Қасқабұлақ – құт ты қоныс

Қасқабұлақ – құт ты қоныс
ашық дереккөз
Қасқабұлақ – құт ты қоныс

Қасқабұлақ – Қаратау қаласының оңтүстік-батысында орналасқан елді мекен. Онда күрді ұлтының өкілдері жергілікті халықпен бірлікте, ырысты ынтымақта тұрып келеді. Өйткені жергілікті тұрғындар достық қарым-қатынастан – бірлік, бірліктен – тірлік, тірліктен – жеңіс, қуаныш пен бақыттың туындайтындығын жақсы біледі. Өткенге зер салсақ, отызыншы жылдардың орта тұсында өзге ұлт өкілдері Әулиеата өңіріне күштеп жер аударылған еді. Солардың қатарында Әзірбайжан елінен қоныс аударған күрділер де болды. Оларды алдымен 1937 жылы Ойық ауылына қоныстандырғанымен, табиғатына бейімделіп, жерсініп кете алмапты. Сөйтіп ауыл қарияларының тілегімен Қаратау етегіндегі Қасқабұлақ өзенінің бойына қоныстандырған. 80 жылдан астам уақыт ішінде олар тау баурайын құтты қонысына айналдырып қана қоймай, төскейге түлік өргізіп, жердің несібесін мейлінше пайдалануға тырысып келеді. Ерінбей еңбек ете білгендердің арқасында бүгінде ауыл тұрғындарының көйлегі көк, көңілі тоқ. Жалпы, бұл округ тұрғындарынан бүгінге дейін бірде-бір отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірмеген. Бұл ауылдағы бірлік пен ондағы тұрғындардың бақуатты тұрмысын танытса керек. Қасқабұлақта 1204 адам тұрады. Олар 19 мың бас қой-ешкі, 1050 бас мүйізді ірі қара ұстап отыр. Көсегенің көк жонында 1740 гектар егістік алқабы бар. Қолдағы барды ұқсата білген, табысын тірліктен айырып отырған олар еңбектен қол үзбей келеді. Бүгінде округтегі 14 шаруа қожалықтың жартысы мал, келесі жетеуі егін шаруашылығымен айналысады. Онда 2018 жылы соңғы үлгімен соғылған 120 орындық орта мектеп пайдалануға берілсе, өткен жылы ауылға кіреберістегі 12 шақырым автомобиль жолына асфальт жабыны төселген. Бұдан бөлек, жаңа жыл қарсаңында «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 758 миллион теңгеге ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта ілкімді істер мұнымен шектелмек емес. Қазіргі таңда жеті көшенің төртеуіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын жасау тапсырылса, ауыл ішіндегі үш көпір қайта жаңғыртылмақ. Олар қысылтаяң уақытта барымен бөлісіп, бауырға басқан қазақты қамқоршы санайды. Содан болар, екі ұлт аралас-құраластықта, тату-тәтті тұрып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылдық округіне жасаған жұмыс сапарында орта мектепте қазақ тілі сыныптарын ашу жайында айтқан болатын. Елдің игілігіне, ортақ түсіністікке негізделген ұсыныс аяқсыз қалған жоқ. Қазір мұнда мектеп табалдырығын аттаған балаларға даярлық сыныбы ашылды. Оқушылардың мемлекеттік тілдегі сауатын ашу үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдігіне арнайы штат бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта кеңейту жоспарда бар. Кездесуде өңір басшысынан ауыл тұрғындары екі көше мен жол қатынасын жеңілдету үшін ауыл ортасындағы өзенге көпір салып беруді сұраған. Облыс әкімінің ықпалымен екі көшеге 10 миллион 915 мың теңге, көпір салуға 9 миллион 504 мың теңге қаржы жол картасы аясында бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Мұндағы бір ерекше атап өтерлігі, көше атауларының барлығы ел тәуелсіздігіне байланысты ортақ атауларды иеленген. Егер тау етегіндегі бұл ауылға жолыңыз түссе көшелерден «Бейбітшілік», «Тәуелсіздік», «Астана», «Бәйтерек», «Жібек жолы» сынды жазуды көзіңіздің шалары анық. Мұны екі ұлттың бір-біріне деген риясыз ықыласы мен қалтқысыз жасаған қызметі арасындағы шынайы достықтың нәтижесі деп бағалауымыз керек. Қасқабұлақтық жастардың тәртіпке бойсұнуы, ақсақалдардың сөзіне құлақ асып, әдеп сақтауы кім-кімді болса да тәнті етпей қоймайды. Мұндағы дүкендерде 10 жылдан бері арақ-шарап, темекі сатылмайды. Бұған уәж білдірген адамды тіпті көрмейсіз. Ал ұрлық-қарлық атымен жоқ. Шаңырақтардың іргесі берік. Соңғы бес жыл ішінде отбасын құрғандардың арасында ажырасу оқиғасы тіркелмеген. Міне, ынтымақ қосып, ел болып, жұрт жасаған тірліктің нәтижесі. Ауылды айрандай ұйытып отырған, татулық пен бірлік және ортақ тілек.

Қадірбек САДУБАЕВ, аудан әкімінің орынбасары.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар