- Advertisement -

ШАЛҒАЙ АУДАНДАРДАҒЫ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ

68

- Advertisement -

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Бүгінде әлемді дүрліктіріп, дүниежүзін дендеп бара жатқан дертке байланысты сақтық шаралары барынша күшейтілуде. Осыған байланысты, өңірімізде де қоғамдық тәртіпті қатаң бақылауға алу арқылы жаман аурудың алдын алу жұмыстары қарқын алды. Облыс аумағында да шектеу шаралары енгізіліп, облыс орталығы мен аудандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады.
Мәселен, шалғайдағы Шу ауданында жуырда ғана коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, сақтық шараларын күшейтуді қолға алған болатын. Енді, міне, өңірімізде енгізілген шектеулерге байланысты аудандағы штаб жанынан 12 түсіндіру тобы құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Түсіндіру топтары аудандағы мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары, балабақшалар мен ойын-сауық орталықтарының иелерімен жеке-жеке кездесіп, шектеу шараларының қатаң бақылануын ескертті. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Болатжан Төлендиевтің айтуынша, орталық базардағы кейбір сауда орындарына да шектеу қойылыпты. «Аудан бойынша мен жетекшілік ететін түсіндіру тобына бірнеше нысандар кіреді. Олардың қатарында сауда үйлері мен орталық базардағы кәсіпкерлер де бар. Айта кету керек, орталық базардағы киім-кешек сататын барлық сауда орындарының жұмысы тоқтатылғанымен, азық-түлік сататын дүкендер мен сауда орындары және дәріханалар өз жұмысын белгіленген режімде жалғастыра береді. Алайда орталық базардағы санитарлық-дезинфекциялық шараларды күніне екі мәрте жүргізуді міндеттедік. Бұл жұмыстардың барлығын күнделікті бақылауда ұстайтын боламыз», – дейді ол.
Жасыратыны жоқ, жауапты мамандар әуел баста-ақ сақтық шараларын сақтамаудың арты орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Сол себепті де еліміз дерттің бұл түрін ерекше бақылап отыр. Кез келген аурудан айығудың ең тиімді тәсілі – алдын алу шаралары екені сөзсіз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың облыс аумағында енгізілген шектеу шараларына қатысты тапсырмасы Мойынқұм ауданында да тиянақты орындалуда. Ондағы түсіндіру жұмыстарына аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен мекемелер жұмылдырылған. Мойынқұм аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Айман Елеуованың сөзіне сенсек, шектеу шараларын кейбір кәсіпкерлер дұрыс түсінбей қалған көрінеді. «Түсіндіру шараларын жүргізу барысында аудандағы кәсіпкерлердің басым бөлігі өз жұмысын тоқтатып қойғандығын байқадық. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері де бар. Осыған байланысты, кәсіпкерлерге азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалардың жабылмайтындығын жеткіздік. Ал өзге сауда орындарының барлығы да өз жұмысын тоқтатты. Алдағы уақытта тәртіпке бағынбағандарға шара қолданылатын болады», – дейді.
Сонымен қатар штаб мүшелері ауданның өндірістік аймағына да ат-басын бұрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Шығанақ, Биназар, Мыңарал сынды ауылдық округтер «Бурылбайтал-Шу-Меркі» бағытындағы республикалық автожолдың бойында орналасқандықтан, мұндағы сақтық шаралары барынша күшейтілген. Осылайша, шектеу шараларын жүзеге асыру мақсатында республикалық жолдың бойындағы кафелер мен асханалар өз жұмысын толығымен тоқтатты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да бақылауда болмақ.

Шу және Мойынқұм аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support