332-ші шақырым... немесе «ғасыр құрылысы» 2015 жылы толығымен аяқталады

332-ші шақырым...   немесе  «ғасыр  құрылысы»   2015  жылы  толығымен аяқталады
ашық дереккөз
332-ші шақырым... немесе «ғасыр құрылысы» 2015 жылы толығымен аяқталады

Еуропа мен Азияны елімізбен байланыстыратын қабілетті көлік дәліздерін құру – экономикамызда әртараптандырудың бір жолы болып табылады. Мұның өзі Қазақстанды ең ықпалды мем- лекетке айналдыруға мүмкіндік береді және жүк транзитінде айтарлықтай табыс әкеледі. Халық- аралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, транзит арқылы көлік жүретін елдер жылына 1 триллион доллардан артық табыс табады. Еліміз Еуразия құрлығының орталығында ірі экономикалық аймақтардың, сондай-ақ әртүрлі мәдениет пен өркениеттің қиылысқан жерінде орналасқандықтан ғаламдық саяси және экономикалық өзара байланыстың қазіргі заманғы жүйесіне белсенді түрде кірігуі қажет. Еліміз коммуникация, көлік және инфрақұрылымның қазіргі заманғы құралдарын дамыту арқылы Батыс пен Шығыстың арасын бай- ланыстыратын алтын көпір бола алады.14Ержан Жасыбаев, «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, ғасырдың ғаламат жобасы атанған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізі жобасы осы мақсатты жүзеге асырудағы ірі қадам болып табылады. Автобан келешекте негізгі үш бағытта: «Қытай-Қазақстан», «Қытай-Орталық Азия» және «Қытай-Ресей-Батыс Еуропа» бойынша жүк тасымалын қамтамасыз етеді. Ұзындығы 2787 шақырымды құрайтын автомобиль жолы Ресей Федерациясы шекарасынан бастау алып, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағымен өтіп, Қытай Халық Республикасы шекарасына дейін барады. Автобан құрылысы облысымыздың аумағындағы 495 шақырымда 2010 жылдан бастап жүргізілуде. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, еліміздегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастықтағы жоғары халықаралық беделінің нәтижесінде халықаралық қаржы институттары жобаны жүзеге асыруға үлкен қолдау көрсетуде. Облыс бойынша жобаны «Азиялық» даму банкі, Исламдық даму банкі және Жапонияның «Джайко» агентствосы қаржыландыруда. Жобаны қаржыландыруға 170,4 миллиард теңге қарастырылған. Қазірге дейін облыста оның 154,2 миллиард теңгесі игерілді. Облыс аумағында автомобиль жолы негізінен қолданыстағы «Алматы-Ташкент-Термез» бағытының бойымен және Қырғыз Республикасының аумағын айналып өтеді. Сондай-ақ, көліктік дәліз Қордай, Күйік, Шақпақ асуларын және Тараз қаласы, Қордай, Құлан, Айша бибі, Бауыржан Момышұлы және Шақпақ ата елді мекендерінің жанынан өтеді. Жобадағы 495 шақырым автожолдың 296 шақырымында төрт жолақты жол салынады. Автобан орталық білікке түсетін 13 тонна салмаққа және 20-25 жыл қызмет көрсетуге есептелген. Бүгінде жоба бойынша Қырғыз Республикасына шығыстан Қарасу кеден бекетіне кіретін ұзындығы 17,7 шақырым жаңа автомобиль жолы салынып жатыр. Ол іске қосылғанда Қордай кеден бекетінен Қырғыз Республикасына кіретін көлік құралдары азайтылып, жаңасына ауыстырылады. Сондай-ақ, Қордай асуын айналып өтетін ұзындығы 80 шақырым жаңа жолдың құрылысы жүргізілуде. Автотрасса ІІ техникалық санатқа сәйкес екі жүру жолағымен салынуда. Биыл құрылыс аяқталады және қалған екі жүру жолағының құрылысын жалғастыруға қаржы бөлу қарастырылуда. Қайнар мен Меркі ауылдарының аралығындағы бұрынғы жолдың бірқатар бөліктері Қырғыз Республикасының аумағынан өтетін. Жаңа жол оларды айналып, өз жерімізбен өткізіледі. Мұның өзі Қырғыз Республикасына тәуелділіктен құтқарып отыр. Автобандағы ірі бөліктің бірі – Тараз қаласын айналып өтетін ұзындығы 65 шақырым жаңа автожол. Оның құрылысы қолға алынғанына екі жыл болды. Жоба бойынша төрт жол айырығы, екі жол өткелі, 6 көпір, 130 су құбырының құрылысы жүргізіледі. Оның 7,7 шақырымы  І-ші техникалық санатта, цемент бетон төселеді, 57,4 шақырым ІІ техникалық санатта, шағал мастикалық асфальт болады. Қазір осы аумақта 7,7 шақырым жолға цемент бетон төселді. 16 шақырымда жол төсемінің төрт қабаты орналастырылды. Көпір, жол айырығы, су құбыры құрылысы аяқталып келеді. Бұл жобаның жалпы құны 15,2 миллиард теңге. Қазірге дейін оның 7,8 миллиард теңгесі игерілді. Жалпы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізі жобасы бойынша 22 көпір, 15 жол өткелі, 643 су құбыры және 11 жол айырығы салынуда. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде облыс аумағымен өтетін «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының елді мекендерді айналып өтуі және төрт жүру жолақтарының есебінен оны жүріп өту уақыты 20 пайызға азаятын болады. Осыдан бес жыл бұрын құрылыс басталған кезде бұрынғы автожолдың бойындағы ағаштың дені алынып тасталған болатын. Жасыл желекті қалпына келтіру мақсатында көгалдандыру жобасы жасалған. Ол бойынша ұзындығы 262 шақырымға жалпы құны 1,4 миллиард теңгеге 276626 дана ағаш көшетін отырғызу қарастырылған. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл іс келесі жылы қолға алынады. Автобан бойында жолаушыларға қызмет көрсету мақсатында 8 сервистік кешен орналастыру қарастырылған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларға жер телімдері бөлініп, кешендерді салатын инвесторлар анықталуда. Аталған кешендер В және С санаттарына сәйкес орналастырылады. Санаттарына байланысты кешенде қонақ үй, мейрамхана-кафе, дүкен, жанармай құю бекеті, автожөндеу шеберханасы, медициналық пункт және дәретхана салынады. Құрылыс салу кезінде бірқатар тұстарда жер қыртысын бірнеше метр тереңдікке дейін қопаруға тура келуде. Сондықтан да ондай кезде тарихи-мәдени мұраларды сақтап қалу іс-шаралары қарастырылған. Археологиялық қазба жүргізу нәтижесінде Қордай ауданы аумағында 10 тарихи-мәдени нысандар қазылып, зерттелді. Соның нәтижесінде Кенен ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 300-350 метр қашықтықта орналасқан Көккөз әулие қорымының қола дәуірдің кезінде салынғаны анықталып, одан алтын әшекейлер, сырға, моншақ және бисерлер мен қола бұйымдар табылды. Белгіленген міндетті жүзеге асыруға күш-жігерді жұмылдыру нәтижесінде қазірге дейін 332 шақырымда құрылыс толық аяқталып, көлік құралдарының қозғалысы қамтамасыз етілді. Берілген жолдың 111 шақырымы – екі жолақты, 221 шақырымы – төрт жолақты. Халықаралық көліктік дәліздің құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарын 2015 жылы толығымен аяқтау көзделген. Бүгінде автобанда бұл іспен «Дженгиз Иншаат» АҚ, «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС, «КСС Е&C» АҚ Жамбыл филиалы, сондай-ақ жол пайдалану бөлімшелері құрылысында «Аксиома сервис» ЖШС мен «Құлагер» ЖШС уақытпен санаспай еңбек етуде. Мердігер мекемелер қажетті жол-құрылыс техникасымен және білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Облыста бұл іспен 2111 адам шұғылдануда. Оның 1118-і – жергілікті азаматтар. Қыруар қаржыға салынып жатқан нысанның сапасы басты назарда. Жұмыс барысын, оның тиісті технологиялық талаптарға сай салынуын және құрылыс материалдарының сапасын «SNC Lavalina Consult GmbH» және «DOНWA» компанияларының қадағалаушылары қатаң бақылауда ұстауда. Сонымен қатар жобалаушы мекемелер тарапынан авторлық қадағалау жүргізіледі. Жобаны жүзеге асыру кезінде елеулі кедергілер кездесуде. Атап айтқанда, қосымша жер телімі қажеттігі, жер иелерінің оны босатпауы және тағы басқа осы сияқты қиындықтарды еңсеруге облыс басшылары және аудан әкімдері белсене атсалысуда. Соның нәтижесінде түйінді мәселелер дер кезінде шешілуде. Бірлескен іс берекелі болады деген осы. Автотрассаның құрылысы толық аяқталған бөліктері «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалына уақытша пайдалануға өткізіледі. Егер екі жыл мерзімде олар салған жолда ақау кездессе, мердігер оны өз қаржысымен қалпына келтіреді. Осы мерзім өткеннен кейін ғана автомобиль жолдары тұрақты пайдалануға өткізіледі. Мұның өзі мердігерлердің жұмысқа деген жауапкершілігін арттыру үшін қолға алынған шаралардың бірі болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар