«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жекешелендіруден жегендер де бар

Жекешелендіруден  жегендер де бар
ашық дереккөз
Жекешелендіруден жегендер де бар
Тараз қалалық прокуратурасы ағымдағы жылдың алғашқы алты айында әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бойынша жүргізген тексеру барысында 2587 заң бұзушылықты анықтады. Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 7065  азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы жасаған қылмыс та прокурорлар тарапынан шет қалмады. Бас маман заңсыз келісім-шарт жасап, жылжымайтын мүлікті жекешелендіруге көмектесіп және сол үшін әжептәуір ақша алған. Қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы С. да өзінің қызмет бабын пайдаланып, көрсеткішті көтеру үшін кінәсі жоқ азаматтардың үстінен заңсыз әкімшілік іс қозғап, айыппұл салған. Сонымен қатар, құны отыз миллион теңгені құрайтын 41 жер телімі анықталып, оны мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз беріліпті. «Статистикаға сүйенсек, аталған мерзімде 4336 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 16,9 пайызға төмен», – дейді Тараз қаласының прокуроры Бағлан Телеу. Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау да прокуратураның атқарған жұмыстарының басым бөлігін құрайды. Мәселен, №2 қалалық сотта 246 қылмыстық іс қаралса, оның 10-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Облыс орталығындағы №7 балабақшаның меңгерушісі А. Тойғанбекова айлық жалақысына көңілі тоймай, мектепке дейінгі білім мекемелеріне балаларды қабылдау қала әкімдігінің білім бөлімінің жолдамасы арқылы жүзеге асуы тиістігіне қарамастан, тәрбиеленуші ретінде М. Қайратқызын қабылдау үшін оның әкесі М. Иманқұловтан 300 АҚШ долларын талап еткен. Соттың үкімімен А.Тойғанбекова шартты түрде жазаға тартылды. Қалалық прокуратураға келіп түскен арыздардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттері, сот шешімдерінің ұзақ орындалмауы, тұрғын үй қатынастары мен жер заңнамаларының бұзылу деректеріне байланысты екен. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар да өз деңгейінде атқарылған.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар