Бүгіннен бастап тыйым-шектеулер қатаңдатылады

Бүгіннен бастап тыйым-шектеулер қатаңдатылады
ашық дереккөз
Бүгіннен бастап тыйым-шектеулер қатаңдатылады
берілген бірқатар анықтамалардың күші жойылады Альмира Омарова Кеше облыстық ішкі саясат басқарма-сының өңірлік коммуникациялар алаңында коронавирустық инфекцияның облыс аумағындағы жай-күйіне байланысты жаңадан енгізілетін тыйым-шектеулерге қатысты онлайн-режімде баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев қатысты. COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай орын алып отырғаны белгілі. Ғазиз Дүйсенбекұлының айтуынша, сондықтан республикамыздың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен елде карантин режімі енгізіліп, оған қатысты іс-шаралар қолға алынған болатын. «Өйткені байқағандарыңыздай, төтенше жағдайға байланысты қанша тыйым салынғанымен, жаяу жүргіншілер мен көлік ағыны толастар емес. Бұл алдағы уақытта жағдайды ушықтырып, Тараз қаласы мен облыс тұрғындарының кеселді жаппай жұқтыруына әкеп соғуы мүмкін. Өңірде аталған індетпен тіркелгендер санының 50-ден асуына байланысты қажетсіз жүріп-тұруларды азайту мақсатында аталған тыйым-шектеулерді біз ертеңнен бастап қатаңдататын боламыз. Өңірдегі кәсіпорындар жұмысына, азық-түлік тасымалдау мен өткеруге қатысты да бақылау күшейтілмек. Осы ретте ескере кететін бір жайт – кез келген жерде санитарлық сақтықты, әсіресе кезекте тұрғанда арақашықтық сақтап, алдын алу шараларына мұқият болған абзал», – деді спикер. Келесі кезекте сөз алған Бекболат Серікбекұлы: – Құрметті облыс тұрғындары! Республикамыздың бас санитарлық дәрігерінің 14 сәуір күнгі қаулысына сай, ертеңнен бастап өңірде карантиндік шаралар қатаңдатылмақ. Ең алдымен, Тараз қаласы мен облыс көлемінде қоғамдық көліктердің жұмыстары толық тоқтатылады. Бұл мәселе бойынша өңірдегі 442 автобустың 43 бағытпен жұмыс жасаған кезінде олардың санын 10 бағытқа азайттық. Алайда тасымалдаумен айналысқан қалған автобустар әуелі жүру тәртібін сақтамады. Сондай-ақ қоғамдық көліктегі жүргіншілер нөпірінде әуелі арақашықтық та қадағаланбайтыны анық. Сонымен қатар халықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысы. Аталған қаулыға сәйкес, бұл мекемелер жабылуы қажет еді. Әлгінде ғана толық талдау жұмыстарын жүргізіп, біз халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, ертең мемлекеттік комиссияға қатынас хатпен шығамыз. Себебі бүгінде «Қазпошта» мекемесі арқылы келген 850 миллион теңгені 20 мыңнан астам азамат алса, оның 70 проценті ауыл-аймақта тұратындығына байланысты олар осы жұма, сенбі күндері жұмыс жасайтын болады. Айта кеткен жөн, елді мекендерде орналасқан «Қазпошта» мекемелері, тіпті, осы сенбі мен жексенбі де жұмыс істемек. Үшінші мәселе – ол қала мен облыс деңгейінде жеңіл автокөлік санының көбеюі, оның ішінде екі азаматтың бірінде анықтамалары бар. Тіпті ауыл әкімінің анықтамалары да кездеседі. Осының бәрін ескере келіп, өңірдегі 38 блок-бекетте 17 сәуір күні таңғы сағат 8.00-ден бастап ондай анықтамалардың күші жойылатындығын мәлім етеміз. Бұл мәселе қалай шешімін табады? Ол үшін біз 14 мыңнан астам көлік пен адам саны енгізілген «Сергек» базасы мен планшеттерге басқарма басшыларымен, қала-аудан әкімдерімен, басқа да мемлекеттік қызметшілермен келісе отырып, толық тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Төртінші мәселе, халықтың шаһар ішіндегі жүру қозғалысы қазір ешқандай сын көтермейді. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметі мен әскерилер бірлесе отырып, күндізгі уақытта нақты шаралар қабылдайтын болады. Ең соңғысы, ол – осындай шешімдерді Тараз қаласы мен аудан әкімдері өз аймақтарында да қабылдауы қажет. Бұл шаралар жоғарыда сөз болған қаулыға сүйеніп қабылданды, – деді.

Ұқсас жаңалықтар