Сапа мен сәулет сай болсын
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысып, олардың сапасы мен атқарылуына қатысты ескертпелерін айтып, тапсырма берді.
Ержан Жұматұлы алғаш бас сұққан нысан облыстық білім басқармасына қарасты саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзеу мектеп-интернатының құрылыс жұмыстары болды.
Келесі кезекте Байзақ батыр көшесінің бойынан салынып жатқан «Arai-Elite» жекеменшік жалпы білім беретін 1025 орындық мектеп-гимназиясының құрылысына атбасын бұрды. Өңірімізге белгілі кәсіпкер, «АрайСтроймаркет-2003» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Арман Еділбаев аталған нысан құрылысының барысымен, оның алдағы жоспар-міндетімен таныстырып шықты.
Бұл жобаға кәсіпкер 3 миллиард теңге қаржы жұмсап отыр екен. Аталған білім ошағы жекеменшік болғанымен, онда оқушылар тегін білім алатын болады. Сондай-ақ құрылысқа жапсарлас орналасқан ғимаратта да жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Онда «ARAI» жеке медициналық орталығы жасақталмақ.
Ал №20 мектеп кешенінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне «Дара» қайырымдылық қоры арқылы 3,5 миллион теңге қаржы бөлініп, мекеме арнайы жабдықтармен, құрылғылармен толықтырылуда. Облыс әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстарын тиянақты жүргізіп, мекеменің ауласын да көріктендіру-көгеріштендіру мәселесін назардан тыс қалдырмау қажеттігін атап өтті.
Халықтың осал топтарына арналып «Арай-2» алқабынан салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысын бақылау да Ержан Жұматұлының назарынан тыс қалмады. Мұндай кешен алдыңғы жылы қаланың «Қарасу» ықшам ауданында көп балалы отбасылар игілігіне берілген болатын. Бұл құрылыстың сапасына ерекше назар аударған облыс әкімінің орынбасары үйлерді қабылдап алу мен оның салыну барысын бақылаушылардың барынша объективті болуын, комиссия және бақылаушы топ мүшелерін барынша жан-жақты қамту қажеттігін ерекше атап өтті. Өз кезегінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай құрылыс қарқынын бақылау мен қабылдап алуда әкімдік мамандарынан өзге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, депутаттар да тартылатынын жеткізді. Құрылыс жұмыстары аяқталып, шілде айында 135 пәтер пайдалануға берілетін болады.
Келесі кезекте Тараз сервис және технология колледжіне бас сұққан Ержан Жылқыбаев онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөнделіп жатқан оқу орнының шеберханасы мен оқу корпусының құрылысына назар аударды. Құрылысқа мердігер деп танылған «Ник-Тараз» ЖШС-нің басшысы С.Шоқатаевқа жұмысты алдағы оқу жылында тап-тұйнақтай тиянақтауды тапсырды. Сондай-ақ білім мекемесінің материалдық-техникалық базасымен, қашықтан оқыту жұмысымен, колледж білімгерлері дайындаған бұйымдарымен танысқан Ержан Жұматұлы колледж директоры Б.Маймышевқа бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары жандандыруды жүктеді.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары «Қарасу» ықшам ауданында 293 миллион теңгеге салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен, «Қаратау» ықшам ауданында «Менің елім» жобасы аясында салынып жатқан балалар ойын және спорт алаңшасының, қайта жөнделіп жатқан теннис кортының жұмысымен танысты.
Ал дарынды ер-балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-лицейінің білім мен тәрбие беру тәжірибесі жылдар бойы республикалық деңгейде көш бастап тұрғаны мәлім. Ал бұл білім ордасының түлектермен кері байланысы өңірдің өзге де мектептеріне үлгі болуы керектігін айтты облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ «JASTAR» қабілет орталығының, Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының, Жамбыл инновациялық жоғарғы колледжінің, дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының, Тараз қаласындағы №1 мектебі жанынан салынып жатқан 300 орындық ғимараттың,олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының, Жамбыл инновациялық-технология колледжінің, №6 қалалық емханасының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Нұр-Сұлтан» орталық алаңында орналасқан ескі музей ғимаратына медиа-холдингті орналастыру ұсынысын білдірді. Ержан Жұматұлы аталған ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттарын жедел әзірлеуді тапсырып, ұсынысты қарастыру қажеттігін жеткізді.
Мұнан өзге тағы бірнеше нысанға атбасын бұрып, олардың жұмысымен жіті танысқан Ержан Жылқыбаев бірқатар мәселелерді атап өтті. Ол барлық мердігер компанияларға жұмыс күшін жергілікті азаматтардан тарту қажеттігін және құрылыс материалдарын жергілікті өндірушілерден алуды нақтылап тапсырды. Айта кетейік, биыл жөндеуден өтіп жатқан нысандардың басым көпшілігі кемінде 30-50 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген нысандар.
Маржан Рақай
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді