Бейнеттің дәмі балдай

Бейнеттің дәмі балдай
ашық дереккөз
Бейнеттің дәмі балдай

5Ел тағдыры сыналған сұрапыл соғыс сәт­терінде қызу еңбек арқылы алыстағы ағайын әр сарбазға жылуын сездіріп, жігер берді. Жақыны мен жары үшін, баласы мен бауыры үшін һәм Ұлы Жеңістің жолында ешкім де аянып қалған жоқ. Адамзат әу бастан ынтымақты байланыстың арқасында эволюцияны бағындырып келген, сондықтан бүгінгі бейбіт күнге жеткізген сол тарихтың өшпес бетінде де бірліктің қолтаңбасы жатқанын естен шығармау керек.

Бұл тұста майданнан тыс жердегі бүкіл халық бір екпінде жұмыс істеп, буыны қатпаған бала да, қауқары таусылған қарт та, кейуана, қыз-келіншектер де еңбекке араласты. Мойынқұм ауданындағы бір шаңырақтың белгісін өшірмей, еңбек ұранына үн қосқан Шайбай Қожагелдиев те колхоз шаруасымен біте қайнасқан болатын. Анасынан жастай көз жазып қалған бозбала соғысқа аттанған әкесі мен  ағасынан күнде хабар күтті. Жақын ағайыны Аллабай атасының қолында жүріп, жетіжылдық Ақдала мектебінде білім алды. Бірақ, оқушының көп күні мектеп іргесінде емес, егіннің басында өтті. Соқа айдау, бидай ору, тарыны қырманға бастыру сияқты күйбеңі көп жұмыстар сол кездегі әр балаға таныс. Бұйырған тамақты жеп, бірде аш, бірде тоқ жүруге дағдыланып та қалған. Көбіне өздері өндірген өніммен өлместің күнін жасап, амалдайды. Мәселен, колхоз күнжіт өсірсе, соның майын сығып, тұқыммен араластырып, ауқат қылады. Қыстың боранды күндері болса, оқушылар малдың соңында жүреді. Тым ауыр тірлік жүктелмесе де, жаңа туған төлге, арық малдарға қарау солардың мойнында. Жас Шайбайға көбіне «есепші» міндеті жүктеліп отырған. Күн сайын малдың, өнімнің санағын жүргізіп, ақырында осы еңбегі өмірлік мамандығына жол бастап берген екен. 8-9 сыныптарды Киров мектебінде аяқтап, Жеңістің алғашқы жылдарында колхоз жұмысынан қол үзбей жүре береді. Қызу шаруа қарқыны басыла қоймағанмен, жақындары қасында болған соң, көңілі де орнында. Ағасы Шәйім ауылға тек 1946 жылы келеді, ал, әкесі соғыстың бастапқы уақыттарында еңбек армиясында болып, орта тұсында колхозға оралған. Сол жылдардағы Мойынқұм ауданы партия комитетінің хатшысы Кәрім Шорабеков Шайбайдың әкесі Қожагелді Өсербаев пен оның құрдасы әрі жерлесі, бірге еңбек армиясында болған Жазылбек Қуанышбаевқа колхоз малын бағуды тапсырады. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ж. Қуанышбаев пен Қ. Өсербаев сол кезде койшылықтан бастап, кейіннен Қ. Өсербаев колхоз бригадирлігіне ауысқан екен. Үлкен ұлы Шәйім соғыстан келген соң, бірден қызметке кірісіп кетеді. Жеңістен кейін жаңа өмір басталғаны түсінікті. Тылдың жұмысы тыншып, қан майданнан аман қайтқандармен ауыл қайта қауышып, аласапыран басылды. 1947 жылдың мамыр айында  ауданның орталығында бухгалтерлік курс ашылып, Шайбай Қожагелдиев сонда бір ай оқып шығады. Оқушы кезінде ауылда «есепші» бола жүріп, есепке ширап алған ол алғашқы қызметінде қинала қойған жоқ. 1947-48 жылдары Қызыл Октябрь колхозында санақ жүргізуші болады. 1948 жылдың кыркүйек айында Талдыөзек мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, 5-6 сыныптарға сабақ беруге кіріседі. Ортасында оқуға да уақыт тауып, Жамбыл педагогикалық училищесін 1951 жылы сырттай аяқтайды. Кейіннен Қазақ педагогикалық институтында да білімін жалғастырған. Ол Еңбек, Амангелді, Фурмановка, Карл Маркс, Киров мектептерінде жұмыс істеп, өзінің бала кезінен бойында қалыптасқан еңбекқорлығы арқасында ұлағатты ұстаз атанып, талай шәкірттің есепке сауатын ашқан. Шайбай аға мен өмірлік жары Анаргүл Жарбекованың екеуінің үкілеп өсірген он қызы өз ұяларын тауып, бір-бір ошақтың түтінін түтетіп отыр. Ал, жалғыз ұлы Шайбани екі немере сүйгізіп, қара шаңырақта әкесінің қасында.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар