Есет ДОСАЛЫ
Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен жиын өтті. Онда жастар саясаты мәселелерін жолға қою, спорт саласындағы мәселелер, туризмді дамыту, ішкі саясат басқармасының жұмысы туралы төрт өзекті мәселе қаралды. Ержан Жұматұлы қазіргі карантин кезінде қандай жұмыстар жүргізілуде, карантиннен кейінгі міндеттер қалай болатынын жауаптылардан егжей-тегжейлі сұрады. Алдымен сөз алған жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның мәлімдеуінше, жастар арасындағы қылмыс 26,6 пайызды құрап отыр. Осы кезге дейін облыста жастардың 242 алкогольдік, 434 есірткі пайдалану жағдайы тіркелген. Жастар қылмысы Талас, Меркі ауданында жоғары болса, есірткіге тәуелді жастар Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ ауданында басым. Облыста биыл 13 суицид тіркеліп, оның 8-і өліммен аяқталған. Ал жыл басынан бері 1220 жас шаңырақ көтерсе, олардың 852-сі ажырасып тынған. Басқарма басшысы бұл ретте кәсіби медоратор жұмысын жандандыру керегін айтты. Аудандарда «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерін жеке ғимаратқа көшіру туралы тапсырманы орындауға Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Талас аудандары асығар емес. «Жастар ресурстық орталықтарын» әдістемелік құралдармен қамту ісінде де жұмыс алға жылжымаған. Былтыр 1500 жас маусымдық еңбекке тартылса, биыл бұл көрсеткіш 842 адамды құрап отыр. Ал студенттік құрылыс отрядының жұмысын жандандыруға Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында қаражат қарастырылмапты. Жалпы жоспарлы жұмыстардың орындалуы да кейбір аудандарда төмен. Мәселен, Мойынқұм ауданы жоспардағы 29 іс-шараның 1-еуін, Сарысу ауданы 32 іс-шараның 4-еуін, Талас ауданы 43 іс-шараның 5-еуін ғана жүзеге асыра алыпты. Онлайн түрде кеңес беру 22 мекемеде жүргізілген. Абай Құнанбайұлының, әл-Фарабидің мерейтойлары, Жеңістің 75 жылдығы жастар назарынан тыс қалмаған. Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев осы тұста басқарма басшысын тоқтатып, облыста «NEET» жастар 7,3 пайызды құрайтынын, бұл алаңдатарлық көрсеткіш екенін ескертіп, Серікбол Қайратұлының кәсіби медератор жұмысын жандандыру туралы ұсынысын қолдады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, өңірде 2503 спорт нысаны болса, оның 2501 қолжетімді. Алайда спортпен шұғылданушылар саны төмен екен. Әсіресе Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданында көңіл көншітпейді. Бірнеше ауданнның ауылдарында спорт саласына нұсқаушы әдіскерлер жетіспейді. Бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны Жамбыл, Байзақ аудандарында төмен деңгейде. Ал туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев туризмді қолдау қаржылай және қаржылай емес деп бөлінетінін, туристік нысандарға жаңа маршруттар енгізу керектігін, өңірде 3441 тарихи ескерткіштер бар екені анықталғанын, алайда олардың 330-ында жерге орналастыру актісі жоқ екенін тілге тиек етті. Аталған басқарманың басшысы жұмысына жаңадан кіріссе де, біраз мәселені жолға қойып үлгеріпті. Алайда 37 туристік нысанның әлеуметтік паспорты жасалмаған. Ол Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылындағы қымызбен емдеу орталығының туристік тартымдылығын арттыру жайын қозғады. Жамбыл ауданындағы «Әулиебастау» орнының әлі базаға енбегенін сынға алды. Сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары Шу ауданындағы Баласағұн, Мойынқұм ауданындағы Биназар батыр кесенелеріне әлі күнге дейін жол салынбағаны түсініксіз. Биыл 6 туристік нысан абаттандырылады деп жоспарланса, Тараздағы «Төрткүл» кешенінде этноауыл элементтерін «Қазақ хандығы» ескерткішінде «Қазақ ауылы» жобасын дамыту кезек күттірмейді. Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ораза айтының карантин талабына сай өтетінін мәлімдеп, 31 мамырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де, 1 маусым – балалардың құқығын қорғау күні де онлайн фарматта өтетінін, көп адам жиналып гүл қою рәсімі өтпейтінін айтып өтті. 4 маусым – рәміздер күні де өз деңгейінде аталып өтуі қажеттігін, патриоттық әндерден концерт онлайн түрде берілуі керектігін, іс-шараларда карантин жағдайы қатаң ескерілуі керегін айтты. Жиын барысында Тараз қаласы және аудан әкімдерінің тиісті салалық орынбасарларынан онлайн түрде есеп алынып, кемшілік жіберген аудандарға жұмысты ширату қатаң ескертілді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев қорытындылап, аталған мәселелер өте қатаң қадағаланатынын, тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімінің орынбасарлары жұмысты күшейту керектігін қатаң ескертті. Ержан Жұматұлы карантин талабы ешқандай жеңілдемегенін, тұрғындардың топталып жүруін азайтуды қадағалау күшеюі керектігін, Таразда қоғамдық көліктердің жүруі тұрғындардың тәртіпке бағынып, індет жұқтырғандардың саны азайып, жойылуымен байланысты болатынын шегелеп айтты. Жауаптылар осыны сезініп, жұмысқа білек түріп, кірісіп кетсе, қанекей! Әсіресе Тараз қаласында тұрғындардың жүріс-тұрысы, көлік қозғалысы еш толастар емес. Карантин жағдайы ондай жауапсыздықты көтермейді. Қарапайым тұрғындар тәртіпке қаншалықты қатал бағынса, карантиннен соншалықты тез шығатынымызды түсінетін мезгіл жетті.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді