COVID-19: Бізге вакцина керек пе, әлде дәрі керек пе?

COVID-19: Бізге вакцина керек пе, әлде дәрі керек пе?
ашық дереккөз
COVID-19: Бізге вакцина керек пе, әлде дәрі керек пе?
Қазір қауіпті індетке байланысты ғалымдардың пікірі қақ жарылып тұр. Әрине пандемияның өршуі кезінде әлем ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуға барын салуда. Өйткені вирустың тез таралуы, оның ауа райына төзімділігі ойлануға уақыт бермей отыр. Осыған байланысты елі­міздегі Ұлттық биотехно­ло­гиялық орталық пен Биоло­гия­­лық қауіпсіздік проблема­лары­ның ғылыми-зерттеу институты бірлесе отырып COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кеткені белгілі. Мұның алдында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 коронавиру­сын анықтауға арналған диаг­нос­тикалық тест жүйесін әзірлеп шыққаны үшін Ұлттық биотех­нология орталығы мен Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қа­уіпті инфекциялар ұлт­тық ғы­лыми орталығының ұжымд­ар­ын арнайы құттықтаған болатын. Әрине қазақстандық ғалым­дардың бұл бағыттағы қажырлы еңбегіне, аз уақытта қол жеткізген жетістігіне тек сүй­сіну қажет. Де­генмен де қазақстандық ғалым­дар­дың арасында бұл қауіпті ін­детке қарсы вакцинадан гөрі пре­парат ойлап табу керек деген пікір жиі айтылып жүргені жасырын емес. Сонымен бізге ең алдымен не қа­жет? Коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуымыз керек пе, жоқ, дәрі ойлап табуы­мыз керек пе? Жақында ғана ғы­лыми қауымдастық атынан Ұлт­тық ғы­лым академиясының президенті, академик М.Жұрынов нақты және айқын мақсаттарға жарияланған қаржыны тарта оты­рып, отандық антивирустық препараттарды жасау бойынша мемлекеттік бағ­дарлама қабылдау қа­жеттігін айтты. Әлемдегі жағдай­ды әңгіме қылсақ, қазіргі уақытта түрлі елдердің 80-ге жуық компаниясы мен зерттеу ұйымдары COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға тырысуда. Қазірдің өзінде олардың бесеуі адамға сынақ жүргізіп жа­тыр. Яғни Қытай адамдарға сынақ жасауды бастап кетті. Ал АҚШ вакцинаны келесі жылдың ортасында шығармақ. Ресей болса вакцинаға сынақ жасауды жаздың ортасында бастауға уәде беріп отыр. Де­генмен де, бірқатар маман­дар вакцинаны жасап шығару жуық ара­да іске аса қоймайтынына се­німді. Еліміздегі Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановтың ай­туына қарағанда, COVID-19 вак­цинасының тез пайда болуына сенудің қажеті жоқ сияқты. Өйт­кені аталған екпені жасау жә­не сы­нақтан өткізу ұзақ, күрделі және өте қымбат процесс. Әдетте оған кем дегенде 2-3 жыл қажет және жүздеген миллион доллар тұрады. Сонымен қатар көптеген себепке байланыс­ты осы індетке қарсы тиімді вакцинаны жасаудың болашағы да бұлыңғыр. Вирустың мутацияға тез ұшырауы оған қар­сы дайындалған вакцинаны қолданбай тұрып-ақ тиімділігін жоққа шығаруы мүмкін. Осы уақытқа дейін қорғаныс имму­нитетін қамтамасыз ететін вакцинаны жасау мен оның вирус­пен күресуде зардапсыздығына қатысты анықталмаған мәселелер де көп. Соның бірі, адамның им­мунотапшылығы вирусына (ВИЧ) қарсы вакцинаны жасауға 30 жылдан астам уақыттан бері қол жеткізе алмай отырмыз. Ал көп жағ­дайда бұл вирустар өзара ұқсас болып келеді. – Коронавирустардың им­му­ногенділігіндегі маңызды ерек­шеліктерінің бірі – көпші­лі­гінде антиденеге тәуелді күшею бар, – дейді бұл жөнінде Айдын Қыдырманов. – Басқа РНҚ-ды вирустар сияқты коронавирустардың да көбеюінде вирустың сыртқы белоктарының құрамын айтарлықтай өзгеріске соқтыратын көптеген қате түзі­лістер жүреді. Бұл іс жүзінде сим­п­томсыз коронавирусы бар адамға вакцинация жасағанда, сол коронавирус белоктарының дұрыс танылмаған «вакциналық» көшірмесіне күрт күшейтілген ауыр зардапты иммундық қабыну реакциялық процестеріне әкелуі ықтимал. Вакцинадан кейінгі антиденелер концентрациясы вирус­ты бейтараптандыруға қа­жетті қауіпсіз деңгейге жетуге үлгермеуі мүмкін. Бұл жағдайда бірінші типті коронавирусқа қар­сы иммунитеттің болуы коро­навирустың екінші тү­рінің организмге енуін жеңіл­детеді. Мәселен, COVID-19 (SARS-CoV2) вирусының алдында 2002-2003 жылдар аралығында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде болған SARS-CoV вирусына қарсы имму­нитет антиденеге тәуелді кү­шейтуін көрсетті, яғни бұл SARS-CoV вакцинасын адамдарға қол­дану қауіпті екенінің дәлелі. Осылайша вирустың мута­цияға тез ұшырауы мен ұдайы өз­гергіштігіне байланысты COVID-19-ға қарсы жасалатын бола­­шақ вак­цинаның тиімсіздігі туралы пі­кірталас тіптен, қыза түсуде. Өйт­­кені әлемнің басқа түк­пірінде табылған вирус гено­типтері қысқа мерзім ішінде Ухань­да алғаш пайда болған вирустан әлдеқайда өзгеше бо­лып отыр. Вирустың мұндай жыл­дам эволюциясы вирустық белоктар құрылымының өзгеруімен қатар жүреді. Яғни алдында да­йындалған вакциналық препа­раттар кейінгі эпидемиялық штам­дарға қарсы дәрменсіз. Өзіңіз ой­лаңызшы, коронавирусқа қарсы қауіпсіз әрі тиімді вакцина биыл күзді қойып, 2021 жылға дейін дайындалса да эпидемия толқындары жер шарының басым бөлігіне таралып болады. Сондықтан дәл қазір бұл індетті ауыздықтаудың карантинді қатаң сақтаудан басқа жолы жоқтығын көрсетеді. Яғни жаңа инфекцияны емдеуге арналған тиімді дәрі-дәрмектердің жоқтығы жауға қарсы қарусыз шайқасумен барабар деген сөз. – Сонымен қатар осы вирусқа қарсы вакцинаның сәтті шығуына әзірге сенім аз, жасалған күнде де вакцинаның мүлде жұмыс істе­меуі әбден мүмкін, – дейді био­логия ғы­лымдарының докторы А.Қы­­дырманов. – Сондықтан бар­лық күш пен қаржыны вакцина әзірлеуге ғана жұмсамаған жөн, оның орнына бүкіл әлемдегідей дәрі-дәрмектер ізденісін де қатар жүргізген әлдеқайда ұтым­ды. Өйт­кені вирусқа қарсы қор­ғаныс­тың алдыңғы шебінде дәрілер тұрады. Қазіргі уақытта арнайы дәрілік препараттар жасау – бұл адам өмірін сақтауға бағытталған ең маңызды мәселе және оған мемлекет тарапынан қолдау керек. Қысқасы, COVID-19 таралуы­н­а қарсы ұтымды күресу мен ауру жұқ­тырған, әсіресе ауыр нау­қастарды тиімді емдеуде вирусқа шұғыл тосқауыл қоя­тын арнайы препараттар қажет. Өкі­нішке қарай мұндай препараттар әлі жоқ және қазіргі уақытта COVID-19-ды емдеуде қолданылатын дәрілер негізінен ағзаға жанама әсер етеді. Қазір бұл індеттен емдеуде дененің қызуын түсіретін, безгекке қарсы, ілеспе бактериялық инфекцияларға қарсы және тағы басқа антибиотиктер қолданылуда. Бұдан кейде оң нәтиже болмай да жатыр. Сондықтан бүкіл әлем коронавирустарды тежеуге қабілетті вирусқа қарсы жаңа препараттарды іздеуге белсенді түрде кірісіп кеткен. Енді осындай зерттеулерді Қазақстанда да жүргізу қажет. Бұл ретте елімізде тиісті база, вирусолог ғалымдар және осы салада жүргізілген жұмыстар жеткілікті. Мысалы, Алматы қала­сындағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының вирусқа қарсы препараттарды әзір­леуде мол тә­жірибесі бар. Бұл орталықта ұзақ уақыт бойы вирусқа қарсы белсенді өсімдік пен микроб тек­тес қосылыстарды іздеумен және олардың негізінде әртүрлі вирус­тарға қарсы тиімді жаңа антивирустық препарат­тар жа­сауға қатысты зерттеу­лер жүр­гізіліп келеді. Корона­вирустарды қам­титын вирустың кең ауқымына қарсы тиімді бірқатар өсімдік тектес препараттар жасалып, патенттелген. Коронавирусқа қарсы тиімді жаңа препараттарды жасауға негіз бола алатын вирусқа қарсы және иммуностимуляциялық әсері бар жаңа табиғи қосылыстарды іздеу жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ Қарағанды қала­сындағы «Фитохимия» Халық­аралық ғылыми-өндірістік хол­дингі АҚ-мен бірлесіп вирусқа қар­сы белсенділігі бар жаңа қосы­лыстарды табуда ізденістер жүргізілуде. Микробиология жә­не вирусологияның ғылыми-өндірістік орталығы негізінде аталған препараттарды одан әрі зерттеудің келешегі зор. Осы та­қылеттес зерттеулер еліміздегі өзге де ғылыми мекемелерде жүр­гізіледі. Бұл коронавирустық инфекциямен күресуде қоғамымыз зәру болып отырған тиімді отан­дық дәрі-дәрмектер таяу арада жасалып, оның өндіріске енгізілуіне деген сенімді күшейте түсетіні анық. Қалай айтсақ та, корона­ви­рус­­тық пандемияға байланыс­ты шұғыл эпидемиялық және эко­номикалық жағдай құрсауында ғылыми және қаржылық ресурс­тарды инфекциямен күресте нақты нәтиже беретін маңызды зерттеу­лерге шоғырландыру қажет. Ви­­рус денсаулық сақтау, бизнес және өнеркәсіп үшін үлкен қи­ын­дық туғызуда. Экономикалық жағ­дайына қарамастан, әлемдегі ел­дердің барлығы дерлік осы проб­ле­маларға тап болып отыр. Осыған орай, елімізде уақ­тылы және тиімді шаралар қабыл­данды. Жасыратыны жоқ, вирус­тың өзіне қарағанда өлім туғы­затын вирустық инфекциялар туралы ақпарат қорқыныш пен үрейді күшейтіп, тез таралуда. Яғни әлемнің әр тұрғыны жаңа COVID-19 коронавирусының пандемиялық таралуына қатты алаңдаулы. Алайда басқа вирустық инфекциялармен салыстырғанда, бұл вирустан өлім-жітім көрсеткіші жо­ғары болмаса да, тек денсаулығы осал топтағы адамдарды ғана емес, сонымен қатар еш ауруы жоқ жас­­тарды да зақымдайды және аты бұрыннан белгілі дәрілермен ем­делуі де қиын. Сондықтан корона­вирус түрлерінің кең ауқымына қарсы тиімді жаңа дәрілерді жасау кезек күттірмейтін мәселе.  

egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар