Альмира ОМАРОВА
Сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Талас ауданына барды. Майтөбе бақылау бекетіне аяқ басқан Ержан Жұматұлы іссапарын ондағы санитарлық жұмыстармен танысудан бастады. Бекеттегі жауапты мамандарға карантин режімінің әлі де жалғасып жатқанын еске салған ол сын-ескертпелер де айтты. Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Қасқабұлақ ауылындағы орта мектептің жағдайымен танысты. Естеріңізде болса, бұдан екі ай бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы елді мекенге іссапары барысында білім ошағында қазақ сыныптарын ашуды тапсырған болатын. Осығын орай ауылға екі маман шақыртылыпты. Оның бірі қазақ тілінің бірінші санатты мұғалімі Алтын Абдрахмановаға аз уақыт ішінде баспана тұрғызылып, қолданысқа берілген. Қасқабұлақ ауылы Талас ауданынан үлгілі ауыл ретінде ұсынылған. Өйткені мұнда ішімдік пен темекі сатылмайды, бірде-бір қылмыс жоқ. Аумақтың бұрынғы әкімі, бүгінгі зейнеткер Сулхадин Мустафаевтың айтуынша, бұл мекенде көп балалы 24 отбасы бола тұра ешқайсысы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бермеген. Екі қолға бір күрек таппай сандалған жұмыссыздар саны жоқтың қасы. – Алайда үлгілі ауыл болу үшін тек тәртіп, жұмыссыздықтың болмауы мен еңбеккештік аздық етеді. Оның көрінісі де өзгеге үлгілі болуы тиіс, – деді Ержан Жылқыбаев. Өйткені айқұш-ұйқыш жолдар келген қонақтардан бұрын жергілікті тұрғындарға ыңғайсыздық туғызады. Төбе-төбе болған жолды жөндеп жатқан бірде-бір жұмысшы көрінбейді. Мұндай сипаттағы жолы бар Астана көшесі әсілі өз атына лайықты еместігі алыстан-ақ менмұндалап тұр. Бұдан кейін Ержан Жұматұлы 60 жылдық тарихы бар Көктал ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектебіне барды. Онда қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша есік-терезелерін ауыстыруға байланысты «Международный холдинг» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Оның 4-еуі – жергілікті жердің тұрғындары. Серіктестік директоры Досым Күзембаевтың сөзіне сүйенсек, құрылысшылардың жалақысы 85 мың теңгені құрайды. Олар жұмысты тамыздың 5-іне дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Алайда мектеп директоры Ақмарал Ерғалидан білім ошағының жай-күйін сұраған өңір басшысының орынбасары оның жұмысын сын тезіне алды. Себебі Ақмарал Берікбайқызы Tylek.kz сайтынан бейхабар болып шықты. Сондай-ақ мектеп басшысына жөндеуге бөлінген бюджет қаражатына жауапкершілікпен қарап, жұмысты қатаң бақылауда ұстау керектігі шегелеп тапсырылды. Келесі кезекте Ержан Жұматұлы аудан орталығының бірнеше ғимаратын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Іссапардың бұл бөлігі Қаратау қаласының кіреберісінен бой көтерген стеладан бастау алды. Онда Талас ауданының төлқұжаты қашап жазылған. Бірақ биыл ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Сол себепті облыс әкімінің орынбасары тақтайға ойшылдың нақылдарынан үзінділер келтірілгенін құп көрді. Орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімі, әкімшілік және бас ғимараттарының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жасалған келісімшарт бойынша «Талас-Құрылыс» ЖШС жұмысты 4 айда аяқтауды көздеп отыр. Алайда Ержан Жұматұлы 1975 жылы бой көтерген ескі ғимараттың сұрықсыз келбетін сынға алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін тілге тиек етті. Бұдан кейін ол аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығын аралады. Ғимаратта орналасқан Жастар коворкинг орталығын, кітапхана мен үлкен залды көріп, қызметкерлерімен сұхбаттасты. Ғимараттағы жедел штабтың блок бекеттері мен бақылау камераларын іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ ол бетперде тігумен айналысып жатқан тігіншілермен де тілдесті. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Кендия Пірманның айтуынша, олар күніне 100-ден аса бұйым тігіп, қарттар мен мүгедектерге тегін үлестіруде. Оның үстіне 2-3 қабатты бетперде бірнеше рет жуып қолдануға арналған. Әйткенмен, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бұл ғимарат та күрделі жөндеуге сұранып тұрғанын жеткізді. Тек оған қолдау табылса игі. Іссапар барысында облыс әкімінің орынбасары Қаратау қаласының 3-шағын ауданының №4 көп пәтерлі тұрғын үйіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. «Бижан А.О» жеке кәсіпкерлігі жұмыстарды уақтылы аяқтаған соң, бұл ғимараттар да өткен жылдың соңында пайдалануға берілген жатақхана тәрізді осал топ өкілдеріне пана болмақ. Осы төңіректе орналасқан 720 орындық Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке бас сұққан топ бұл білім ұясына да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына куә болды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша «Жолғай» ЖШС күрделі жөндеу жұмысын тамызда аяқтауы тиіс. Алайда Ержан Жылқыбаев мердігер компанияның басшысына қолға алған тірлікті мерзімінен бұрын аяқтау керектігін тапсырды. Келесі нысан «Нұр-Дос» жиһаз цехы мен сұлулық салоны болды. Жас кәсіпкер Досбол Байжанов қайтарымсыз грант алған. Бағасы қолжетімді, дей тұрғанмен алда ол үстел жасау цехын ашуды да жоспарлауда. Бұдан бөлек, орталық стадионның жүгіру алаңы мен батыс және шығыс көрермендер мінберіне жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеулермен, мемлекеттік меншікке сатып алуды қажет ететін жабық нысандағы балалар бассейнімен танысып, сапалылыққа мән беруді тапсырды. Ал бұдан өзге бірқатар нысандарда болған өңір басшысының орынбасары ондағы мәселелерге де көз жеткізді. Мысалы Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің оқу ғимараты мен шеберханасы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 40 жылдан астам жөндеу көрмеген білім ошағының тозығы жеткен. Сондықтан ілгеріде бірнеше рет хат жазылып, тапсырыс та берілген. Бірақ сұраныстары оң шешім таппаған. Ал аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бір ғимаратта орналасқан. Балалар өнер мектебі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында қордаланған мәселе шаш-етектен. «Еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамту үлесін ағымдағы жылы қалада 35,3, ауылда 26,7 пайызға жеткізу қажет. Қазіргі таңда қалада оның 24,8, ауылда 8,8 пайызын ғана орындап отырмыз. Жоспарға сәйкес көрсеткішке жету үшін қалаға 1100, ауылдық жерге 1800 қосымша орын жетпейді», – дейді мектеп директоры Гүлмира Күсепбаева. Іссапардың келесі кезеңінде Ержан Жұматұлы Ақкөл ауылында орналасқан бірқатар білім және мәдени нысандардағы жұмыстармен танысты. Атап айтсақ, олар: Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебі, О.Иманалиев атындағы Мәдениет үйі мен Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің аталған ауылдағы филиалы мен Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда да өзекті мәселелер жоқ емес. Мәселен, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің Ақкөл ауылындағы филиалы қазіргі таңда жұмыс істемейді. Оның ғимаратын күтіп-ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, бүгінгі күнге оқып жатқан 18 студент Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне ауыстырылған. Ғимарат облыстық білім басқармасына қарасты болса да, колледждің бос тұрған ғимараты қазіргі таңда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сауықтыру орталығын ашу үшін берілуде. Ал Ы.Алтынсарин атындағы мектепке күрделі жөндеу қажет. Мәдениет үйіне болса, шатыры, ішкі жұмыстары, жылу жүйесінің тозығы жетуіне байланысты ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Іссапар соңында Ержан Жылқыбаев жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуын жергілікті әкімдікке табыстады.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді