- Advertisement -

МЕНІҢ ӘКЕМ РАХЫМ МИНОМЕТШІ БОЛҒАН

218

- Advertisement -

Соғыс…
Осы бір адам баласы үшін сұсты да, қайғы-қасіреті мол сөздің астарында денеңді тітіркендірер қорқыныш пен зұлымдықтың жатқаны сөзсіз. Адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыс атанған екінші дүниежүзілік соғыстың кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталғанына биыл 75 жыл толады.
Осы бір қуанышты күн – Жеңіс мерекесі жақындаған сайын мен де ел басына күн туған сонау бір қиын кезеңде өз отандастарымен бірге майданға аттанып, Отан үшін жан беріп, жан алысқан шайқастарға қатысқан әкемді еске аламын.
Әкем Рахым Әбдраимов 1900 жылы қазіргі Жамбыл ауданының Ақбұлым селолық советіне қарасты «Ильич» кеңшарында өмірге келіпті. Кедей шаруа отбасында өмірге келген әкем 1917 жылы Октябрь революциясынан кейін орнаған кеңестік дәуірді, қызыл империяның қолдан жасаған ашаршылығын да, қазақ халқының бетке ұстар азаматтарын қынадай қырған зұлым саясатты да көріп өсіпті.
Соғысқа дейінгі бейбіт кезеңде анамыз Зияда Дүйсебаева екеуі Әбутәліп, Жандарбек және Медербек атты ағаларымызды өмірге әкеліп, солардың қызығын қызықтап алаңсыз өмір кешкен.
Алайда халық бейбіт өмірдің тұщы дәмін енді ғана тата бастаған сәтте фашистік Германия кеңес еліне тұтқиылдан соғыс ашты. Сұм соғыс қазақ халқына тағы да орны толмас нәубет әкелді.
Әскерлеріміз күші басым фашистермен кескілескен ұрыстарға түсті. Соғыстың алғашқы күнінен бастап, яғни Брест қамалын қорғауда әлемге өз ерліктерін паш еткен кеңес жауынгерлері Сталинградты, Ленинградты, Мәскеуді, Кавказды қорғауда өз ерліктерін соғыс тарихына алтын әріптермен жазды.
Майданға тылдан күн сайын әскери техникалар, жаңадан жасақталған әскери құрамалар жіберіліп жатты. Жасы келген адамдарды да әскерге алуға тура келді. Міне, осы кезде, яғни 1942 жылдың мамыр айында менің әкем де Жамбыл аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, 42 жасында 18-19-дардағы өрімдей жігіттермен бірге майданға кете барған. Әкеміздің соғыстан аман-есен оралуын бір Алладан тілеген анамыз бауырындағы үш баласымен жылай-жылай қала берген.
1943 жылдың маусым айында Брянск қаласында соғысқа кірген әкеміздің майдан жолы Еуропаның Гомель, Варшава, Гливице және Опель қалаларын басып өтіп, жаудың ұясы Берлинге дейін жеткен. Сөйтіп Украина, Чехословакия, Польша, тіпті Германияның өзін неміс фашистерінен азат етуге қатысқан. Әкеміздің омырауындағы «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдардың жарқырауы осының дәлелі болса керек.
Бір өкініштісі, біз бала кезімізде де, жастық шақта да әкемізден қанқұйлы соғыс жайлы, қай жерлерде, қай майдандарда шайқасқандары туралы сұрамаппыз. Алда-жалда сұрай калсақ: «Соғыс деген өмір мен өлімнің арасындағы шайқас, соғысқа араласу – ол ажалға бару», – дейтін күрсіне отырып. «Құдай енді сендерге сұм соғысты көрсетпесін» деп тілейтін.
Осының бәрі Жеңіс мерекесі қарсаңында, негізінен, күні бүгінге дейін сарғайып, түсі оңа бастаса да сақталып қалған әкеміздің көзіндей болған әскери билетінен алынып отыр. Әкеміз алғаш майданға кірген кезінде жаяу әскерлер сапында атқыш ретінде шайқасса, кейін соғыс аяқталғанға дейін миномет полкінде минометші қызметін атқарған екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген емес пе, әкеміз жаумен болған шайқастарда екі рет жараланыпты. Алғашқы алған жарасы жеңілдеу болса керек. 1942 жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың ақпан айында 2749 әскери госпитальда емделіп, майданға қайта кіріпті.
Әкеміздің айтуынша, фашистермен болған кезекті бір шайқаста жанына түскен снарядтан топырақ астында қалған. Кеудесіне тиген жарықшақтан контузия алып, ес-түссіз жатқан әкеміз бұл жолы 4727 әскери госпитальға жеткізілген. Жарақаты өте ауыр болғандықтан, әкемізге госпитальда 6-7 ай емделуіне тура келген.
Әкеміздің неміс фашистерімен болған ең соңғы шайқасы 1945 жылдың 30 сәуірінде Германияның Берлинге жақын маңдағы Опель қаласында болыпты. Бұл фашистердің жеңіліп, кеңес әскерлерінің 9 мамырдағы жеңісті күніне небәрі 8 күн қалған кез еді. Бейбіт жатқан елді басып алу жөніндегі арам пиғылдары іске аспай, шегіне-шегіне Берлинге жеткен жау әскерлері әрбір ұлтарақтай жер үшін өліспей-беріспейтін шайқасқа түскен.
Осы кескілескен шайқастарда кеңес әскерлерінің жеңіске жетуіне Богдан Хмельницский орденді 245 Проскуров миномет полкі айрықша үлес қосқан. Әкеміз осы полктың 22-ші Қызыл тулы Проскуров миномет құрамасында болған. Дәл осы 30 сәуір күнгі шайқас кезінде 22-минометшілер тобына полк штабынан Лукенвальде қаласы маңындағы қоршаудан сытылып шықпақшы болған жау әскерлерінің көзін жою жөнінде шұғыл тапсырма түскен. Қатардағы жауынгер Рахым Әбдраимовтың миномет расчеты жау әскерлері құрамасының атқылау позициясын дәл тауып, минометтен оқты қарша боратқан. Нәтижесінде қоршаудан сытылып шықпақшы болған неміс әскерлерінің көзі түгелдей жойылған.
Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әкеміз КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 11 мамырдағы жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталған.
«Кебін киген өледі, кебенек киген келеді» демекші, әкеміз қан майданда екі рет ауыр жарақаттанса да аман-есен елге оралады. Әкеміз мұсылманшылықты берік ұстанатын, жүрегіне иман ұялаған тақуа адам еді. Өзінің айтуынша, соғыста болған төрт жылының бір күнінде де бес уақыт намазын қаза қылмапты. «Алладан күн сайын, сағат сайын еліме аман оралуды, отбасымды, бала-шағаларымды көруді тілеп өттім» дейтін.
Жаратқаннан жалбарынып сұраған тілегі қабыл болып, әкеміз елге аман-есен оралды. Соғыстан кейін де отбасымызға Оразбек ағам, Майра атты әпкем және ұл-қыздарының ең кенжесі мен өмірге келдім. Тәңіріміздің әкемізге берген бұл да бір сыйы шығар, өмірдің қызығын көрсін, ұрпақ таратсын деген болар. Әкеміздің кіндігінен тараған осы ұл-қыздарынан бұл күндері 50-ден аса немере-шөбере өсіп келеді.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмір кезінде де әкеміз маңдай терін сыпырып аянбай еңбек етті. Өзіміз тұратын Байзақ ауданының «Қызылша» совхозының бірінші бөлімшесінде сушылар бригадасына жетекшілік етті. Сол 50-60 жылдары қатар жатқан «Қызыл жұлдыз» және «Қызылша» совхозының диқандары қызылша дақылдарынан жылма-жыл жоғары өнім алып, Одаққа дейін атағы тарады. Жыл сайын қызылшадан тұрақты түрде жоғары өнім алып келген қант қызылшасының бірнеше майталмандары ең жоғары награда «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болды.
«Қызылша» совхозынан осы жоғары атаққа ие болғандардың бірі Жәмилә Божбанбаеваның бригадасында әкеміз бірнеше жыл қант қызылшасын суарумен айналысты. «Арша бойы арша, борша бойы борша» бола жүріп бригада бойынша ең жоғары өнім алуға өз үлесін қосты.
Әкемнің бойында диқандық қасиет о бастан бар еді. Үйдің маңына жеміс-жидектің неше түрін егіп, баптап өсіретін. Оның рахатын мұндаға дейін бала-шағасы мен немерелері көріп келді. Соғыс салған жараға қарамастан, әкеміз зейнетке шыққанға дейін қызылша алқабында бел шешпей еңбек етті. 1954 жылы еңбек озаттарымен бірге Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысу құрметіне ие болды.
Өкінішке қарай соғыс салған жара, яғни кеудеге тиген снаряд жарықшағы, алған контузия әкеміздің денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. Әкеміз 1967 жылдың 30 сәуірінде, яғни 1945 жылдың 30 сәуірінде айқаста ерлік жасаған күнімен тұспа-тұс өмірден озды.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген, бұл күндері марқұм әкеміздің рухына құран бағыштап, дұғасына қол жаюдан басқа не амал бар?! Отан үшін от кешкен майдангер әкеміз біздің мәңгі есімізде. Тараз қаласындағы Жеңіс паркінің «Даңқ» аллеясында қанқұйлы соғыста майданда қайтыс болған және майданнан аман-есен оралып, бейбіт кезеңде дүниеден өткен майдангерлердің аты-жөні мәрмәр тасқа ойып жазылған. Жамбыл ауданынан соғысқа аттанған Отан қорғаушылардың тізімінде біздің әкеміз Рахым Әбдраимовтың да аты-жөні менмұндалайды.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі – 9 мамыр күні майдангер әкеміздің ұрпақтары, немере-шөберелері ата рухының алдында тағзым етіп, гүл шоқтарын қоятын болады.
Өйткені Отан үшін от кешкендер ешқашан ұмытылмайды.

Майдаш ӘБДРАИМОВА,
көп балалы ана.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support