Телефон «терроризмі» ойыншық емес

Телефон  «терроризмі» ойыншық емес
ашық дереккөз
Телефон «терроризмі» ойыншық емес

Соңғы уақытта жарылғыш заттар туралы жалған хабар беретіндер көбейіп кетті. Бір ғана мысал, өткен жылы облысымызда құқық қорғау органдары терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 242-бабына сәйкес, 106 қылмыстық іс қозғаса, биыл жыл аяқталмай жатып 8 іс қозғаған. Шамасы, «қалжыңбастар» оның соңы неге әкеп соғатынын білмейтіндіктен болар. Мұндай қылмыстың түрі ауыр дәрежелі қылмыс санатына жататындықтан, жаза ретінде 6 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев жалған хабарлаушылар жасөспірім болса да, тіпті нәрестелі ана болса да сот процесінде прокурорлар неғұрлым қатаң жаза сұрайтындықтарын айтты. Өйткені, облыстық прокуратура мұндай фактілердің көбейіп кеткендігіне алаңдаулы. Осындай әрбір дерек бойынша құқық қорғау және арнайы органдар жылдам әрекет жасайды. Қауіпті орыннан халық қауіпсіз жерге көшіріліп, күдік тудыратын құралдар ізделеді. Материалдық шығын өз алдына. 8(Арнайы органдардың шығындарын кінәлі тұлғалар өтейді. Мәселен, облыс соттарында арнайы және жедел қызмет органдарына жалған терроризм салдарынан келтірілген 700 мыңнан астам шығынды өндіру туралы бес талап арыз қаралды). Жалған хабар жеткізген адамды анықтау үшін жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі. «Заманауи техниканың мүмкіндіктері мен тәжірибенің арқасында ақпарат берген тұлға мен оның тұрған жерінің анықталмай қалуы мүмкін емес», – дейді Айдос Майлыбаев. Өткен жылы шиеттей балалары бар Сейтманова есімді азаматша «орталық базарда жарылғыш бар» деп хабарлағаны үшін Тараз қалалық сотының үкімімен бір жылға сотталды. Облыс орталығындағы №46 мектепке «бомба қойылды» деп «қалжыңдаған» кәмелет жасына толмаған Белозеров те екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал орталық мешітке «бомба қойған» Курбанов төрт жылын түрмеде өткізбек. Соңғы екі айда Тараз қаласындағы «Ауыл-береке» базарына жарылғыш зат орнатылғаны туралы көрінеу хабарлау фактісі бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге салсақ, құқық қорғау органдарына 30-31 шілдеде және 2 қыркүйекте «Ауыл-береке» базарында жарылғыш зат бар» деген мазмұндағы  жалған хабарлар түскен. Ал 30 тамызда жаңа оқу жылы қарсаңында сауда қызып тұрған шақта, базар аумағында адам мен көліктің көп болған сәтінде тұрақтағы автомобильдердің бірінен жанғыш заттар табылды. Нөмірсіз ескі көлік ішінен будақтаған түтін шығып жатқанын байқағандар, арнайы мамандарды шақырып, дереу апаттың алдын алды. Егер қаскөйлердің жоспары жүзеге асса, жарылыстан адам шығыны орын алары сөзсіз еді. Жедел әрекеттің нәтижесінде осы оқиғаға қатысты ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер департаменттерінің  қызметкерлері Ержан Шақбатыров пен Жақсылық Оспанқұловты ұстады. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау абақтысына қамалып, қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың бірі жарылғыш зат туралы хабарлаған, ал бірі автокөлікке жанармай және жарылғыш заттарын салып, жарып жібермек болған. Екеуі де бір-бірімен байланысты 29-30 жастағы жергілікті тұрғындар. Бір ғана жалған хабар қауіпті қылмыскерді ұстап, бұдан маңызды іспен айналысуы тиіс құзырлы орган қызметкерлерінің қаншама уақытын алады. Сондықтан, мұндай адамды «мемлекеттің жұмысына кедергі келтірген жан» деп түсінген абзал. Қорыта айтқанда, мемлекет азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында әрбір құқық бұзушыны қатаң жауапкершілікке тарту принципін ұстанады. Жалған хабар жақсылыққа апармайды!

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол». 

Ұқсас жаңалықтар