Алаштың ардақтысы С.Сейфуллиннің 1923 жылы «Кеңсенің тілі қазақ тілі болмай, іс оңбайды» деп айтқанына да бір ғасырдай уақыт болыпты. Шынын айтсам, тәуелсіз елде мемлекеттік тілді мәселе етіп көтерудің өзі ыңғайсыз сияқты. Көптен бері ойымда жүрген бұл мақаланы тездетіп жазуыма түрткі болған себепті айтайын. Жақында Ақмола облысының Астрахань ауданында тұратын құдамыздың мерейтойына барып қайттық. Көрсеткен құрметтеріне, сыйына қонақжайлығына өте разы болдық. Бірақ көңілім алаңдап қайттым. Бір отбасындағы адамдар түгелдей орысша сөйлейді екен. Оңтүстіктен келген біздер үшін кейбіреулері ана тілімізде сөйлеуге тырысып-ақ жатыр. Дегенмен өздері шеттерінен өнерлі, әнші екен. Қазақша халық әндерін орындады. Ол жағына енді өте разы болдық. Орысша оқыған, бірақ қазақша білетін құдамыздың 17 жасар немересі (қазақша түсінетін, бірақ сөйлемейтін) домбыраның құлағында ойнайды екен. Онысына шүкір. Алайда қазақтар өз ана тілінде сөйлесе ғанибет емес пе? Неге ана тілімізді басқа ұлттар ғана емес, өзіміздің қазақтарға үйретудің өзі қиынға соғып отыр?! Бір-бірімізді қазақша сөйлеуге үгіттеп отырғанымыздың өзі өте ұят нәрсе. Телеарналардан кейбір үлкен қызметтегі ағаларымыз бен апаларымыздың өз ана тілімізде сөйлей алмай тұрғанын көргенде намыстанамын. Өзге тілде бұлбұлша сайрағанда, неге өз тілінде сөйлегенде тағасы жоқ аттай тасырқайды?! Өзге ұлтты бір танысымнан «неге қазақ тілін үйренбейсің?» деп сұрағанымда, былай деп жауап берді: «Біріншіден, қазақтардың өздері үйреніп алсын, екіншіден, соншалықты қажеттілігі жоқ». Қысқа да нұсқа жауап. Бірақ өте ойландыратын жауап. Кейбір тойларда халықты күлдіремін деп асабалар өзбектер, қырғыздар туралы әңгімелер айтады. Өзбектердің де тойында: «Орыс болам десең, бірінші қазақ болуың керек» деген сөзін естіп, ұялғаным әлі есімде. Ащы да болса шындық. «Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, ел болып, жұрт болып жұмылып, ана тіліміздің беделін арттыруға атсалысу керек. Ана тілімізді келешек ұрпаққа жеткізу – ол әр қазаққа аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ұйықтап жатқан ұлттық намысымыз бен арымызды оятып күреспесек, қазақ тілінің өз алтын тағына отыруы неғайбыл.
Шайгүл Қашағанова, №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебінің мұғалімі.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді