Егіні бітік, техникасы жаңа

Егіні бітік, техникасы жаңа
ашық дереккөз
Егіні бітік, техникасы жаңа

«Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Шайхиевтің айтуынша шаруашылық 2000 гектар алқапқа арпа, бидай сепкен. Атап айтсақ, бидай – 1500, арпа 500 гектарды құрайды. – Биыл Көкшетаудан Ресейде шығатын айналмалы тырманың екеуін алдырып, іске қостық. Біреуінің құны 2 миллион 600 мың теңге болды,– деді серіктестік басшысы Қанат Кеналыұлы. «Меркі – Андас» жолының солтүстік жағына күзде себілген 200 гектар бидай өскіні тобықтан асып, желмен тербеліп тұр. Ал сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жүретін, алты метр жерді алатын тырма тіркеген екі «МТЗ-80» тракторы егістікті қопсытып, тырмалап жүр. Жанымыздан өте шыққан агрегатқа қарап, оның күздік бидайдың бір түбіне де зиян келтірмей, қатар аралығын мақтадай қопсытып кеткеніне көз жеткіздік. «Ежик» деп аталатын отыз айналмалы тісі бар екен. Ол жерге 5-6 сантиметр кіріп, топырақты қопсытып кетеді екен. – Бұл топырақты қопсытып қана қоймай тыңайтқыштармен қоректенуіне де жол ашады. Арам шөптерді өсірмейді. Бұрын бір гектар жерге 5 литр жанармай кетсе, қазір жаңа техниканың жылдамдығының арқасында 1,5 литр ғана жұмсалады, – деді шаруашылық басшысы. Қазір шаруа қожалығы бар егістігін екінші қайталап тырмалап жатыр екен. Оның оң нәтиже беретіні анық.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар