Үмбетовтің үлгісі

Үмбетовтің үлгісі
ашық дереккөз
Үмбетовтің үлгісі

1999 жылдың басы. Серік Үмбетов облысымызға әкім болып тағайындалды. Ел іші біраз гуілдеді. Кейбіреулердің езуінің қышуы қанып, жаны кіріп жатты. «Қолынан не келеді дейсің?! Мұның алдындағы пәленшенің де қолынан түк келмеген. Оның алдындағы түгенше де түк бітірмей кеткен. Бұл да солардың бірі шығар», – деген әрі ащы, әрі қоймалжың ойлары мен сөздерін үйіп-төкті. Осы сөздердің ел аузынан шығуының жөн-жосығы да бар еді. Шындыққа тура қарасақ, халқымыздың шаршағаны да рас болатын.Кеш болса, Тараз қаласы қара түнекке оранып, көше түгіл, үйлерде де жарық болмайтын кез. Қалада газ жоқ. Ықшам аудандарды мекендегендер от жағып, қазандарын далаға шығарып көтерді. Мекемелер мен өндіріс орындарының көбісінің жұмысы тоқтаған. Ал жұмыс атқардым деп жүргендер төрт-бес айлап айлық алмады. Зейнеткерлердің зейнет ақысы қолына тимей жатса, әртүрлі әлеуметтік салалардан тиетін жәрдемақы мүлдем тоқтаған. Қаламыз қылмыскерлердің ордасына айналып, бұл тұрғыда Тараздың атағы елімізде атойлап тұрды. Қазақшалап айтқанда «өліара кез».

Серік Үмбетовтің келгенін тосып тұрғандай Жаңатас жақтан да суық хабар келді. Жаяулап-жалпылап Таразға бет алғандардың қарасы қалың, келген бетте темір жолға жатып алып, қатынасты тоқтатпақ. Күнде облыстық, қалалық әкімдіктер алдына жиналып шу көтеріп тұратындарға ол кезде етіміз үйренген. Ол аз десең, әлеуметтік сала қызметкерлері (мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласы және тағы да басқалары) жалақыларын алмағанына тура жарты жылға иек артқан еді. Көптеген сала мамандары отбасын асыру үшін ала дорбаны да арқалап кеткен. Ең өкініштісі сол, әр саланың ортан жіліктей білікті мамандары қаламыздағы, республикамыздағы белгілі мәдени ағарту училищесі мен музыка училищесін біріктіріп, бір колледж жасаса, одан кейінгі әкім оны педколледжге қосып жоқ етті. Бұл – әкімдердің қаражатты үнемдеу үшін жасаған шарасыздығы. Айта берсе, талай атанға жүк боларлық қиындықтарды тізбектей берудің де қажеттілігі бүгінде шамалы. Сол кездегі Жамбыл облысы халқының алдындағы жарқын болашақ дегенге үлкен күдікпен, жаңа басшыға сенімсіздікпен қарауының себебі де осы болатын. Сенімсіздік дегеннен шығады, мәдениет саласында жұмыс істеп, елге танымал болып қалған бір азаматқа кездесіп қалған бір ардагер: «Ау, қарағым, осы сендердің мекемелерің қай басқармаға қосылып кетті?», – деп сұраса керек. Өзі осындай аласапыран кезеңге наразы болып жүрген әлгі мәдениет қызметкері: «Көке, саусағыңызды бүге беріңіз: білім, мәдениет, спорт, жастар, туризм, плюс Химпром», – деген ғой. Сонда бір қолының саусағы жетпей қалған әлгі кісі шын сеніп: «иә, осы сияқты бірдеңелерді естіп едім», – деп кете берген екен. Дәл осылай болмаса да, соған жақын іс-әрекеттер елді сарсаңға түсіргені рас еді... Серік кабинетінде отырған жоқ. Елді аралады, жағдайын көрді, жанымен сезінді. Біраз уақытқа дейін еңсесін көтере алмай, қабағы тырысып жүрді. Жедел түрде жабылып қалған облыстық салалық мекемелерді, артынша аудандық мекемелерді ашып жаттық. Бәрімізді жинап алып: «Жандарыңды аямай жұмыс істейтін кездерің келді. Облыстың бір миллион халқы бізге сеніп, бізге қарап отыр. Егер істей алмасаңдар, өздеріңе өкпелеңдер!», – деп талабын нақты қойды. Мені жаңадан ашылған облыстық мәдениет басқармасына басшы етіп тағайындады. Облыс көлемінде 16 Мәдениет үйі мен 21 кітапхана, екі театр, бір филармония, 3 филиалы бар 1 музейді қабылдап алып, не істерімді білмей отырғанмын. Серік Әбікенұлына облыс көлемінде дәл осындай мекемелер үшін облыстық басқарма ашудың қажеті жоқ екенін тіке айтып едім, ол орнынан тұрып: «Мен сол басқарманы ашар кезімде облыстағы мәдени нысандарды жақсы білетін кім бар деп сұрағам. Сені айтты. Енді, бұлай қол қусырып отырма! Елді мекендерді арала, ізде, тап! Қалпына келтір! Міне саған тапсырма», – деп орнына жайғасты. Біраздан соң алдындағы күнтізбесінің соңғы бетін ашып: «Мынау желтоқсанның 31-і», – деп әлденені жазып, менен осы күнге дейін қанша Мәдениет үйін, қанша кітапхана ашатынымды сұрады. – Қазір айт! Мен мұнда жазып қоямын. Осы күні сен маған есеп бересің, – деді. – 30 Мәдениет үйі, 55 кітапхана ашамын, – дедім. Шамалап, аузыма түскенін айта салдым. – Смотри, жауап бересің! – деген еді. 31 желтоқсан күні көмекшісі жаңадан ашылған нысандар турасында есеп сұрады. Абырой болғанда, 77 кітапхана, 56 Мәдениет үйін ашқан едік. Ашылған нысандардағы қызметкерлердің де жалақысы шешіліп жатты. Аудандар мен ауылдарда мәдениет қызметкері үшін ақ түйенің қарны жарылған заман туған еді. Жалпы біздің облыстың халқы қоңырқай тірлікті, басалқалығы басым. Бұл – оның ерекшелігі. Қарағайдай қайқайып, өзінше сіресіп, астамшылық танытатын басшылық онша сүйкімді болған емес. Көзінше сыпайылық танытқанымен, оның жақсы аты халық арасында қалмайтын. Механизатормен механизаторша, шопанмен шопанша, қариямен де өз тілінде сөйлесе білу – Серік Әбікенұлының көп басшыдан артықшылығы болатын. Қанына біткен қазақы қарапайымдылығы еді. Кейде алқа қотан елмен араласып, өзін ұмытып сөйлейтіні бар. Сол кезде Серік басшымыздың бала мінезін көретінбіз. Ақжарқын, ақтарыла күліп тұрғанда, айналасындағылар көңіліндегі кірбіңдерін түгел ұмытып кететін. Бұл – қасиет! Мұндай жақсы қасиеттеріне жұмыс барысында көп куә болдым. 2000 жылы батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толды. Бұл датаны атап өтуге кейбір кісілер қаржының тапшылығын алдымызға көлденең тарта бастағанда, Серік Әбікенұлы: «Баукең соғысып жүргенде аш та болған, жылы киім де тапшы еді, мүмкін әрбір оғын да санап отырған шығар. Қазір соғыс жоқ, тоқшылық. Осындай кезде біз Баукеңнің тойын әрнәрсені сылтауратып өткізбей қойсақ, ол біздің сүйегімізге таңба. Өткіземіз! Ұсыныстарыңды беріңдер. Қаражат табылады», – деді. Расында табылды.Баукеңнің еңселі ескерткіші, музейі, музей алдындағы бюстін де ауыстырып тастадық. Шерхан Мұртазаға тапсырыспен «Ноқтаға басы сыймаған» деп аталатын пьесаны жаздырып, театр сахналап, музыкасын белгілі композитор Балнұр Қыдырбек жазды. Қоңыр күзде дүркіреп той да өтті. Бәріне қаржы жетті. Ақындар айтысына демеушілердің көмегімен бас жүлдеге машина тігілді. ...2001 жылы мені шақырып: «Соңғы кезде бір-екі рет «Алатау» ансамблі турасында сөз қозғалды. Осыны қолға алсақ қалай болады?», – деді. Қуанып кеттім. Бұрынғы «Алатау» ансамблі көркемөнерпаздар дәрежесіндегі ұжым болып, небәрі бес-ақ адам жалақы алатын. Ал жаңадан құрылатын ансамбль кәсіби деңгейде ашылмақ. Жеделдетіп штат бірлігі, музыкалық аспаптары мен киім-кешегіне, не керек барлық шығынды көрсетіп, 39 адамға штат бірлігін бекіттіріп, кірісіп кеттік. Бұл облысымыздың мәдени өміріндегі үлкен жаңалық, елеулі оқиға еді. Мұның басы-қасында Серік Әбікенұлы тұрды. Кеңес заманында Кенен Әзірбаев атамызға арнап екі жылда бір рет Кенен ата ауылында «Кенен күндері» өтіп, облыс аумағындағы Кенен әндерін орындаушылардың байқауын өткізіп тұрушы едік. Ғасыр соңындағы қиындық кезінде ол шара да өтпей қалып, Төрткен Кененқызы әпкеміз мазасызданып жүрді. Бірде министрлікте бөлім басшысы, композитор Жоламан Тұрсынбаев дастархан үстінде Кенен әндерінің республикалық конкурсын Тараз қаласында өткізу туралы ұсыныс білдірді. Әрине, фестивальдің бар шығыны Жамбыл облысының мойнында болмақ. Жоламан Тұрсынбаев мырза Серік Әбікенұлының өнер жанашыры екенін, егер мен ыңғайын тауып жеткізе алсам, Секең бұл ұсынысты қабылдайтынын сеніммен айтты. Реті келген бір шәй үстінде мәдениет министрлігінен осындай ұсыныс болып жатқанын әкімге жеткіздім. Ойланып қалды. Сәлден соң: «Кенен әндері конкурс ауқымын көтере алады ма?» – деп қалды. Шынын айтсақ, ол кезде республикамыздағы әншілер Кенен атамыздың небәрі бес-алты әнін ғана орындайтын. Қалған әндерінің үгіт-насихаты болмағандықтан, ел жадында жоқ болды. – Неге көтермесін, Серік Әбікенұлы?! Міне, мына тізімге қараңыз, – деп Төрткен әпкеміз ұсынған ұзын ырғасы 30-ға тарта әннің тізімін Секеңнің алдына қоя қойдым. Көріп, таңғалды. – Қажет шығынның шамасын айта аласыз ба? – дегені сосын. Жаным қалмай, алдын ала шамалап жасаған сметаны алдына қойдым. – Онша көп қаражат емес екен. Кенекеңнің әнін асқақтатайық, ел еңсесін бір тіктеп қалсын. Тек бір-екі облыс әншілерімен шектеліп қалып жүрмеңіздер. Географиясы кең болсын! Дайындықты бастаңдар! – деп тапсырманы беріп жіберді. Қу жанымыз қалмады. Барлық облыстардың мәдениет басшылары, жергілікті филармония басшылары мен консерватория, Алматыдағы эстрада-цирк колледжінің басшыларымен байланысып, Кенен атамыздың әндерінің нотасын көбейтіп, барлық өнер ұжымдарына жібердік. Көбісінің сұрайтыны – жүлденің мөлшері, бас бәйгеге қанша жоспарлағанымызды сұрайды. «Бас бәйге 150 мың теңге» деймін. Бұл сол кез үшін аз ақша емес еді. Біраз жылдардан бері республикамызда конкурс өтпей, әншілер мен өнер ұжымдарындағы қайраткерлер әбден шөліркеп қалса керек, қызығушылық аса жоғары болды. Конкурсты Кенекеңнің «Шырқа, даусым!» деген әнінің атымен атап, қазылар алқасына республикамызға белгілі өнер иелері – Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Балнұр Қыдырбек, Төрткен Кененқызы, Жоламан Тұрсынбаев, тағы басқалары болды. Конкурсанттар саны 38-ге жетіпті. Бұл үлкен қызығушылық тудырғанның белгісі. Бұрындары өтпеген, бірінші рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан осыншама әншінің тілек білдіруі үлкен қуаныш болатын. Конкурстың ашылуына небәрі жарты сағат қалғанда қазылар алқасымен жұмыс принципін ақылдасып отырғанбыз. Серік Әбікенұлы телефон шалып жағдайды сұрады. Кенеттен бас бәйгеге не тіккенімізге көңіл аударды. Мен айтқан 150 мың теңгені ести сала боз боранын бастап жіберді. – Сендер Кенен атындағы шараны жетім қыздың тойындай етіп өткізгелі отырмысыңдар? – деді, менің «қазылар алқасы, министрлік жақсы сыйлық қатарына бағалап отыр» дегеніме қарамастан: – Анау 150 мыңдарыңды бірінші орынға беріңдер, ал бас бәйгеге машина табыңдар! – деп трубкасын тастай салды. Жағдайды қазылар алқасына баяндадым. Олар әрі-сәрі болып отырып қалды. Тек Төрткен әпкеміз ғана: «Қане, табыңдар! Аталарыңның әруағы асқақтайтын болып тұр. жарайсыңдар, жамбылдықтар!», – деп қуанышын жасыра алмай шаттанып кетті. Өзбек ағайындарша айтқанда «әр кәлләда бір қиял» демекші, әркім өз ойымен отырғанда Серік Әбікенұлы қайта телефон шалды. – Машина табылды ма? – деді. Үндемедім. Үндегенде не деймін? – Мен таптым! Бас бәйге Кенекеңнің конкурсында машина болады. Хабарлай бер, – деді. Құдай біледі ғой, біздің сол кездегі қуанышымызды кеңес әскерлерінің Рейхстагты алғандағы жеңісінің шаттығымен салыстыру керек шығар. Тек Төрткен әпкеміздің шарадай екі көзі жасқа толып кетті. Бұл хабарды естіген конкурсанттардың қуанышын жеткізу дәл қазір айту қиын. Серік Әбікенұлына айтылып жатқан алғыс шексіз еді. Қанша айтқанмен, ағайын, ол уақыт өте қиын кез болатын. Жоқшылықтың екі қолымызды байлап, алқымымыздан алып тұрған шағы. Дәл осындай кезеңде өнер үшін мұндай қадамға бару әркімнің қолынан келе бермесі анық. Қазылар алқасының мүшелері Секеңнің бұл қадамын мәрттік деп бағаласа, кейбіреуі ерлік деп те жатты. «Ерлік» мұнымен біткен жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнер иелері екі күн бойында жан алысып, жан берісті. Мен өз басым осы оқиғаға дейін де, кейін де талай өнер сайыстарын көрдім. Оның ішінде алыс-жақын шетелдердің де конкурстары бар. Дәл осындай өнердің тайталасуы, тайталасу арқылы сол өнер иелерінің шырқау биікке ұмтылуы,өнерді кәсіби шеберлердің бағалаудағы қиналғанын тек көзбен көру керек еді. Сайыстың финалдық бөлігіне түгел қатысқан Серік Әбікенұлы өнерпаздармен қоса қиналды. Соңында Алматы консерваториясының студенті Шолпан Даржанова мен Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова мәреге бірдей ұпай жинап, қатар келді. Қазылар екеуіне тағы екі әннен айтқызды. Ұпай тағы да бірдей. Ал бас бәйге – біреу. Осы кезде Серік Әбікенұлы бас бәйгені екеу деп жариялап, екінші машинаны тікті. Бұл – сенсация болатын. Сол сенсацияның авторы Серік Үмбетов екені даусыз. Өмірде кейбір маңызды, халыққа қажеттілігі мол дүниелер үшін осындай қадамға баруға болатын шығар, мүмкін барып та жүрген болар. Ал өнерді осылай бағалау, дәл осылай аспанға шарықтату... Әй, қайдам... Той тарқады. Қонақтар қайтты. Ал жан-жақтан соғылған телефон қоңырауларында есеп жоқ. Басы осындай өнегемен басталған ән конкурсы республикамызға алғышарт болып тарап кетті. Келесі конкурстарда Кенен атамыздың халық жадынан шыға бастаған әндері халықпен қайта табысып шырқалды. Өнер адамдары арасында «Үмбетов Кенен әруағын тірілтті, Кенен ата әруағы қолдасын!» ден шын тілеп жатты. Тағы бір айтары, Серік Әбікенұлы облысқа әкім болып келген күннің ертеңінде «мызғымайтын» деп жүрген бір басшыны орнынан алып тастады. Осыдан кейін талайлар ішін тартып қалды. Жылдар бойы еркетотай қылығымен мемлекетке салығын төлемей, әртүрлі қийтұрқы жолменен заңды айналып өтіп жүргендер момақан кейіпке түсіп, тәртіпке бас ие бастады. Серік Әбікенұлы күндіз-түні ат үстінде ел аралап жүрді. Ашынғаннан көздері шатынап, тамырлары адырайып кеткен Жаңатастың жұмысшыларының жан айқайын сағаттар бойына ашық аспан астында тұрып тыңдады. Не айтылмады, ауыздарынан не шықпады десеңші. Сол алаңда аса белсенділік танытып, жан дауысы шыққан бір-екі кісімен ілесіп үйлеріне де барды. Олармен бірге отырып шай да ішті. Нәтижесінде басшы да, айқайшы қауым да шындықтың бетіне тура қарады. Өйткені әңгіме ашық, ештеңе көлегейленбеді. Ел сенді! Бұл – басшының үлкен жеңісі болатын. Ұзақ уақыт бойында өзінің төл теңгесінің түсін ұмытып қалған жұрт арасында «анау жердің жұмысшылары ана айдың айлығын алыпты, мына жердің адамдары мына айдың айлығын алыпты!» деген сөз ел арасынан тез тарап жатты. Өздері алмаса да өзгенің алғанын естіп, қуанған елді көрсең ғой... Келесі жолы өзінің алатынына сеніп қуанған еді. Серік Әбікенұлы мекемелер мен аудан басшыларын сапырылыстырып ауыстыруға құштарлық танытпады. Іскерлігін көрсетуге мүмкіндік беріп, жұмыс істетті. Басшы сенген соң, олар да жан-тәнімен еңбектенді. Өздерін көрсетуге жанталасты. Әңгіменің шынына келетін болсақ, олардың әрқайсысы өз ісінің мамандары, өкініштісі, олардан асырып істейтін облысымызда кадр да тапшы болатын. Жоғарыда айтылған бұрынғы таптаурын басшылармен де бірге еңбек етуіне тура келді. Шекарамыз болса да тиіп тұр, әрі ол кезде ашық, жақын жердегі қырғыз ауылдарын Секең атпен аралаған ғой. Күні бойы бірнеше ауылды, олардың шаруашылығын, дала қостарында болып, кейбірімен егістік басында, енді бірімен жайылымдағы мал басында кездескен, ақылдасқан, ой бөліскен. Ертесіне жиын жасап, саяхатының мән-жайын түсіндірді. Бізге шекаралас қырғыз ауылдары түгелімен ауыл шаруашылығымен айналысатын. Ол кездескен барлық шаруа иелері артық өнімдерін қазақтарға сататынын сөз етіпті. «Сонда біз алма өсіре алмаймыз ба, әлде картоп өсіре алмаймыз ба? Жеріміз, ауа райы да бірдей, су да (ол кезде су проблемасы болған жоқ) жеткілікті. Қай қырғызбен сөйлессем де, Жамбылға апарып сатамыз деп отыр. Намыс қайда?!» – деп қатты ренжіген болатын. Ренжудің де қисыны бар. Қанша орталық деп аталғанымен, Тараз қаласының халі адам қызығарлықтай болмай тұрды. Жаңа әкімнің арқасына ызғардай батқан күрделі мәселе бар еді. Алда – қыс. Қыс жақындаған сайын газ уайымы басталатын. Өзбек ағайындар күз басталысымен-ақ жылда жағдайды күрделендіріп жіберетін. Газдың бағасын көтереді. Алдын ала төлемді міндеттейді. Көңілдерінің хошы болмаса, газ жоқ. Бермейді. Осындай қиянаттарды бастан кешіп жатқанбыз. Басшылық үшін тосын да, батыл қадамға бару қажеттілігі туындады. Бұрындары да ауық-ауық сөз болып, әртүрлі себеп-салдардың ықпалымен басылып қалып отырған Мойынқұмның қойнауында жатқан газды игеру үшін үлкен қажырлық пен табандылық қажет болатын. Сол күш Серік Үмбетовтің бойынан табылды. Ғажабы сол – Мойынқұм бойындағы Талас газын (Амангелді газы деп аталып жүр) облысымыз әлі игерген жоқ. Бірақ игеру жұмыстары қарқын ала бастағаны сол екен, өзбек ағайындар жылдағы әуенінен жаңылып, тынышталып, үн-түнсіз газын беріп жатты. Талас газының игерілуімен қомақты қаржының алақандарынан сусып кетіп бара жатқанын ұқты. Бүгінде облысымыздың үлкенді-кішілі елді мекендері сол өз газымыздың рахатын көріп отырса, кезіндегі жанкешті еңбектің жемісі деп білуіміз керек. Бұл әрекет – саясат, әрі үлкен табыс еді. Осындайдан кейін халқымыздың «жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» дейтіні. Серік Әбікенұлының іскерлік қасиеті 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойына дайындық кезінде де айқын көрінді. Тараз қаласының әрбір үйіне, көшесіне жапсырылған көрнекті насихаттардың бәрі, тіптен көшедегі бағаналар да сол 2000 жылдық тарихы бар қалаға, оны мекендеген халық өміріне бағытталатын болсын деген талапқа сай жасалынған еді. Сол кездегі қаламыздың сәніне көз тоймайтын. Келген-кеткендердің сән-салтанатымызға сұқтанбағаны, тамсанбағаны қалмаған. Тараздықтардың ұлттық рухы оянды. 2002 жыл – Тараздың 2000 жылдығына дайындықтың шырқау шыңына шыққан кезі. Уақытпен санаса қоймайтын кез жетті. Жұмыс орнымыз Тараз қаласының орталық стадионына көшкен кез. Өйткені стадионда өтетін театрландырылған көрініске 6200 адам қатысатын еді. Тараз қаласының 2000 жылдық тарихын осы жерде бір сағат бойында сол 6200 адам көрсетуі керек. Тараздың гүл жайнаған салтанаты да, жан алысып, жан беріскен қырғын соғысы да, бүкіл әлемге танылған ғылым мен өнері де осы бір сағаттық көріністерде баяндалуы керек. Сол театрландырылған көріністің жазылған сценарийінен бастап, оның әрбір көріністерінің атқарушылары, киімдері, қолға ұстайтын қару-жарақтары, жүздеген атты әскерлерімен, ондаған арбалары мен көштері стадион алаңына бір мезгілде шығып, сайысатын бірнеше мың жауынгерлердің әрекеттерін Алматыдан келген Қазақ ССР-ның халық әртісі Есмұхан Обаев бастаған 25 адам тек шығармашылық жұмыспен айналысты. Стадионның іші-сырты заманға сай безендірілуі, «Баласағұн» концерт залының, театрдың, облыстық музей мен кітапханалардың күрделі жөндеуден өтуі – бәрі-бәрі менің мойнымда болатын. Осындай қарбалас сәтте Серік Әбікенұлы кешкі 19.00-де мені «Баласағұн» концерт залында болсын депті. Түсіндім. Концерт залының сахнасын стандартқа сай жөндеу жұмыстары жүрмей жатқандықтан, жұмысты тоқтатып тастағаныма үшінші күн болатын. Серік Әбікенұлы Астанада еді. Құрылысты жүргізіп жатқан компания басшысы Алматыдан ұшып келген. Ол акт жасап, бәріне қол қойғызып кеткен құрылыс материалдар шығыны мен үш күннен бері жұмыссыз жатқан 47 адамның жатын орын, тамағы, іссапар шығындарының бәрін менің мойныма салып қойып отыр. Секең самолеттен түскен бойда «Баласағұнға» келіп, бірден сахнаға шықты. Құрылыс компаниясының басшысы ерні-ерніне жұқпайтын біреу екен. Құдай сақтасын, сөйлегенде таңдайынан шаң шығатын жан болып шықты. Ананың сөзінің таусылмайтынына көзі жетті-ау деймін: – Жоба қайда? – деді. Жобаны алдына жайып түсіндірдім. Менікі дұрыс. – Сөзді көбейтпеңдер. Жоба бойынша жасаңдар! – деп кетіп қалды. «Уһ» дедім. Құдай сақтап қалды. Әйтпесе аналар жасаған актідегі қаражатты мен он жылда да өтей алмас едім. Тараздың 2000 жылдық мерекесі бүкіл елімізге үлгі тұтарлық тойға айналды. Мерекемізге келіп қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мереке деген осындай ұлағатымен болуы керек. Тойды жамбылдықтардан үйреніңдер!» – дегені есімізде қалды. Тараз адам танымастай өзгеріп құлпырды. Халқымыз мақтанып, шаттанды. Ел еңсесі көтеріліп, тынысы кеңіді. Осы істердің бәрінің басында Серік Әбікенұлы Үмбетов жүрді. Бұл жерде менің сөз еткенім өнер, мәдениетке қатыстысы ғана. Ал басқа салаларда атқарылған істері қаншама!.. Қаламызда елуден астам жерге ақ боз киіз үйлер тігіліп, сән-салтанатымен жарасымын тауып тұрса, сол үйлерде қымыз бен шұбат ішіп, құрт пен май, қуырдақ пен ыстық бауырсақ жейтін елміз. Ықшам аудан маңындағы киіз үйлерге тапсырыстар беріліп, кезекке тұрып, балаларының туған күнін өткізіп, құда жекжаттар бас қосатын орынға айналған еді. Бұл Үмбетовтің үлгісі, Үмбетовтің ізі болатын.

Әлібек ӘМЗЕҰЛЫ,Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

 width=

Ұқсас жаңалықтар