М.Ғабдуллин,филология ғалымдарының докторы З.Қабдолов, Ш.Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматовпен Мәскеудегі Қызыл профессура институтында бірге оқыған профессор С.Ерғазиев,Сталиннің қызы С.Алулиевамен халықаралық қатынастар институтында бірге оқыған Бәженов, Ломоносов университетін бітірген Ө.Шәріпов, экономист-ғалым Л.Горенман және басқа да ұлық ұстаздардан дәріс тыңдадық.
Сондай-ақ журналистика факультеті кафедраларындағы профессор-оқытушылар Х.Бекқожин, Т.Амандосов, З.Тұрарбеков, Т.Қожакеев, Ә.Ыдырысов, С.Мазғұтов қазақ баспасөзінің мамандарын даярлауға тыңнан түрен салып жүргендей көрінетін.
Ал осынау ұстаздар қатарында филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожакеев бүгінгі журналистер мерекесіне орай өз алдына әңгіме етуге әбден тұрарлық тұлға. Олай дейтініміз, аталмыш факультет жұмысының жандануы дәл осы бір азаматтың оған декан болып келуімен тікелей байланысты десек,еш жаңылыспаймыз. 1972 жылдың көктемінде сырттай оқытатын бөлімінің деканы болып Темірбек Қожакеев тағайындалды. Бірақ деканның өзінен гөрі «ұзынқұлақтардан» ол туралы дүңк-дүңк хабарлар ерте жетті. Соның бәрінің айтатыны – Қожакеев қатал мұғалім. Сол сияқты бұл деканның соғысқа қатысқандығы, негізі Жамбыл облысының Меркі ауданынан екендігі, тіпті Алматыда қай үйде тұратындығы, әрісі докторлық диссертациясын қорғауға мұндағылар жол бермей, Бакуден бір-ақ шыққандығына дейін естіп-біліп жаттық.
Шындығында да бұл декан қатал болып шықты. Ә дегеннен студенттердің лекцияларға қатысуы мен жатақханадағы қоғамдық тәртіпті сақтауына баса назар аударды. Бұлай «назар аударды» дей салу Қожакеев жүргізген тәрбие жұмыстарына дәл баға да бола алмас. Дұрысы – ол әрбір студенттің лекцияға 15 минуттан артық кешіккендеріне ескертуден бастап, стипендиядан, жатақханадан айыруға дейін барды. Оқытушылардың да кешікпей дәріс оқуына бақылауды күшейтті.
Дегенмен Қожакеевке дейін ұзын арқан, кең тұсауға үйреніп қалғандар қатал тәртіпке көндіге алмай сыр беріп жатты. Солардың бірі бізден кейінгі курста оқитын Рахымжан болып шықты. Ол лекцияға барғысы келмей оқу ғимаратының жанындағы скверде отырса, оны жұмысқа келе жатқан Қожакеев байқап қалып: «Сен бала не қылып отырсың?» – демей ме. Сөйтсе анау, көп студенттің ішінен қайдан тани қояр дейсін дегендей үлкен сеніммен: «Ағай, мен СХИ-да оқимын, мұнда бір жолдасымды күтіп отырмын» – десе керек. Декан да жайбарақат қалыппен: «Әй, Өтемісов, сен онда ертең деканатқа кел, мен сені сықитып СХИ-ға ауыстырып қояйын» – деген ғой… Темкең осылай әрбір студенттің аты-жөнін ұмытпай, түрін түстеп те жүретін еді.
Осындай жайттарды айтып отырып, өзімнің де Қожакеевтің алдынан бір-ақ шыққаным еске түседі. Бірде жоғары курста оқитын жерлесім: «Сен білесің бе,мен кейбір иығын беріп жүретіндерді «Қожакеев өзіміздің тәтеміз» деп қорқытып қоямын. Сен де сөйт, кіммен жаға жыртысып жүресің?» деп ақыл қосқаны. Оның бұл сөзінің жаны да бар-ды. Сол тұста да иығын беріп жүру «дәстүрлі ойындай» көрінетін. Не керек, бір отырыста мен жерлестің «ақылын» малданып: «Қожакеев өзіміздің тәтеміз. Сенбесеңдер машинасының сериясына дейін «ДЖЖ» деп бөсейін.
…Ертесіне деканның алдында тұрдым. Кірсем декан әлдеқандай қағаз толтырып жатқандай. Қасында бір кісі отыр. Менің келгенімді білсе де біраз шама қағаздан бас алмады. Бір уақытта көзілдіріктің үстінен қарап: «Кел, қасқа, сен мені «тәтем» дейтін көрінесің, айтшы, сені бұдан бұрын қай жерде көрдім? Әлде табақтас болған жайымыз бар ма? Сен «тәтем» деп не тантып жүрсің, маған осыны түсіндірші» – деп жанартаудай жарқылдап кетті. Мұнда келісімнің мәнісін ішім шым-шым сезетіндей. Бірақ жігіттерді қорқытқалы ауыздан шығып кетті деп қайтіп айтамын. Декан қайта маған бұрылып: «Мына жұмыс үстінде шақырып қалғанымды көрдің бе?! Болмаса, тәтеңмін бе, басқамын ба біліп шығатын едің. Сен «басқа пәле-тілден» дегенді білесің бе?.. Ендеше, біліп жүр (қолымен көрсетіп), екі елі ауызға – төрт елі қақпақ, бар» – деді.
Барғанда салым суға кетіп жатақханаға келдім. Жігіттерге ештеңе демедім. Олар да еш сыр бермеді.
Осы орайда базбірде қиялға шомып, Қожакеев ғайыптан оқу министрі бола қалса, тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда не қазақша, не орысша, не ағылшынша, не латынша оқытып жарытпай, не сапалы оқулыққа жарымай деліқұлы хал кешіп тұрған мектеп жүйесін әрі кеткенде 30 айдың ішінде «айды аспаннан шығарып», кернеуі кең, кенеуі келісті бір арнаға салып берер еді-ау деген ойға қаламыз.
Иә, ілгеріде жұрт баласын молдаға «сүйегі менікі, еті сенікі» деп береді екен дегенді естіп өстік. Кейде Қожакеевтің өзіміз көрген қаталдығы соған ұқсай ма деп те қаласың. Қалай болғанда да Темкең декан болған жылдардағы студенттердің ата-аналары ұстазға дән риза деп білеміз. Темкең жыл сайын бес жүз студенттің әкесі де, шешесі де болды. Өзі қаталдық көрсеткенімен, өзгелердің жазалауына жол бермеді. Шәкірттерін бағалай білді. Олардың әрбірінің көзінен от көргісі келіп тұрды, жанам деген жүрекке от бергісі келіп тұрды. Тауып сөйлегендер мен ақиқатты айтқандарға төбесінен жай берді және оларды үнемі демеп, қолдап отырды, жалпы, шәкірттеріне деген мейірімі шексізді. Керісінше, жалған сөйлейтіндер мен жағымпаздарға еш төзбейтін. Сайып келгенде, қаталдығы «Түйе баласын қарпып сүйеді» дегендей ғана болатын.
Бүгінгі қазақ журналистикасын өрге сүйреп келе жатқан шәкірттері ұстаз үмітін ақтамай қалған жоқ. Егер тәуелсіздік алғаннан бергі жылда Қожакеевтің бес шәкірті ақпарат министрі болса, сондай-ақ қазақ баспасөзінің басында отырғандар мен оның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендердің бәрі де сол тұстағы Темкеңнің тәрбиесін көргендер болса, қалай үміт ақталмады дерсіз. Тіпті олар бүгінде Темкеңнің “тепкісін” көргендерміз деп, Темірбек Қожакеевтен оқығандарын орынды мақтан тұтады. Осының бәрі ұстаздың өлшеусіз сіңірген еңбегінің жанғанын көрсетсе керекті.
Темірбек Қожакеев, айтып отырғанымыздай, тек тәрбие жұмысымен ғана айналысып қойған жоқ, ғалым-ұстаздың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі де қомақты. Бұл жөнінде аузы уәлі жандар тарапынан талай мәрте жазылып та, айтылып та келеді. Мәселен, жетпісінші жылы жарық көрген «Қазақ сатирасы» атты монографиясы туралы академик М.Ғабдуллин: «Т.Қожакеев көп жылдардан бері қазақ сатирасының тарихын зерттеп келеді… Егер Қазақстан әдебиетшілерінің әдебиет жанрлары тарихын тереңдеп зерттеп білуге әлі шындап кіріспегенін ескерсек, Қожакеев жолдастың бұл еңбегін ерекше ғылыми зерттеу ғана емес, әрі әдебиет жанрлары бойынша үлкен монографиялық еңбектердің басы деп мойындауымыз керек» – деп, әдебиет саласындағы жаңалықты жоғары бағалады. Қожакеев болса, осы көтерілген биігінде тұрып қалмай одан әрі: «Сатира және дәуір», «Адам, қоғам, сатира», «Сатира негіздері» сияқты монографиялар жазды.
Ғалым негізінен қазақ сатирасының даму жолы, жалпы қазақ әдебиеті проблемалары, қазақ журналистикасының тарихы мен теориясы бағыттарында жұмыс жүргізсе, бүгінде осылардың арасындағы сатира саласын Қожакеевтей індете зерттеп жүргендер жоқтың қасы. Кезінде орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой: «Орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады» деген екен. Сондай-ақ қазіргі сатира жанрының зерттелуіндегі салғырттық әлде Қожакеев бәрін хаттап кеткенін байқата ма? Әрине, мұның барлығы өз алдына әңгіме…
Темірбек Қожакеев зейнетте жүргенінде Тараз қаласының 2000 жылдық тойына келді. Облыстық «Аq jol» газеті редакциясына да бас сұқты. Ұжымға Тараздың 2000 жылдығына орай жазған «Керімсал кент» деген кітабын сыйға тартты. Әңгіме барысында «Қоғамның әрбір мүшесі жалтақ, жағымпаз, күнбағар болмай, асқан-тасқан басшылардың теріс іс-әрекетіне тойтарыс беруге жарамды, бетті, ел тағдыры, адам тағдыры шешіліп жатқанда шындық, дұрыстық қасынан табылуға өзін дағдыландырып тәрбиелеуге тиіс» деген ой-тұжырымымен бөлісті.Оқу бітіргеннен соң тура жиырма алты жылдан кейін кездесіп тұрған ұстазымыздың бұл сөзі бізге оның соңғы лекциясындай әсер етті. Ол: «Жазатын кездерің, өндірте жазыңдар» деп бізбен жылы қоштасып сыртқа беттегенде, оған қарап қалған біз «Шындық майысса да сынбайды» деген сөздің мәніне көз жеткізгендей болып тұрдық.
Ұстазымыз 2003 жылы бақилыққа аттанды. Енді келер жылы желтоқсан айында Темірбек Қожакеев 95 жасқа толады. Осыған сәйкес, әл-Фараби атындағы университетте жиырма бес жыл кафедра меңгерушісі, он алты жыл журналистика факультетінің деканы болып, 7000 журналист тәрбиелеген, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ әдебиеттану ғылымы төрт қабырғадан тұрса, соның сатира деген қабырғасын бір өзі тұрғызған, келешек ұрпаққа 8 том ғылыми мұра қалдырған ғалым-ұстаз, жазушы-журналист, қайраткер жерлесіміз Темірбек Қожакеевке педучилищеде оқып, бозбала шағын өткізген сүйікті Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласынан бір көшенің аты берілсе ғой, деген бір ой қылаң береді. Әрине, мұны «Жақсы ұстаз көптің жүрегінде, мыңның тілегінде жүреді» дегендей, тиісті орындар барша журналист қауымның тілегі деп қабылдайды деген сенімдеміз.
Ал шындықтың шыңы іспеттес болған Темірбек Қожакеев есімі қандай құрметке де лайық, ол көптің жүрегіндегі тұлға.

Осы орайда баз бірде қиялға шомып, Қожакеев ғайыптан оқу министрі бола қалса, тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда не қазақша, не орысша, не ағылшынша, не латынша оқытып жарытпай, не сапалы оқулыққа жарымай деліқұлы хал кешіп тұрған мектеп жүйесін әрі кеткенде 30 айдың ішінде «айды аспаннан шығарып», кернеуі кең, кенеуі келісті бір арнаға салып берер еді-ау деген ойға қаламыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support