«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бақылауды босаңсытып алмайық

Бақылауды босаңсытып алмайық
ашық дереккөз
Бақылауды босаңсытып алмайық
Елдегі қалыптасқан жағдайды ескере отырып және мемлекеттік комиссия мен сарапшылардың ұсынысы негізінде Қазақстан Президенті төтенше жағдай режімін ағымдағы жылдың 11 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 сәуір күнгі халыққа жасаған Үндеуінде хабарлады. Облыстық әкімдікте Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жаңа жағдайларға байланысты жергілікті атқарушы органдардың міндеттері талқыланды. – Карантиндік режім ерте ме, кеш пе аяқталады. Ал өмір жалғасуда. Бүгінде өндірістік кәсіпорындар мен қызмет көрсету саласының жұмысын жаңғырту туралы ойластыру керек. Алдағы күндері облыс бойынша бірқатар шағын және орта бизнес нысандары өз жұмысын жалғастыра бастайды. Бірақ инфекцияның таралу қаупін ескерусіз қалдыруға болмайды. Ол әлі бар. Сондықтан барлық жерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар жиында биыл облыс аумағындағы күрделі құрылыстар және жылжымайтын мүліктерді жаңғыртуға қомақты қаражат бөлінетіні айтылды. Ол уақтылы әрі сапалы игерілуі тиіс. Осыған байланысты конкурстық рәсімдердің жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Алдын ала нәтижелер құрылыс нарығын негізінен жергілікті компаниялар игеріп жатқандығын көрсетеді. Оларға негізінен аймақта өндірілген құрылыс материалдарын пайдалану қажеттігі айтылды. Сырттан жеткізілмеу керек. Ондағы мақсат – кәсіпорындарды толық жүктемесіне шығару. Аграрлық салада егіс алқаптарын ұлғайту – маңызды міндет. Оны арттыра отырып, өнім түрлерін де көбейту маңызды. Қалыптасқан жағдайды ескерсек, күзге қарай ол өнімдерге сұраныстың жоғарылайтыны сөзсіз. Бердібек Сапарбаев азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану және қосымша мүмкіндіктерді іздестіру керектігін баса айтты. Мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік төлемдерге мұқтаж азаматтар барынша қол жеткізе алуы тиіс. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға демеушілерді белсенді түрде тарту қажет. Әлеуметтік жағынан осал азаматтар санатының ешқайсысы бұл қиын уақытта биліктің назарынан және қамқорлығынан тыс қалмауы керек. Жиында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа нақты тапсырмалар жүктелді. Қалалық әкімдік көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру және тағы басқа да бағыттар бойынша бағдарлама әзірлеп, іске асыруға кірісу керек. Сөз соңында Б.Сапарбаев коронавирусқа қатысты жағдай әлі де күрделі болып қалатынын және босаңсуға әлі ерте екенін тағы да еске салды. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталмаса инфекцияның жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Оған жол бермеу керек.

Ұқсас жаңалықтар