«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қарттар -қадір-қасиетіміз емес пе?

Қарттар -қадір-қасиетіміз  емес пе?
ашық дереккөз
Қарттар -қадір-қасиетіміз емес пе?

Дүниеде қариясының қадіріне жеткен бір ұлт болса, ол қазақ емес пе?! Осындай құрметтің белгісіндей қазына-қарияларымыз жайлы атадан балаға мұра болып жеткен даналық сөздер, мақал-мәтелдер қаншама! ¬Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында «қарттар үйі» деген сөздің өзі құлағымызға түрпідей тиетін. Қамқоршысыз қалғандар арасынан қандастарымызды көрмейтінбіз. Кезінде ауылдардан жалғызілікті қарттарды қолына алып, бағып-күтіп, балаларын үйірсектетіп, тумаса да туғанындай болып кеткен азаматтарды көптеп кездестіруші едік.

Бертінде ғой осы бір жат дағдының бойымызға талақтай жабысқаны. Қарттар үйіне басқа емес, өзінің ұлы, қызы апарып өткізген кейуаналар пайда бола бастады. Ұрпағым ешкімнен кем болмасын деп, өмір бойы еңбек етіп өткен өзіміз жақсы танитын екі бірдей азаматтың бірін қарттар үйіне балалары өткізсе, екіншісі өмірлік қосағы бақилық болған соң, өз аяғымен барыпты деп естігенбіз. Қайратты-ақ кісілер еді. Бұл ағаларымыздың бірінің жасы жетпістен асты, көп болса. Екіншісі алпыстың жуан ортасына енді келер еді… Екі жылға жетер-жетпесте бақилық болып кетті. Соңында ұрпақ қалмаса, сөзіміз басқа. Ұл-қыздарының «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» екенін білмегені, қарияларымыздың қадіріне жетпегені қынжылтады-ақ. «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін халықпыз ғой. Өмір бойы бейнеттенген, әдемі қариялық кезеңін енді бастай берген шағында қарттарымызды «ділі суық» үйдің терезесінен жаутаңдатып қою қазақтығымызға жат іс қой. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың бір сөзінде «Мұндайлардың бетін аймандай етіп айтып, жазып көрсету керек» деп ашына айтуы жайдан-жай емес. Қарияларымыздың қадіріне жете білейік, әлеумет!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар