- Advertisement -

Жамбыл өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға берді

81

- Advertisement -

Сенбі, 16 мамыр күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен облысымызға келді. Ол өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге аймақтағы су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Тиімді суару жүйесі болмаса, суармалы жер көлемін ұлғайту мүмкін емес. Осындай суармалы алқаптарды облыста 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп күтілуде.

Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде ондағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары осы мәселені шешуге бағытталған.
Ұзындығы 8,4 шақырым болатын «Исмаил» магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар суармалы алқап қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру – Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.
Жалпы, облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 миллиард теңге несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады.
«Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Тараз Химия паркі» ЖШС-ның тірек құрылысын жөндеу қажеттігін атап өтті.
– Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті. Мүмкін болса, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, ол ұзақ уақыт шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 миллионнан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін атап өтті. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керек.
Су мәселесінде тәуелділікті азайту үшін жаңа су қоймаларын құрудың маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Осы орайда, Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр болатын Ақмола су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны – 4,8 миллиард теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек стансасының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету.
Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкін екендігін ескеріп өтті. Мағзұм Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Ұсынылып отырған құрылыстың орнымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды.
Ондай үлгіде тиімділік екі есе артып, судан басқа электр энергиясы да жеткізілмек. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.
«Байзақ» магистральды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда, нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі. Ал Сәмбет магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізбек.
Бердібек Сапарбаев пен Мағзұм Мырзағалиев каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданындағы механикаландырылған жасақтың қызметімен танысты. Жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған.
Сондай-ақ бұл күні Экология министрлігінің басшысы Шу ауданына да барды. Ол алдымен Ескі-Шу ауылдық округінде орналасқан Тасөткел су қоймасында болды. Сыйымдылығы 620 миллион текше метрлі құрайтын су қоймасы 1974 жылы салынып, аудандағы егіс алқаптарын суару мақсатында пайдаланылған. Қазіргі таңда су қоймасы оң жағалау, сол жағалау және Тасөткел магистральды каналы болып бөлінеді. Сәйкесінше ұзындықтары әртүрлі. Осы жайттарды түсіндірген облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев және өзге де жауапты тұлғалар министр Мағзұм Маратұлы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аталған су қоймасын қайта жаңғырту жұмысына «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Мағзұм Маратұлы осы ауқымды жобаға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
– Бізге суды жинап, оны тиімді пайдалануды үйрену керек – деді ол.
Осыдан кейін жұмыс тобы маусымдық дақылдар өсірумен айналысатын «Qyzylsha» ЖШС-на атбасын бұрды. 2018 жылы негізі қаланған серіктестікке 1373 гектар егіс алқабы тиесілі. Соның ішінде 25,5 гектарға қант қызылшасы, 397,5 гектарға жүгері және 950 гектар жерге арпа дақылы егіледі. Серіктестік Қант зауыты құрылысына 63 гектар жер телімін бөлген. Серіктестік өкілдері зауытты іске қоспас бұрын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін жүйеге қою мақсатында өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмысымен айналысып келеді. Қазіргі уақытта 204 гектар алқапқа наурыз айында 3 жаңбырлатып суару агрегаты орнатылды. 270 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Министр серіктестікте атқарылып жатқан тірлікпен танысу барысында жауапты тұлғаларға жұмысты ширата түсуді тапсырды.
Министрдің іссапары Қордай ауданында жалғасты. Ол жұмысын облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашев және аудан әкімі Р.Дәулетпен бірге Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Георгиевск» магистральды каналының жұмысын көруден бастады. Өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының негізінде жүзеге асып жатқан бұл су жүйесінің ауылдағы дихандарға берері мол. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «TARAZ QURYLYS INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің өкілі каналдағы құрылыс жұмыстарының еш кедергісіз жүріп жатқандығын және ағымдағы жылдың қараша айында жоспарға сәйкес аяқталатындығын баяндады.
Мағзұм Маратұлы «Бұл каналдың ауылдағы шаруаларға маңызы жоғары, сондықтан да құрылыс жұмыстары барынша сапалы әрі мерзімінде іске асу керек, құрылыс жұмыстары кезеңінде ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуы тиіс» деп бас мердігер мен тиісті сала мамандарына тапсырма берді.
Аудандағы су тапшылығы мәселесін жою мақсатында жоспарланып отырған Ырғайты және Қалғұты су қоймаларының жобаларымен танысып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Шолпан САБАНОВА.

Жамбыл, Байзақ,
Шу, Қордай аудандары.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support