Медицина қызметкерлеріне үстемеақы берілді

Медицина қызметкерлеріне үстемеақы берілді
ашық дереккөз
Медицина қызметкерлеріне үстемеақы берілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі COVID-19 коронавирусты бақылау аясында эпидемияға қарсы іс-қимылға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы бұйрығына сәйкес, аталмыш қауіпті дертпен күресіп жатқан денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы мөлшері белгіленді. Мемлекеттік бюджеттен 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін бекітілген үстеме көлемінде материалдық қолдау көрсету үшін қаражат бөлінді. Ал қор қаржылық оператор рөлін атқарып, аталған қаражатты медициналық ұйымдарға жібереді. Үстемеақы алушылардың тізімін жасақтауға әрбір өңірде құрылған шұғыл штабтар жанындағы комиссия құзырлы. Олардың құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақ өкілдері кіреді және облыс әкімінің орынбасарлары деңгейінде басқарылады. Яғни нақты айтқанда үстемеақы төлеу туралы шешімді қор шығармайды. Жоғарыда аталған Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлеріне берілетін үстемеақы көлемі COVID-19 коронавирусты жұқтыру қаупінің үш тобы бойынша жүргізілетін болады. Бірінші тәуекел тобы – өте жоғары, бұл жұқпалы стационарлардың, реанимация бөлімшелерінің дәрігерлері, аға және орта медициналық қызметкерлер. Оларға 20 АЕК – 850 мың теңге көлемінде үстемеақы төлеу қарастырылған. Екінші топқа (жоғары қауіп) провизорлық стационарларға тартылғандар, жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация дәрігерлері мен фельдшерлері кіреді. Оларға 10 АЕК – 425 мың теңге көлемінде үстемеақы төлеу қарастырылған. Үшінші топқа (тәуекелдің орташа деңгейі) дәрігерлер, карантиндік стационарлардың орта және кіші медициналық қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалар жатады. Оларға 5 АЕК – 212,5 мың теңге көлемінде үстемеақы төлеу қарастырылған. Қор барлық стационарлармен келісім-шарттар жасасты. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті кесте бойынша жүргізіледі. Облыста алғашқы үстемеақы төлемдердің сомасы 40,1 миллион теңгені құрады. Облыс бойынша денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс әкімінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №73 «COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, наурыз айына нақты жұмыс атқарған уақыты бойынша 270 қызметкерге барлығы 40 100,0 мың теңге көлемінде үстеме ақы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры арқылы төленді. Оның ішінде 40 дәрігер, 129 орта буын, 89 кіші буын медицина қызметкері, 12 жүргізуші бар. Атап айтсақ, бірінші топтағы инфекциялық стационарда барлығы 28 медициналық қызметкерге 4900,0 мың теңге, екінші тәуекел топтағы провизорлық стационарда 37 медициналық қызметкерге 10900,0 мың теңге, үшінші тәуекел тобының карантиндік стационардағы 205 медициналық қызметкерге 24300,0 мың теңге төленді. Медицина қызметкерлерін қаржылай қолдаудың мақсаты – COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы шаралардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Мавлюда Бокаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры.

Ұқсас жаңалықтар