Марат ҚҰЛИБАЕВ
Биыл ауданда картопты 2460 гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда картоп егу жұмыстары аяқталып қалды. Соның ішінде «Зылиха» шаруа қожалығы тоқсан гектар алқапқа картоп егіп отыр. Жалпы аудандағы картоп өсірумен айналысатын бірден-бір ірі шаруа қожалықтың бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 20 жыл болыпты. Шаруашылық соңғы картопты Қазбастау ауылының қасындағы 13 гектар алқапқа орналастырған. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев: «Былтыр 100 гектарға картоп еккен болатынбыз. Бірақ ауа райының құрғақшылығынан жоспарлаған өнімді жинап ала алмадық. Биыл өткен жылы жіберген кемшіліктерді жойып, технологияны дұрыс қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді. Бүгінде қожалық саннан емес, сапаға мән беріп, әлемнің озық технологияларын шаруашылыққа енгізуде. Технологияны жаңартып қана қоймай, тұқымының сапасын жақсартуға да барынша күш салуда. Сол себепті кәсіпкер биыл Ресейден 40 тонна «Удача» тұқымды картобын алдыртыпты. Жаңа тұқымды жоғарыда аталған ауыл іргесіндегі тың жерге орналастырған. Алдымен жерге тыңайтқыш сеуіп, содан кейін барып тың жерді бұзған. Онымен қоймай жыртылған жерге нитроаммофос сеуіп барып, картопты егіпті. Қалған алқаптарға осы технологияны қолдана отырып, қоймадағы өз тұқымын пайдаланыпты. Кәсіпкер бұрыннан өсіріп келе жатқан тұқымның әр гектарынан орта есеппен 200 тоннадан өнім аламыз десе, «Удача» тұқымының әр гектарынан 350 тоннадан өнім жинаймыз деген сенімде. Жалпы қожалықтың иелігінде 348 гектар егістік жер бар. Оның 200 гектарына арпа мен бидай себілген. Алдын ала тыңайтқыш сіңіріліп барып егілген егіс алқаптарындағы арпа-бидай әжептәуір бой алып қалған. Қожалық биыл техника базасын жаңартуды да жоспарлап отыр. Әзірге бұл жұмыс елдегі карантин жағдайының енгізілуіне байланысты кейінге шегеріліпті. Өйткені алатын техникаларды шет мемлекеттен әкелу керек. Ал қожалықта бүгінде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық табысы 100 мың теңгені құрайды. Қожалық құрылғаннан бері мұнда Есбол Сатымбеков, Бақан Тұрыстаев, Дидар Исабаев сынды тәжірибелі механизаторлармен қатар сушылар Сбанқұл Досыбаев, Үсіпбек Бегалиев еңбек етіп келеді. Алдыңғы буын сушылардан бүгінде жастар Кәрімжан Мамыр мен Серік Дарын осы кәсіптің қыр-сырын меңгеруде. – Мен шаруа қожалық құрылған күннен бастап жұмыс істеп келемін. Осында механизатормын, әрі агрономмын. Жыл он екі ай жұмыс істеп, табыс тауып отырмын. Еңбекақымызды уақтылы алып, отбасыма жаратудамын. Жалпы жұмысым өзіме ұнайды, – деді Есбол Сатымбеков. Ал Керімқұл Мамырұлы өзі нәсіп еткен кәсіпке ұлы Кәрімжанды баулуда. Онымен жұмыс барысында жолығып, сөзге тартқан едік. «Мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде агроном мамандығы бойынша білім алудамын. Болашағымды ауыл шаруашылығымен байланыстыратын болғандықтан да диқаншылықтың қыр-сырын меңгеруге ден қойған жайым бар. Өзім студент болсам да көктемгі дала жұмыстарына өзгелермен қатар жұмысшы ретінде араласамын. Күздегі жиын-терінге де қатысамын. Осылайша әке-шешеме салмақ салмай өзімнің оқуымның ақшасын тауып жүрмін. Жұмысқа араласқалы бері сушылардан дақылды баптаудың қыр-сырын үйрендім. Теориялық білім мен егіс алқабы басынан жинаған тәжірибем менің жақсы маман болып шығуыма алда көп көмегі тиеді деген сенімдемін», – деді. – Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға барынша қолдау көрсетуде. Соның арқасында 50 проценттік жеңілдетілген бағамен тыңайтқыш, жанар-жағармай алып, жұмыс жасаудамыз. Мұның өзі ауылдағы диқанның дәнін сеуіп, картобын егіп алуына үлкен көмек болуда. Бірақ ауыл шаруашылығында әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Диқандардың жағдайын әкімдер жақсы біледі. Болашақта аудан, облыс деңгейінде диқандарға «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы лизингке жеңілдетілген бағада ауыл шаруашылығы техникаларын алуға көмек берілсе. Себебі көптеген диқанның техникасы жоқ. Олар техникасы барлардан көмек сұрағанмен, дәнін уақтылы себе алмай, өнімін де дер кезінде жинай алмай шығынға батып жатады. Бұл да мемлекет деңгейінде ескерілсе. Ал көптеген шаруаның қолдағы техникасы ескірген. Жұмыс істегенінен тұрғаны көп. Сонымен бірге диқандарға шет мемлекеттен сапалы тұқым алуға көмек берілсе, – дейді Керімқұл Бегалиев.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді