МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА МҮМКІНДІК МОЛ
ашық дереккөз
МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Осы жылдың маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 

Жалпы, ақшаны, мүлікті заңдастыру – әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар үрдіс. Тіпті, Еуропадағы бірқатар мемлекеттер, АҚШ-тың көптеген штаттары мұндай акцияны қатарынан бірнеше рет өткізген екен. Мүлікті жария ету шарасы елімізде, соның ішінде облысымызда қалай жүзеге асады, оның пайдасы, өзге де артықшылықтары жөнінде облыс бойынша салық департаментінің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Әділбек Әлішевпен сұхбаттасқан едік: – Әділбек Әлімұлы, алдымен мүлікті жария етудің тиімді тұстарын айтып берсеңіз? – Ақша мен мүлікті заңдастыру мемлекетке де, ел азаматтарына да бірдей тиімді. Үкімет жария ету еліміздің экономикасына қосымша қаражат пен мүліктерді тарту мақсатында жүргізілетінін айтуда. Өйткені, «көлеңкелі айналымдағы» ақшаның үлесі айтарлықтай өсіп, мемлекеттің дамуына кесірін тигізіп, заңнамада көрсетілген салық түсімдері түспей отыр. Мысалы, елімізде 2001 жылы жүргізілген алғашқы дүние-мүлікті, ақшаны заңдастыру іс-шаралары нәтижесінде 480 миллион АҚШ долларынан астам ақша заңдастырылыпты. Одан кейін 2006-2007 жылдар аралығында елімізде экономикалық амнистия екінші рет өткізіліп, 845 миллиард теңгеге жуық ақша мен дүние-мүлік жария етілді. Заңдастыру акциясы барысында еліміздің бюджетіне 60 миллиард теңгеге жуық табыс түсіпті. Сондықтан, бұл жерде заңдастырылған ақша мен дүние-мүліктің «көлеңкеден» шыққаннан кейін ел бюджетіне салық және алымдар түрінде табыс әкелетінін ұмытпағанымыз жөн. Енді азаматтарымызға тиімді тұстарына келер болсақ, бұл жолғы акцияда төрт бірдей артықшылық беріліп отыр. Біріншіден, кез-келген отандасымыз ақшасын, бағалы қағаздарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін жария ете алады. Екіншіден, жария ету субъектілерінің меншік құқығына жататын, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар заңдастырылады. Үшіншіден, өзге тұлғаның атына ресімделген құрылыстар мен ғимараттарға рақымшылық жасалады. Яғни, сіздің өзгенің атына тіркеген мүлкіңізді өз атыңызға тіркеп, заңдастыруға мүмкіндігіңіз бар. Бұл үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайсыз. Ешкім үйіңді қалай салдың, ақшаны қайдан алдың деп сұрамайды. Ал, төртінші артықшылық – Қазақстан аумағынан тыс жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлікті де жария етуге болады. – Аталмыш Заң осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілді. Мүлікті жария ету мерзімі қай уақытта аяқталады және бұл шараға барлық қазақстандықтардың қатысуы міндетті ме? – Мүлікті жария ету мерзімі 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Бірақ, арызды қабылдау 2015 жылдың 30 қарашасына дейін ғана жүргізіледі. Мүлкін жария ету ешкімге міндеттелмейді, тек заңдастырып, рақымшылық жасауға мүмкіндік беріледі. – Мүлкін жария еткісі келген облыс тұрғындары құжаттарын қай мекемеге тапсырулары тиіс? – Бұл үшін бізде арнайы екі комиссия құрылып, төрағалары тағайындалған. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі мүліктерге (ақшадан басқа) тұрғылықты жері бойынша салық басқармалары жанынан құрылған комиссияларға тапсыруға болады. Ал, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүліктердің (ақшадан басқа) құжатын жергілікті аудандық әкімшіліктерде құрылған комиссияларға тапсыруға болады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар