«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бар жақсылық – балаларға

Бар жақсылық – балаларға
ашық дереккөз
Бар жақсылық – балаларға
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында бірқатар нысанның тұсауын кесті. Орталықтың мақсаты – жастарға қызмет көрсету Облыс басшысы ең алдымен «JASTAR» аллеясында орналасқан «JASTAR» қабілет орталы-ғымен танысып, аталған ғимараттағы жастарға қызмет көрсету орталығы мен «Асыл мұра» фронт-офисін ашты. 400 шаршы метр аумақты алып жатқан нысан «Табыс» ЖШС-ның демеушілігімен бой көтерген болатын. Былтыр Наурыз мейрамы қарсаңында қолданысқа берілген ғимарат басқа мақсатта пайдаланылған еді. Алайда ондағы дәмхананың орнына өскелең ұрпақтың қажетіне жарайтын орталық болып қайта жасақталған. Мұндағы келушілерге анықтама бөлімінде отырғандар жөн сілтесе, қызмет көрсету орталығы 29 жасқа дейінгі буынға Халыққа қызмет көрсету орталығында берілетін қызметтерді ұсына алады. Бұдан бөлек, олар өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын таба алады. Өйткені орталықтың бұл бөлігінде дін, білім, экономика, прокуратура, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағыттары мен «Дипломмен – ауылға», «Серпін» жобалары бойынша да кеңестер беріледі. Тіпті отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты психологиялық кеңес беретін «Сенім» орталығы да қарастырылыпты. Онда психологтер жастарға көмек қолын созып, тренингтер өткізеді. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 14-29 жастағы азаматтарға оңалту жұмыстарын жүргізетін болады. Үйренемін деушілерге ағылшын тілі курстары да өткізілмек. – Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында облыста алғаш рет жастарға қызмет көрсету орталығын ашып отырмыз. Мемлекет басшысы Жастар жылының салтанатты жабылуында Қазақстанның 1 пайызы ғана жастар ресурстық орталықтарына қайырылғанын тілге тиек еткен болатын. Бұл дегеніміз өте аз. 2019 жылы облысымызда 22 мың жасқа кеңес берілген болса, ол жалпы жастарымыздың 10 пайызын құрайды. Сондықтан біз оны 50 пайызға жеткізу үшін кейінгі буынға кең көлемде қызмет көрсетіп, тегін кеңестер беруді көздедік. Мұнда өңір жастары 22 мекеменің мамандарынан кеңес ала алады. Олар 9.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. «Асыл мұра» – материалдық, рухани-мәдени, тарихи мұраны сақтау бойынша волонтерлік қозғалыстың бір бағыты. Сондықтан «Асыл мұра» фронт-офисі тарихи туризмді дамытып, мәдени-тарихи нысандарды сақтап қалуға, оны халыққа кең көлемде насихаттауға атсалыспақ. Бұл орын еріктілер мен волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру бойынша тұрақты қызмет ететін алаңға айналмақ. Бүгінде облыс бойынша 60-тан астам еріктілер қозғалысы тіркелген десек, олардың құрамына 6 мыңнан астам ерікті топтасқан. Олар аталмыш бағыт бойынша халқымыздың тарихын, мәдениетін және дәстүрін насихаттаудан бөлек, тарихи ескерткіштерге қамқорлық жасап, гидтер рөлін де атқарады. Негізі Волонтерлер жылында «Асыл мұра», «Сабақтастық», «Үміт», «Саулық», «Қамқор», «Білім», «Таза әлем» деген 7 бағыт қарастырылған. Соған сәйкес жыл соңына дейін өңірімізде 9 негізгі бағдарлама мен 21 жоба жүзеге асырылады. Алайда бұл жұмыстар осы жылмен шектеліп қалмайды, – деді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа. Орталыққа жиналған жастарға ғибратты әңгімесімен бөліскен Бердібек Машбекұлы ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» дегеніндей, осы бастан өз орындарын жаңылыспай табуына тілектестік білдірді. – Жақында «Әулие-Ата» жастар саясатын дамытудың өңірлік бағдарламасы іске аса бастайды. Ол жастардың кәсіби және жеке тұлғалық дамуын қарастырады. Сіздерге мансаптық жоғарылауға көмектесетін жас мамандардың кадрлық резерві дайындалады. Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар әзірленбек. Барлық жағдай жасалуда, сіздерден тек талмай ізденіп, еңбек ету ғана талап етіледі, – деген өңір басшысы бұл орталық жастардың пікір алмасып, түрлі мәселелерді талқылауы үшін жиі жиналатын орынға айналуы керектігін атап өтті. Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін арттырады Келесі кезекте қаланың инфрақұрылымын жақсарту және мүмкіндігі шектеулі балалардың көпшілік ортаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті саябағының жанынан балалардың инклюзивті ойын алаңы ашылды. Аталған нысанның құрылысын облыс әкімдігі мен серіктестерінің қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры жүргізген. Қордың жоба менеджері Сәуле Бексұлтанова алаң мүгедектер арбасы еркін кіре алатындай етіп жабдықталғанын айтты. Кедергісіз алаңда ерекше қажеттіліктері бар балдырғандардың өсіп-жетілуіне оң әсерін тигізетін элементтер орнатылған. Атап айтсақ 350 шаршы метрді алып жатқан аумақта төбешігі және кең пандусы бар ойын кешені, бейімдеу әткеншегі, фитнес-тренажерлер, қауіпсіз әткеншектер, ыңғайлы құмды-үстелдер мен арнайы тактильді панельдер қондырылған. – Балалардың шығармашылық және физикалық дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл орайда ешқандай кедергі болмау керек. Осындай ерекше ойын алаңдарының ашылуы инклюзивті қоғам дамуындағы үлкен қадам болып табылады. Алаң өте ыңғайлы жерде орналасқан. Жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін алдағы уақытта айналаны абаттандыру жұмыстары басталады. Ендігі міндет – мұндағы жабдықтардың қолды болмауын қадағалау қажет, – деді облыс әкімі. Әмбебап спорт алаңдары пайдалануға берілді Осы күні облыста үш әмбебап спорт және ойын алаңы ашылды. Екеуі Байзақ ауданының Сарыкемер ауылы мен Қордай ауданының Масаншы ауылында ашылса, үшіншісі Тараз қаласындағы «Қаратау» шағын ауданында пайдалануға берілді. Спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған. Жаңа спорттық және ойын кешендері бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтсақ, жасанды көгалы бар 30 көрерменге арналған футбол, «workout» және бүлдіршіндерге арналған құм төбешік, әткеншегі бар ойын алаңдарымен қамтылған. Әрбір кешеннің аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Тараздағы 2-шағын ауданның №1, 2, 3, 4, 5 үйлердің ауласынан ашылған алаңға облыс әкімі арнайы барып, балғындармен доп тепті. – Мемлекет басшысы елімізде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ол үшін халыққа спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде облысымызда спортпен белсенді айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылы спорт нысандарының инфрақұрылымын жаңарту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы біз оларды жағымсыз әдеттерден сақтай аламыз. Өйткені дені сау ұрпақ – біздің болашағымыз! – деді Бердібек Сапарбаев. Осы ретте айта кетерлігі – жаңа нысандарды салу орындарын облыс әкімдігі және «Samruk-Kazyna Trust» қоры жергілікті азаматтық қоғаммен бірлесіп анықтаған. Әкімдік тиісті аумақты ұсынса, аталған қор алаңдардың толық орнатылуын қамтамасыз еткен. Енді оларды жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстап, қызметін қамтамасыз ететін болады. – Бұл алаңдар үлкенге де, кішіге де қолжетімді. Өйткені оларға кіру тегін. Нысандар саламатты өмір салтын сақтау және балалар спортын дамыту, қалалар мен аудандардың тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында салынды, – дейді «Samruk-Kazyna Trust»-тың ресми өкілі Мирас Іргебаев. Естеріңізге сала кетсек, қор әмбебап алаңдарды орнату жобасын «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырып келеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірлердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоба іске қосылғалы республика көлемінде 130-дан астам әмбебап спорт және ойын алаңдары ашылған. Дәл осы күні №20 орта мектеп жанынан №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті де есігін айқара ашты. Кабинет Тараз қалалық білім бөлімі және «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаеваның қолдауымен ашылды. Мекемеде «Жайлау», «Алатау», «Самал», «Салтанат» және «Талас» шағын аудандарында тұратын, қазіргі уақытта №1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып жүрген 150 балаға қызмет көрсетілетін болады. Мұнда негізінен ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға және олардың отбасыларына тиімді көмек көрсете отырып, арнайы мамандар жеке және топтық түзеу жұмыстарын жасау арқылы жүзеге асады және әрбір бала мен ата-анаға кеңес беріп, баламен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Ғимаратта емдік дене тәрбиесі залы, Монтессори, психолог, логопед, сурдопедагог, әдіскер және әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу кабинеттері бар. Олар оңалту құрал-жабдықтарымен, әдістемелік құралдармен, әдеби және ойын арқылы дамытатын Монтессори материалдарымен жабдықталған. Кабинеттерде дефектолог, логопед мұғалімдері, педагог-психолог мамандары, сурдопедагог, әлеуметтік педагог, ЕДШ нұсқаушысы, мейірбике-массажист, әдіскер қызмет етеді. Балаларды психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысымен жүзеге асады. – Мұндай түзету кабинеттерінде білім алатын балалар орта мектептердегі балалармен бірге оқуға дайын болады. Түзету көмегіне жүгінген олар шығармашылық тұрғыдан дами түседі. Мұның бәрі болашақта олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал етпек. Облыс орталығында мұндай екі ғана кеңсе бар десек, біз олардың санын арттырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етуге жұмыс істейтін боламыз, – деген Бердібек Сапарбаев келген ата-аналармен пікірлесті. Өңір басшысы «мұнда қатынайтын қоғамдық көліктер жоқтың қасы» деген олардың талап-тілектері ескерілетінін жеткізді. Бердібек Сапарбаев осы күні өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында да болды. Мекеме Қабылбек Сармолдаев атындағы балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын біріктіру арқылы ашылған. Қазір мұнда 73 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Облыс әкімі орталықтағы пәтерлерді, жатын және демалушылар бөлмесін, «Адалдық дүкені», «Рухани жаңғыру», психолог кабинеттері мен кітапхананы аралап көрді. Мекеме жұмысына оң бағасын берген Бердібек Машбекұлы орталықта басқа өңірлердегідей өз соты, прокуратурасы сияқты органдары жасақталса, балаларды алға жетелеп, жауапкершілігін арттыра түсетінін жеткізді. Сондай-ақ атаулы күнге арналған концерттік бағдарламаның құрметті қонағы атанған өңір басшысы барлық тәрбиеленушілерге жүрекжарды лебізін білдіріп, мерекемен құттықтады. Балаларға тәттілер үлестіріп, орталыққа музыкалық студия тарту етті. Альмира Омарова, «Aq jol».

Ұқсас жаңалықтар