ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАҒАНДАРЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАды

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАҒАНДАРЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАды
ашық дереккөз
ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАҒАНДАРЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАды
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ауданда барлық сақтық шаралары қолға алынуда. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында ауданға кіру-шығу жолдары жабылып, үш блок-бекет қойылған болатын. Дәлірек айтсақ, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолының бойында екі блок-бекет, «Шу-Қайнар» тас жолының бойында бір блок-бекет бар. Мұнда құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айта кеткен жөн. Күні-түні тынбай еңбек етіп, қызметте тұрған ондағы мамандардың жұмысы да күнделікті жіті бақылауда. Әкімдік қызметкерлері мен волонтерлер сала мамандарына қолдан келген көмегін аямай, мейлінше жәрдем беруге тырысуда. Әлбетте, мұны жерлестеріміздің қиын-қыстау кезеңдегі бір-біріне деген қолдауының озық үлгісі деуге болады. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жоғарыда аталған бекеттерден бүгінгі күнге дейін 9113 адам мен 5465 көлік өтіпті. Блок-бекеттегі мамандардың тыңғылықты жұмыс атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы шатырлар құрылып, азаматтарға арналған ақпарат бұрыштары ілінген. Сонымен бірге ондағы жағдайды бақылауда ұстау үшін арнайы бейнебақылау камералары орнатылған. Жолаушылардың дене қызуын қашықтан өлшеуге арналған құрылғылар да жеткілікті. Бүгінгі таңда әр блок-бекетте 5 адамнан кезекшілік қызмет атқарады. Атап айтсақ, аудандық ауруханадан 2 дәрігер, аудандық полиция бөлімінен 2 қызметкер және жергілікті әкімдіктен 1 маман 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істеуде. Кезекшіліктегі қызметкерлердің күнделікті ас-ауқатын аудан әкімдігі қамтамасыз етіп жатқан көрінеді. Мұндағы сала мамандары блок-бекеттен өткен әрбір жолаушының мәліметін тыңғылықты тексеріп, тіркеуге алуда. Соның нәтижесі болса керек, бүгінгі күнге дейін блок-бекеттерде төтенше жағдай режімін бұзу бойынша ешқандай дерек тіркелмеген. Сонымен қатар ауданда шектеу шаралары қолға алынып, көпшілік адамдар жиналатын жиналыстарға, мейрамханалар мен өзге де сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына толық тыйым салынды. Асхана мен дәмханалардың қашықтан қызмет көрсету қағидаты бойынша күндізгі 10.00-ден түнгі 22.00-ге дейін рұқсат етіліпті. Көлік қозғалысына да шектеу қойылып, арнайы рұқсат қағазы бар көліктер ғана жүргізілуде. Құқық қорғау қызметкерлері мен еріктілер аудандағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сенсек, тұрғындар қандай да бір құқық бұзушылыққа бой алдырған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынбақ. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін карантин талаптарына бағынбаған 15 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерген. Осыған байланысты әкімдік қызметкерлері аудан тұрғындары арасында күнделікті түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Енді, міне, облысымыздағы карантин режімі күшейтіле бастады. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов пен аталмыш департаменттің жедел криминалистика басқармасының бастығы Берік Сәлемов Шу ауданына арнайы келіп, мұндағы құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуде. «Карантин режімінің күшейтілуіне байланысты тұрғындардың таңғы сағат 8.00-10.00 және кешкі 17.00 -19.00 аралығында ғана далаға шығуына рұқсат берілген. Көлік қозғалысы да тоқтатылуы қажет. Әзірге тұрғындарға ауызша ескерту беріп жатырмыз. Енді талапқа бағынбағандарды әкімшілік жауапқа тартатын боламыз. Міне, осы талаптарды қатаң бақылау мақсатында басшылық құрамнан 6 адам және 7 экипаж әкеліп отырмыз. Облыс орталығынан көмекке келген қызметкерлер карантин режімі аяқталғанға дейін осы ауданда болады», – дейді Нұржан Алдабергенұлы. Тағы бір айта кетерлігі, жуырда ғана облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік өніміне шекті бағалар қойылған болатын. Атап айтар болсақ, бірінші сұрыпты бидай ұнының бір килограмы – 149, күріш – 258, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны – 138, рожкидің килограмы – 206, қарақұмық жармасының килограмы – 260 теңге, сиыр етінің сүйекті жауырын немесе төс бөлігінің бір килограмы – 1774, бірінші санатты жұмыртқаның 10 данасы – 271, күнбағыс майының литрі – 418, және ас тұзының бір килограмы – 59 теңге көлемінде белгіленген. Аталған азық-түлік өнімдері ел тұрғындарының соңғы айдағы азық-түлік тауарларына деген сұранысын талдау нәтижесінде анықталыпты. Жоғарыда аталған бағаларды бақылауда ұстау мақсатында ауданда арнайы комиссия да құрылған. Олар аймақтағы азық-түлік сататын сауда орталықтарын тұрақты түрде аралап, ондағы бағаның шарықтап кетпеуін назарда ұстауда. Мәселен, жуырда ғана аталмыш комиссия мүшелері бірқатар сауда орталықтарын аралады. Комиссия мүшелері баға тұрақтылығын тексеру кезінде бірқатар сауда орталықтарының бағаны шарықтатқанын анықтады. Дәлірек айтсақ, «Бахар» сауда орталығында жұмыртқа – 34, сиыр етінің килограмы 1800 теңгеден сатылып жатқандығы белгілі болған. Сондай-ақ «Қазына» сауда орталығы да сиыр етінің бағасын көтеріп, килограмын 1900 теңгеден саудалап жатқандығы анықталды. Жалпы, жоғарыда аталған тауарлардың бағасын өсіргендер анықталса, оларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда аудандағы комиссия мүшелері бағаны шарықтатқан сауда орталықтарына ауызша ескерту жасап келеді. Алдағы уақытта тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салынбақ. Ерғали Қартайған Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар