650 бизнес нысаны жұмысын қайта бастады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінен кейін бірден облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өңірлік жедел штабтың кезекті отырысы өтті.
Еліміздің алдында коронавирустық инфекцияның қайта өршуіне жол бермей, экономиканы қалпына келтіруге қатысты үлкен міндет тұр. Бұл орайда көп нәрсе қазақстандықтардың өздеріне, олардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға деген жауапкершіліктеріне байланысты болып отыр.
Қазір төтенше жағдай режімі аяқталып, мемлекеттік комиссия өзінің басымдықтары мен атауын өзгертпек. Енді ол экономикалық өсімді қалпына келтіру, халықты бұрынғы тіршілігіне тез оралту, тіпті одан да жақсарта түсу мәселелерімен айналысатын болады. Мемлекет басшысы жергілікті материалдарды барынша пайдалана отырып, экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру міндетін жүктеп, «5-10-20» несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа жобаны іске қосуды тапсырды.
Президент өз сөзінде әр аймақ өзінің ерекшеліктері мен ахуалдық жағдайын ескере отырып, карантин шараларын жеңілдету деңгейін анықтайтынын баса айтты. Алдын ала мәліметтер бойынша, 11 мамырдан бастап облысымызда шамамен 650 бизнес нысаны қайта ашылады, онда 6500-ден астам адам жұмыс істейді.
– Ең бастысы – адамдардың денсаулығы. Карантиндік режімді жеңілдету санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына, коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі қауіпсіздік шараларының сапасына ешқандай әсер етпеуі керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол пандемия берген сабақтарды қолдану қажеттігін атап өтті. Бұл – ең алдымен, өміріміздің барлық саласы бойынша цифрлық технологияларды дамыту, онлайн режімінде жұмыс істеуге, қашықтықтан оқытуға, өнімдерді жеткізуге және тағы басқаларға қатысты екендігі айтылды.
– Кәсіпорындар өз жұмысын кезең-кезеңімен бастайды, ал басты міндет – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуінің алдын алу. Президенттің экономиканың жаңа құрылымы туралы тапсырмасына сәйкес энергияның балама көздерін енгізу қарқынын жеделдетіп, инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Әрбір нысанның жеке даму жоспары болуы керек.
Азық-түлік қауіпсіздігіне, жеке қосалқы учаскелерді дамытуға ерекше назар аудару маңызды. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табыстарын ұлғайтуға арналған пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылуы керек, соған орай алдағы уақытта жоба еліміздің басқа да облыстарына таралуы жоспарлануда.
«Атамекен» ҰКК палатасымен, тиісті министрліктермен тығыз байланыста жұмыс жасап, аймақтық экономиканы дамыту үшін жаңа жобаларды қолға алған абзал.
Көп қабатты үйлер мен әлеуметтік мекемелер салуға арналған үй құрылысы комбинатының мүмкіндіктері толық пайдаланылмауда. Құрылатын өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз болатын несие алу үшін нақты жобаларды дайындау қажет.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында барлығы 579 ғана жоба қолға алынған, бұл – өте аз көрсеткіш. Аудандар мен қала әкімдері, жауапты басқармалардың басшылары 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алу үшін БЖТ төлеген азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істегені дұрыс. Оларға қайтадан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына енуге рұқсат етілмейді. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын құру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету және салық базасын арттыру керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді