«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кез келген мұқтаж жан көмек алуы тиіс

Кез келген мұқтаж жан көмек алуы тиіс
ашық дереккөз
Кез келген мұқтаж жан көмек алуы тиіс

Өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан халқына Үндеуінде айтылған міндеттерді жүзеге асыру туралы мәселе қаралды.

Бүгінгі таңда облыста коронавирустың 108 жағдайы тіркелген, 43-і емделіп шықты. Негізгі міндет – науқастардың санын көбейтіп алмас үшін қатаң бақылауды босаңсытпау. Басқосуда облыстық жедел штабтың төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең алдымен медицина және полиция қызметкерлері өтуі тиіс «COVID-19» бойынша тесттердің санын арттыруға назар аудартты. 261 мыңнан астам жамбылдық жалпы сомасы 11,5 миллиард теңге болатын 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қол жеткізген. Ал 77 мың адам 440 миллион теңгеге азық-түлік жиынтығын алды. «Біз біргеміз!» акциясы аясында жалпы 834 миллион теңге жиналып, 17 мыңнан астам адам қамтылды. Екі мың дәрігер мен полиция қызметкерлеріне 210 миллион теңгеге үстемеақы мен сыйақы төленді. – Жұмысын бастайтын шағын және орта кәсіпорындардың тізімін жасау керек. Оларға жұмысын қайта бастау үшін рұқсат тек қауіпсіздік техникасы мен санитарлық талаптарды сақтай алатындығын дәлелдей алғанда ғана беріледі. Олардың сақталуын бақылау аудан әкімдеріне жүктеледі, – деді өңір басшысы. Күніне кемінде екі рет дезинфекциялау және қорғаныс костюмдері мен бетперделерінің болуы басты назарға алынбақ. Ұсынылған шағын және орта кәсіпорындар тізімінен шаштараздар мен сұлулық салондарын алып тастау туралы шешім қабылданды. Онда адамдардың жиі байланыста болуы мүмкін және санитарлық талаптардың орындалуы қиын. Алайда қызмет көрсету станциялары, автожуу, азық-түлік емес дүкендер және басқа да нысандар өз жұмысын бастайды. Ал мейрамханалар мен кафелер әлі де жеткізіп беру режімінде қызмет ете береді. Жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың біреуі қамқорлықсыз қалмас үшін белсенді демеушілерді тартуды жалғастыра беру қажет. – Үйлестіру кеңсесіндегі және әлеуметтік бағдарламалардағы барлық тізімдерді тексеріңіздер. Көмекке мұқтаж кез келген адам көмек алуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді екінші қайтара төлеу шараларын, коммуналдық шығындарды өтеу үшін 15 мың теңгені рәсімдеуді ұтымды ұйымдастыра білу қажет. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен оларға теңестірілгендер тиісті төлемдерге қол жеткізеді. Облыстағы соғысқа қатысқан 57 ардагерге 1 миллион теңгеден беріледі. Оларды қала және аудан әкімдері арнайы жеке құттықтайтын болады. Тиісті орындар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратып, қоғамда дүрлікпе туғызатын тұлғаларды анықтау жөніндегі жұмысты жандандыра түсуі маңызды. – Мемлекет басшысы айтқандай, 11 мамырға дейін ел экономикасын қалпына келтірудің кешенді жоспары түзіледі. Осы орайда облыста 7 мамырға дейін өз нұсқасын әзірлеп, Үкіметке ұсынуы керек. Шектеу шараларын енгізу аймақтық экономикаға қай деңгейде әсер ететіні, қандай шаралар көп зардап шегеді, қай жерлерде табыстың төмендеуі, жұмыссыздық деңгейі артатыны туралы болжам жасау қажет. Бастапқы болжамдарға сәйкес, бұл сауда, кәсіпкерлік, мәдениет, өнер және спорт салалары. Осыған орай 30 сәуірге дейін аумақтық жұмыспен қамту жол картасын әзірлеу қажет. Негізгі мақсат – кемінде 26 мың, оның ішінде 11 мың тұрақты жұмыс орнын құру, жұмыс орындарының жаппай босауына жол бермеу. Ең бастысы – тәртіпті сақтау, әр адамның өз тағдыры үшін ғана емес, сонымен бірге жақын және айналасындағы адамдардың тағдыры үшін де жауапкершілікті сезінуі тиіс, – деп Бердібек Сапарбаев жедел штаб отырысын қорытындылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар