Сарысудың сәулеті мен дәулеті жарасып келеді
Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап көрсетті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданында жұмыс сапары кезінде тұрғындар тарапынан қордаланып қалған бірқатар шешімін күткен мәселе көтерілген болатын. Жолдау жүктеген міндетті орындау мақсатында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер облыстың даму жоспарына енгізілді.
Аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимараты 1989 жылы пайдалануға берілгеннен бері жөнделмеген. Сонымен қатар 1987 жылы пайдалануға берілгеннен бері жөндеу көрмеген Саудакент ауылдық ауруханасы ғимаратының пайдаланылатын бір бөлігі де күрделі жөндеуді қажет ететін. Ғимараттың тозған бөлігін көрген Бердібек Мәшбекұлы жаңарту жұмыстарына, жылу жүйесінің құрылысына қажетті қаржы бөлуге ықпал ететіндігін жеткізді. Өздері көтерген мәселеге назар аударған облыс әкіміне аудан тұрғындары ризашылықтарын білдіруде.
Орынтай Дүйсенов, еңбек ардагері, Саудакент ауылының тұрғыны:
– Бердібек Мәшбекұлы тұрғындармен кездесуде ұсыныс-тілектерді зейін қоя тыңдады. Саудакент ауылдық ауруханасы пайдалануға берілгеннен бері жөнделген жоқ. Облыс әкімі аурухананың қазіргі пайдаланып отырған бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін жаңарту мәселесін көтерген халықтың үніне құлақ асты. Біз мұны Жолдау жүктеген міндеттің орындалуы деп қабылдаймыз.
Ақтоғай орта мектебі де пайдалануға берілгелі бері жөнделмеді. Одан бері 17 жыл өтті. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шықты. Тоғызкент ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін «Жанна» балабақшасы да ескерусіз қалмайды.
Жыл сайын көркейіп келе жатқан Жаңатас қаласы үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түспейді. Өйткені жұмыс орындары ашылып жатқан соң, халық көбейіп, тұрғын үй кезегіндегі адам саны арта түсуде.
Мұндағы басты мақсат – әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Осы орайда жарты ғасырлық тарихы бар қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында көп қабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуде.
Бүгінгі таңда коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде жалпы саны 1586 адам тіркелген. Осы мәселені шешу тұрғындарды, әсіресе, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруға ықпал етуге өтініш жасаған қала тұрғындарының ұсынысын шешу үшін облыстың даму жоспарына енгізген Бердібек Мәшбекұлына қала тұрғындарының да алғысы мол. Биыл қалпына келтірілетін екінші шағын аудандағы 90 пәтерлік №24 және №26 үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы үйлер қалпына келтірілсе, кезекте тұрған 180 отбасы баспаналы болады.
Қалалық қазандықта да қордаланып қалған мәселе аз емес. Әлбетте, ол да кезегімен шешімін табады.
Нұрсая Есжанова, көп балалы ана, Жаңатас қаласының тұрғыны:
– Жаңатас қаласындағы қалыпқа келтіруге жарайтын үйлер жылдан-жылға жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделіп, кезекте тұрған тұрғындарға берілуде.
Облыс әкіміне көп балалы ана ретінде қаладағы көп қабатты үйлерді жөндеу жұмыстарын жалғастыруға ықпал ету туралы ұсыныс білдірген едім. Екінші шағын аудандағы екі үй қалпына келтірілетін болыпты. Биліктің халықпен етене жұмыс жасауы – Президентіміздің салиқалы саясаты деп білеміз.
Сондай-ақ аулаларды абаттандыру жұмыстары да қарқын алмақ. Үш шағын аудандағы 6 үйдің ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін құжаты әзірленді.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан аудан су тапшылығын да көріп келеді. Биыл жауын-шашынның аз түсуінен ертең күннің ысыған мезгілінде біршама мәселе тудырып, төтенше жағдайдың орын алуына әкеле ме деген қауіп бар. Суармалы егістікті сумен қамтамасыз ету бір күннің шаруасы емес. Сондықтан бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануда тоғандар мен арналардың тозығы жетуі шаруаларға үлкен қолбайлау. Ауданда екі су қоймасы мен 16 ішкі су арнасы, 8 бөгет және аудан аумағынан 6 өзен ағып өтетін су жүйесі болғанымен мәселе өзекті күйінде қалып келді.
Сайлаубек Қалыбеков, еңбек ардагері, Ұйым ауылының тұрғыны:
– Саудакент және іргелес жатқан ауылдардағы тұрғындар үшін бақша суының маңызы зор. Осыған байланысты облыс басшысына көтерген мәселеміздің облыстың даму жоспарына енгені қуантып отыр. Кезінде 45 гектарға дейін бақша дақылдарын еккен Ұйым ауылының тұрғындары «Сарыөзек» тоғанының арығы бетондалатынын естіп қуануда. Осы тоғаннан су алатын тұрғындар бұрын ауылдың екі шетіне де бақша егіліп, пияз, сәбіз, қияр, қызанақпен ауданды ғана емес, Жаңатас қаласын да қамтамасыз етті. Тіпті сонау солтүстік өңірге де жөнелтетін.
Облыс әкімінің ауданға сапары кезінде көтерілген жол жөндеу мәселесі де оң шешімін тауыпты. Аудан бойынша 2020 жылы жөнделуге жоспарланған Жаңатас қаласындағы 11 көшенің жол жабындысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.
Сондай-ақ Тоғызкент ауылындағы Саңырық батыр көшесінің, Әбілда ауылына кіреберіс жолдың жабындысына орта жөндеу, Көкдала-1 ауылы, Игілік ауылы, Өндіріс, Маятас, Ұйым ауылдарының кіреберіс жолдарының жабындысына орта жөндеу үшін қаржы бөлініпті.
Биыл Жаңаталап және Ұйым ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, жаңа жыл қарсаңында ауылдықтар сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Амангелді әбіл
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді