- Advertisement -

COVID-19: Германияда адам шығыны аз. Неге?

74

- Advertisement -

Бүкіл әлем елдері етек-жеңін жинаған. Шекаралар жабық. Денсаулық сақтау саласына күш түсіп тұр. Экономика рецессия жағдайында.

Анна САУЭРБРЕЙ,

New-York Times

Германияда да жағдай дәл солай. Мемлекетте жалпы карантин режімі енгізілмесе де, мектептер, дүкендер, мейрамханалар мен театрлар жабық. Екі адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Экономикалық өсім тоқтағандықтан, жұмыс орны азая бермек. Тіпті канцлер Ангела Меркель дәрігері коронавирус жұқтырғанын естіп, өз-өзін оқшаулады (Германия канцлері коронавирустың жаңа түрін анықтауға тест тапсырып, вирус жұқтырмағаны анықталды).

28 наурызда Германияда 56 202 адамға коронавирустың жұққаны анықталса, 403 науқас бақиға аттанған. Осылайша, өлім-жітім көрсеткіші 0,72 пайызды құрап отыр. Салыстырып қарасақ, 10 мыңнан астам адам қаза тапқан Италияда бұл көрсеткіш 10,8 пайызды құрайды. Испанияда өлім-жітім көрсеткіші 8 пайызға жеткен. Ұлыбританияда Гер­манияға қарағанда науқастар саны 3 есе аз болғанымен, қаза тап­қан­дар саны екі есе көп.

Таңғаларлық статистика. Мұн­­дай бірегей оқиғаға не себеп?

Ең бірінші себеп – жалпы тес­тіні ерте жасау. Сондай-ақ вирус жұқтырғандарды іздеп, тез оқ­шау­лау. Мәселен, елдегі ең алғашқы жағдайды алып қарайық. 28 қаңтарда Уханьда (Қытай) екі зауыты бар, автожабдықтар шы­­ғаратын бавариялық компания қызметкерінің вирус жұқ­тыр­ғаны белгілі болды. Екі күн ішінде билік қызметкерге вирус жұқтырған адамды тауып, онымен байланыста бол­ған­ның бәрін оқшаулады. Ком­пания Қытай­ға іссапардың бәрін тоқ­татып, Бавариядағы зауы­тын жапты. Тест оң нәтиже көр­­сет­­кен бір­неше қызметкер тез оқ­шауланып, эпидемияның та­рауы­­на тосқауыл жасалды. Мұн­дай жағдай елдің басқа бө­лік­терінде де қайталанды. Жер­гі­лікті денсаулық сақтау депар­та­менттері мен федералды билік нау­қастанған азаматтарды жылдам анықтап, оқшаулау үшін тізе қосып жұмыс істеді.

Сондай-ақ Германияда қария кісілердің басым бөлігі вирус жұқ­тырған жоқ. Қарттардың үйіне барып қал-жағ­дайын сұрауға тыйым са­лы­нып, мемлекет олармен кез кел­ген бай­ланыс түрін шектейтін заң жо­ба­сын қабылдады. Көп­теген жасы келген кісілер өз­дері оқ­­шау­ланды. Нәтиже ай­қын. Нау­қас­тардың арасында жасы 80-нен асқандардың үлесі 3 па­­йыз ғана. Жалпы, елде мұн­дай қария­лар саны 7 пайызды құ­райды. Ауырғандардың орта жасы – 46 жасты құраса, Италияда – 63 жас.

Германияда вирус жұқтырған жастардың саны басқа елдерге қарағанда анағұрлым көп. Бұл – елде жаппай тест жасауға байланысты. Сонымен қатар кездейсоқтық пен мәдениет те әсер етуі мүмкін. Гер­мания азаматтары шаңғы тебу­ге құмар келеді. Қысқы маусы­мда шамамен 14,5 мил­­лион неміс шаңғы тебуге Ау­ст­­рияның және Италияның сол­түс­­тігінде орналасқан Альпі тау­лары­на асығады. Биыл Еуропа­дағы ін­дет ошағының бірі Тироль­ға бар­ған туристер елге вирусты әкелді.

Көктемге таман Германияда карнавал өтеді. Елдегі аурудың тарауына жастар арасында танымал осы карнавал әсер етті.

«Шаңғы тебу мен карнавал анықталғандардың орта жасы төмен болуына әсер еткен секілді», дейді Бундестагтың мүше­сі, дәрігер Карл Лаутербах. Осы­лайша өлім көрсеткішінің аз кез­десуі­не ерте тест жасау мен вирус­тың жастар арасында көп тарауы әсерін тигізді.

«Маңыздысы – кімді және қанша адамды тексеру», дейді Франкфуртта коронавирусты анықтайтын зертхананың директоры, вирусолог Мартин Штюрмер. Жалпы, тест жасауды аз жүргізетін Италия секілді елдерде өлім саны өте жоғары.

Әйтсе де, қазіргі статистикаға, әсіресе, індет кең тарамай тұрған тұста мұқият қараған жөн. Гер­ма­ния­дағы денсаулық сақтау жү­йесі­нің жақсы дамып, ауыр науқас­тарға арналған төсек саны 100 мың екеніне қарамастан, ол әлі толыққанды сынақтан өткен жоқ. Вирус жұқтырғандар енді-енді ауру­ханаға түсе бастады. Орта есеп­пен, жағдайы ауыр пациент Covid-19 жұқтырғаннан кейін 30 күн­нен соң қайтыс болады. «Германия эпи­де­мияның алғашқы сатысында тұр. Жағдай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді», деді Роберт Кох инсти­туты­ның президенті Лотар Вилер.

Бәлкім, Германия індеттің әлемдік көрсеткішінен қалып келе жатуы мүмкін. Пікірлер әр алуан. Алдағы аптада денсау­лық сақтау саласына түсетін күштің ауқы­мына байланысты. «Меніңше, Италиядағыдай жағдайға тап келуіміз екіталай», дейді Стефан Виллих. Ол – Берлиндегі Charité университеті ауруханасының әлеуметтік медицина, эпидемио­логия және денсаулық сақтау экономи­касы институтының директоры. К.Лаутербахтың болжамына сәйкес, Германияда өлім деңгейі өседі. Расында, кейінгі бірнеше күнде бұл көрсеткіш 0,48 пайыздан 0,72 пайызға жетті.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына көп күш түсетіні әзірден аңғарыла бастады. Ауруханалар мен дәрігерлер маска және басқа қорғаныс жабдықтарының жетіспей жатқанын айта бастады. Неміс медицина ассоциациясы жариялаған құжатта Германияда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, бүкіл науқастарды интенсивті емдеуге күш жетіспеуі мүмкін екені айтылған.

Қорыта айтқанда, Германия­дан алатын үлгіміз бар. Бірақ ста­тис­тикалық деректерге сеніп, ше­шім қабылдауға асықпау керек.

 

Аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support