Еңбеккерге қолайлы жағдай жасау – жұмыс берушінің басты міндеті
- author «Ақ жол»
- 30 сәуір, 2020
- 309
Осыдан 31 жыл бұрын АҚШ пен Канаданың кәсіподақтары мен жұмыскерлері өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандарды еске алу акциясын өткізіп, сол арқылы көпшіліктің назарын еңбекті қорғау саласындағы мәселелерге аударуға тырысқан еді. Ал 2003 жылдан бастап Халықаралық еңбекті қорғау ұйымы 28 сәуірді ресми түрде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні деп жариялады. Осы іс-шара арқылы халықаралық ұйым бүкіл дүниежүзі қауымдастығының көңілін туындап отырған мәселеге аударды. Жұмыс орындарындағы адам өлімі мен өндірістік жарақаттанушылықты барынша азайтуға күш салды. Сол арқылы жұмыс берушілерге жұмысшылардың сақтық шараларын күшейтуге шақырды. Халықаралық ұйымның статистикалық мәліметіне сүйенсек, әлемде күніне өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде 6300 адам жазатайым оқиға мен кәсіби аурудан қаза табатын көрінеді. Сондай-ақ жылына 2,3 миллион адам жазатайым оқиғалар мен өндірістік кәсіби ауруларға шалдығып, оның 317 мыңы жазатайым оқиғадан, 1,7-2 миллионы жұмысына байланысты кәсіби аурулардан көз жұмады екен. Ал біздің облыстағы өндіріс ошақтарында өткен жылы 54 кездейсоқ оқиға орын алып, соның салдарынан 69 адам зардап шексе, оның 26-сы жеңіл, 29-ы ауыр жарақат алған. Өкінішке қарай жазатайым оқиғадан 14 адам қайтыс болды. Еңбек инспекциясы жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықты болдырмау мен оның алдын алуға бағытталған жол картасын әзірледі. Бұл жол картасының аясында еңбек қауіпсіздігіне қатысты 69 іс-шара (10 ашық есік, 56 семинар-кеңес, 3 мастер класс) ұйымдастырылып, 250 мақала мен ақпараттық пост (әлеуметтік желілер мен ресми сайт арқылы – 75, БАҚ беттерінде – 75, телеарналар арқылы – 6, билбордтар мен ЛЭД экрандар арқылы – 45) жарияланды. Жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 1114 адамның білімдері тексеріліп, еңбек қауіпсіздігіне жауапты 2271 қызметкерге еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда облыстың ірі кәсіпорындарында өндірістік жарақаттанушылықты барынша төмендету мақсатында «Халықтық бақылау» және «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамаларын енгізуге бағытталған түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қауіпсіз еңбек туралы мәселе қозғалғанда бірінші кезекте өндіріске жаңа сандық технологияларды енгізу, автоматтандыру, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелерін шешу қажеттілігі туындайды. Бұл туралы – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған болатын. Бұдан бөлек, өндірістік жарақаттанушылық пен жазатайым оқиғалардың алдын алудың бір жолы – Дүниежүзілік еңбекті қорғау ұйымы ұсынған (OHSAS 18001:2007, ГОСТ 12.0.230-2007) халықаралық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын облыс кәсіпорындарында енгізу (қазіргі таңда бұл облыстың 103 кәсіпорнында енгізілген) жұмыстарын жандандыру болып табылады. Ата Заңымыз – Конституцияда мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі делінген. Олай болса, барлық жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын ұстана отырып, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастырып, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылыққа жол бермеуге бағытталған пәрменді іс-шаралар қабылдауға шақырамын. Сонымен бірге елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көптеген жұмыскердің карантиндік режімде қиыншылықтарға тап болып отырғандығын ескеріп, жұмыс берушілерге жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына және әлеуметтік тұрғыда қорғалуына барынша ықпал ету іс-шараларын қабылдауға шақырамын.
Қайрат ДОСАЕВ, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді