Жергілікті құрылыс материалдары да қиындықтан құтқарады

Жергілікті құрылыс материалдары да қиындықтан құтқарады
ашық дереккөз
Жергілікті құрылыс материалдары да қиындықтан құтқарады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс саласындағы кәсіпорындардың жаңа маусымға дайындығымен танысуды жалғастыруда. Құрылыс маусымы басталды, алайда жұмыстың негізгі көлемі әлі қарқын алған жоқ. Кезекті аралау барысында өңір басшысы «Альтаис Групп» холдингіне кіретін кәсіпорындарға атбасын бұрды. Асфальт-бетон зауыты елімізде алғашқылардың бірі болып қиыршықты-мастикалық асфальт қоспасын шығаруды қолға алған. Оның нақты қолданысын облыс орталығының орталық алаңында көруге болады. Қазіргі уақытта мұнда сағатына 180 тонна асфальт-бетон шығарылуда. Өндірістік үрдіс толығымен автоматтандырылған, сондықтан АБЗ-да бар-жоғы 13 адам еңбек етуде. Сондай-ақ кәсіпорында сыйымдылығы алты мың тонна битум сыйымдылықтары, 4,5 мың тонна инертті материалдар қоймасы, 150 тонна қазандар, шикізат пен дайын өнімнің сапасын бағалау зертханасы жұмыс істейді. Бұдан басқа, холдингтің Меркі ауданында қуаттылығы сағатына 56 және 35 тонна болатын осы секілді екі зауыты бар. Битум – Павлодар мұнай-химия зауытынан, «Газпромнефть-Қазақстан» ЖШС Шымкент шағын зауытынан және Ақтаудағы «Каспий-Битум» кәсіпорнынан сатып алынады. АБЗ-ні инертті материалдармен нығайтуды жақсарту үшін оны түрлі қоспалармен қанықтырады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, облыс бойынша 30 мың тонна битум қорын жасақтайтын қоймалар бар. Бердібек Сапарбаев қазақстандық өндірушілермен жедел келісімшарт жасап, қолда бар битум қоймаларын толтыруды ұсынды. Бір аумақта орналасқан «Южкомторг» ЖШС тауарлық бетон және темір-бетон бұйымдарын шығарады. Онда 34 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа еңбекақысы 150 мың теңге. – Ағымдағы жылы Ақкөл көліндегі бөгетті қайта жаңғыртуды, Тасөткел су қоймасын және көптеген су шаруашылығы арналарын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс ауқымды, сондықтан барлық қажетті материалдарды дайындау қажет. Жергілікті қамтуды арттыру бойынша құрылыс компанияларының қызметіне бақылау жасалады, – деп атап өтті өңір басшысы. Холдинг басшысы Әлімбек Жұмабаев кепілдік қызмет көрсету ережесіне жолдағы жарықтарды жабу шартын енгізуді ұсынды. Бұл жолдардың сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал қосымша шығындарды тек өз ісіне немқұрайлы қараған құрылысшылар көтереді. 2010 жылы іргесі қаланған «Тараз Кәусар Мұнай» ЖШС мұнай базасы бір мезгілде бес мың тоннаға дейін мұнай өнімдерін сақтай алады. Қаңтар айында мұнда 14 қызметкердің жалақысы 25 процентке өскен. Бензиннің көтерме бағасы литріне 120 теңге, дизель – 170 теңге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 158 теңгеден. Бердібек Сапарбаев коронавирустық инфекцияны таратпау бойынша қорғау шараларының қалай сақталатынын, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізудің жүйелілігін тексерді. «Таразқұрылысинвест» ЖШС логистикалық қызметтер көрсетеді. Азаматтық және өнеркәсіптік ғимараттарды, газ құбырлары мен инженерлік желілерді жүргізеді, құрылыс материалдарын шығарады. Ағаш өңдеу цехы, шыны құтылар мен құрылыс материалдарын өндіру цехтары жұмыс істейді. Ұжымда 250 адам тер төгуде десек, олардың орташа жалақысы – 145 мың теңгені құрайды. Облыс әкімі терезе және есік профильдерінің өндірісін қолға алуды ұсынды. Бүгінде олар өңірімізге Алматыдан жеткізілуде. – Биыл Тараздағы 165 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сондықтан балалар ойын алаңдары үшін кішігірім архитектуралық нысандар өндірісін еселеу керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ұқсас жаңалықтар