Онлайн оқытуға қаншалықты дайынбыз?

Онлайн оқытуға қаншалықты дайынбыз?
ашық дереккөз
Онлайн оқытуға қаншалықты дайынбыз?

Мектеп оқушыларының төртінші тоқсанды қашықтықтан оқитыны белгілі. Осы орайда бүгінде көптеген мәселелер туындап, оқушы, ата-анадан өзге мектеп мұғалімдері мен білім беру бөлімдерінің өзінде түрлі сауалдар туындауда. Негізгі мәселе ұстаздар мен оқушыларда компьютер, ноутбук, смартфондардың болуы мен интернетке қолжетімділік төңірегінде туындауда. Осы орайда облыста қандай жұмыстар жүргізіліп, нақты істер атқарылғаны кеше облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланды. 6 сәуірден бастап облыстағы 449 мектепте (оның ішінде 442-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік) оқитын 231323 оқушы (оның 138028-і – ауылда, 93282-сі қалада) төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерде қашықтықтан оқытуды «Күнделік», «Daryn.online» жүйесімен жүргізуді ұсынып отыр екен. Ал облыста «Күнделік» жүйесіне 442 мектептің мұғалімі 100 процент, оқушылар – 96, ал ата-аналар 95 процент тіркеліпті. Аталған порталда «Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру» бөлімі ашылып, бірқатар пайдалы ақпараттармен толықтырылған. Жиында облыстағы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева баяндама жасап, департамент тарапынан жасалған мониторинг нәтижесімен бөлісті. – Қашықтықтан оқытуға 16 наурыздан бастап облыстағы барлық кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары көшірілді. 7 колледждің 165 студентінде интернетке кіру мүмкіндігі жоқ. Олар қашықтықтан оқытумен қамтылмай отыр. Орта білім беру саласына келетін болсақ, көктемгі демалыс кезінде 137 мектептің оқытушылары шектеулі режімде жұмыс істеуі бұйрықпен бекітілмегені анықталып отыр. Ол мектептер оқушыларды қалай демалысқа жіберіп, бұйрықты қалай дұрыс толтыруды да білмеген. Осы олқылықтарды қайта қалпына келтіруді нақтылап тапсырған болатынбыз. Білім бөлімдерінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта 1-4-сынып аралығында – 65 643, 5-9-сынып аралығында – 63 825, 10-11-сынып аралығында – 9717, барлығы – 139 385 бала, немесе 60 процент оқушы компьютермен қамтылмаған. Облыс бойынша – 123 540 немесе 53 процент баланың интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда қашықтықтан білім беру және мемлекеттік білім беру стандарттарының орындалмау қаупі бар. Одан бөлек, 26 610 педагогтің 7555-сі немесе 28 процентінің интернетке қосылу мүмкіндігі болмаса, 14 процентінде компьютер жоқ. Алайда білім бөлімдері әлі де қажеттіліктің нақты санын білмейді. Мысалы, Талас ауданы білім басқармасы мен департаментке екі түрлі мәлімет берген. Соның салдарынан айырмашылық 3463-ті құрап, өтінім осыншаға кем берілген. Осындай жағдай Тараз қаласы мен Байзақ ауданында орын алды. Компьютерге қажеттілігі бар педагогтер саны да әртүрлі. Шу ауданы бойынша айырмашылық тіпті 701-ді құрады. Мектептерде оқу процесінде пайдаланылатын – 27 294, педагогтер пайдаланатын 9836 компьютер бар. Оларды сақтау жауапкершілігімен АӘК алатын отбасы балаларына, жетім балаларға уақытша пайдалануға беру арқылы қажеттілігін шешу ұсынылады. Сондай-ақ мектеп жасындағы 3 және одан көп баласы барлар да ескерілу керек. Білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша мектеп жасында үш баласы бар – 27329, төрт баласы бар – 14709, бес және одан көп баласы бар 7642 отбасы бар, – деді аталған департамент басшысы. Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова да жасалып жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелермен бөлісті. Баяндамашылар мен кейбір ауданның білім бөлімдерінің, тиісті мекеме басшылары мен өкілдерінің сөзін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев нақты тапсырмалар берді. «Өзімізде бар мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай, балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ете алмасақ, ертең балалардың бетіне қалай қараймыз? Ата-аналар тарапынан да наразылық туындатпай шұғыл әрі сапалы жұмыс істеуіміз керек», – деген ол атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін өзіне күніне бірнеше рет хабарлап отыруды тапсырды. Әсіресе мұқтаж отбасылардың балалары үшін екі айға тегін интернет қосып беру қажеттігін баса айтты. Ал бала саны шектік нормадан аспайтын шалғай ауылдардың оқушылары әдеттегі режімде білім алу мәселесін де қарастыру тапсырылды. Сонымен, балалар қалай онлайн-білім алады? Интернет пен компьютер, ноутбук, смартфонға қолы жеткен балалар арнайы бағдарламалар арқылы мұғалімдерімен тікелей байланыс орната отырып сабақ оқиды. Мұндай игілікке қолы жетпеген оқушылар үшін «Балапан» арнасы қазақ тілінде, «Ел арна» арнасы орыс тілінде сабақ жүргізеді. Бұл жағдайда кері байланысты мұғалімдердің өзі орнатады. Ал тіпті телеарналарға да қосыла алмайтын оқушылар үшін радио желісі мен «Казпочта» арқылы тапсырмалар беріліп, байланыс орнатылмақ.

Маржан РАҚАЙ

Ұқсас жаңалықтар