Үш облыста су тасқыны кезеңі мамырға дейін жалғасады

Үш облыста су тасқыны кезеңі мамырға дейін жалғасады
ашық дереккөз
Үш облыста су тасқыны кезеңі мамырға дейін жалғасады
Синоптиктер апталық гидрологиялық болжамын жариялады Синоптиктер 25 сәуір - 1 мамыр аралығындағы апталық гидрологиялық болжамын жариялады. Болжамға сәйкес Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқыны кезеңі мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қазгидрометке сілтеме жасап. 2020 жылғы 17-23 сәуір аралығында Қазақстан аумағының қар жамылғысы алаңы қысқарды және ол барлық аумақтың 2 пайызында қалған. Бұл NASA спутниктерінің жерді қашықтықтан зондтау барысында түсірген әрі «Қазгидромет» өңдеген суреттерден көрінеді.
«Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Қарағанды облыстарында өзендерде су деңгейінде аздап ауытқу болуы ықтимал, бірақ көктемгі су тасқынының биік шегі өтті. Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жазық және тау бөктеріндегі аумақтарда қар жамылғысы толығымен еріді. Одан әрі жағдай жауын-шашынның температуралық режиміне және қатты нөсердің жаууына орта таудағы (2 000 м дейін) және биік таудағы (2000 метрден жоғары) қардың еру қарқынына байланысты болады»,  - делінген хабарламада.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқыны кезеңі мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады.
«Апта бойы ауа райы құбылмалы болады, найзағайлы жаңбыр жауады, екпінді жел соғады. Солтүстік өңірлерде жаңбыр арты қарға ұласуы мүмкін. Еліміздің солтүстік-батысында және оңтүстігінде қатты нөсер жауып, түнгі температура минусқа дейін төмендеуі болжанды. Осыған байланысты Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының өзендерінде су деңгейінің көтерілуі болжануда», - делінген хабарламада.
Спутиник түсірген суреттерге сәйкес Шығыс Қазақстан облысының тау өзендерінде қар жамылғысы 8 пайыз шамасында. Синоптикалық болжам негізінде алдағы аптада облыста жауын-шашын түседі, сондай-ақ орта таулардағы қар жамылғысы еритіндіктен, аталмыш өзендердің суының артуы күтіледі.

azattyq-ruhy.kz

Ұқсас жаңалықтар