- Advertisement -

Отан алдындағы парыз орындалды

77

- Advertisement -

Кеше ҚР Қорғаныс министрлігінің Тараз қаласындағы 99205 әскери бөлімінің штаб-пәтерінде облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын ұйымдастыру туралы» Жарлығының талаптарына сәйкес, аймақ басшысы «Облыстың аумақтық қорғанысын ұйымдастыру туралы» шешім қабылдаған болатын. Бұл жөнінде 99205 әскери бөлімінің командирі, полковник Альжан Хамзин тарқатып айтты.
– Аумақтық қорғаныс жоспары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығымен келісіліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен бекітілді. Біздің әскери қызметшілер бір ай бойы қалаға кіреберістегі жол тосқауылдарын, Таразда карантинге ұшыраған нысандарды полиция қызметкерлерімен бірге қадағалап, әртүрлі тапсырмаларды атқарды. Бүгін олар әскери дайындықты аяқтап, Отан алдындағы парыздарын орындады, – деді ол өз сөзінде.
Облыс әкімі аппаратының аумақтық қорғанысты жұмылдыру дайындығы бөлімінің бастығы Мейірбек Пралиевтің айтуынша, облыс әкімдігі аймақтық қорғаныс бөлімдерінің арнайы әскери жүктемелерін ұйымдастыру туралы қаулы қабылдап, 78 әскери резервтерді арнайы әскери дайындыққа шақырды.Әскери дайындыққа шақырылушылардың қызметі үстіміздегі жылдың 15 сәуірінен 14 мамырына дейін өтті.
Мақтарал ауданындағы су тасқыны кезеңінде Түркістан облысында әскери қызметке жауапты адамдар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге де көмектесті. Әскери қызметшілердің жалпы санынан 24 адам Тараз қаласында, 20 адам Қордай мен Сарысу аудандарында және 14 адам Жуалы ауданында қызмет етті. Жеке құрам түрлі тапсырмаларды орындауға әзір болды. Тараздағы қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін жеті жол қоршауына 7 әскери қызметші бөлінді, 17 сарбаз карантинге қойылған тұрғын үйлерді күзетті. Қордай ауданының Сортөбе ауылында 3 жауынгер көшедегі тыныштықты қадағаласа, 17 әскери қызметші блок-бекеттерді бақылауға алды. Сарысу аймағында Халық банкінің қазынашылық бөлімшесі мен «Қазпошта» филиалында 2 жауынгерден тәртіптің сақталуын мойындарына алған, тағы 16 әскери қызметші бақылау-өткізу пункттерінде қызмет еткен. Жуалы ауданында да 9 әскери адам жол тосқауылдарындағы қауіпсіздікті ұйымдастырса, 5-еуі Б.Момышұлы ауылындағы көшелерді күзетті.
99205 әскери бөліміне бөлінген және айлық арнайы даярлықтан өткен аумақтық қорғаныс әскери қызметшілеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Алғыс хаттар мен грамоталар табыс етіп, оларды өз қызметтерінің аяқталуымен шын жүректен құттықтады, Отан алдындағы мінсіз міндеттері үшін ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты рәсімде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 85395 әскери бөлімінің оркестрі рухты көтеретін шеру ұйымдастырып, патриоттық әндер шырқады.
«Мен мамандығым бойынша дәнекерлеушімін, запастағы әскери міндеттілер ретінде қызметке шақырылып, қалаға кіреберістерді күзетіп, блок-посттарда қызмет еттім. Адамдардың ара қашықтықты ұстауын, карантин режімін сақтауын бақыладым.
Менің отбасым, әйелім және екі балам бар. Бейбіт халықтың тыныштығы мен әл-ауқаты үшін қазір көптеген адамдар, әсіресе медицина, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер көп еңбек етуде. Ал біз оларға барынша көмек көрсетеміз», – дейді 31 жастағы қатардағы жауынгер Айдос Қошаев.
«Aq jol –Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support