- Advertisement -

Көмек әрбір тұрғынға жетуі тиіс

29

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар жағдайында халықты қолдаудың қосымша шараларын енгізуге бағытталған мәлімдеме жасады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте бұл бағыттағы жұмыстардың облыста жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, таралған індет бүгінде әлемнің барлық мемлекеттерінің тұрақтылығын сынауда десек, әзірге елімізде ахуал бақылауға алынып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға шұғыл түрде жүзеге асырылуы қажет бірқатар міндеттер жүктеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев олардың әрқайсысын назарға алып, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берді. Бірінші кезекте пандемияға қарсы күресте жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қосымша қолдау үшін тиісті есептер жүргізу қажет. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ филиалымен бірлесе отырып, зейнетақы мен жәрдемақыларды, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті индексациялау үшін тиісті есептеулер жүргізу және өтінім беру керек. Ең басты мәселенің бірі – жамбылдықтарға 42,500 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлемдер беру бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру. Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, бұл қолдауға енді ресми жұмысы мен жалақысы болмаған адамдар да үміткер бола алады. Олардан тек өз мәртебесін қалыптастыру талап етіледі. Бұл үш миллионға жуық қазақстандықты қамтитын бұқаралық төлемдердің бірі болмақ.
Сонымен қатар аймақ басшысы азаматтардың, оның ішінде тегін азық-түлік үлестірілетін мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімін жасауды міндеттеді. Сондай-ақ халық арасында 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы ұзартылғандығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ал шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады.
Бердібек Сапарбаев көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы жергілікті биліктің айрықша бақылауында екендігін жеткізді. Оған республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Ал қарыз алушылар үшін 5 проценттен аспайтын мөлшерлеме белгіленген. Бұл орайда аудан әкімдері мемлекет көмегін тиімді пайдалану үшін фермерлер арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 миллиард теңге бөлініп отыр. Аймақ басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының құнын литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15 процентке арзандату туралы Президенттің тапсырмасын орындау бойынша бақылаушы органдардың жұмысын күшейту қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмалары уақтылы әрі нәтижелі орындалуы тиіс. Ең бастысы – қарапайым тұрғындар өздерінің мемлекет қамқорлығында екендігін сезінулері керек. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр күннің маңыздылығын ескерген дұрыс, – деп атап өтті аймақ басшысы. Бердібек Сапарбаев түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүргізілу салдарынан мемлекет тарапынан қабылданған қолдау көрсету шараларынан тұрғындардың көбі хабарсыз екендігін ескертті.
– Тиісті көмек әрбір тұрғынға жетуі керек. Мемлекеттік органдар өз жұмысын сапалы орындап, ал бөлінген қаражатқа тұрғындар уақтылы әрі кедергісіз қол жеткізуі тиіс, – деп атап өтті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support