Жаңа технология жемісі

Жаңа технология жемісі
ашық дереккөз
Жаңа технология жемісі

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы – облысымыздағы негізгі газ жеткізіп берушінің бірі. Кәсіпорын тарату жүйелеріне газ жеткізеді, инфрақұрылымды басқару, өнеркәсіп кәсіпорындары, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер мен тұрғындарды апатсыз және үздіксіз көгілдір отпен қамтамасыз етеді. Облысымыздың аумағында газ құбыры 3620 шақырымда созылып жатыр. Оның ішінде 1168 шақырым газ құбыры жер астында орналастырылған. Бүгінде аймақтағы 131 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып отыр. Қазір оны 3975 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын және 159 мың абонент тұтынады. Біз сондай-ақ әртүрлі энергиятиімді жылыту және басқа да қауіпсіз газ құралдарын өткереміз. Филиалда 589 адам жұмыс істейді, оның 37 пайызының жоғары білімі бар. Біздің кадрлық саясатымыз – маман тұрақтамаушылығын жоюға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Біз өзіміздің қызметкерлеріміздің алаңсыз және өнімді жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлеміз. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаевтың жігерлі басшылығы нәтижесінде тұрақты жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бизнесті басқару саласында жаңа ІТ-технология енгізілді. Мұның өзі жұмысты тиімді ұйымдастыруға, қаржыны үнемдеуге игі ықпалын тигізуде. Үнемделген қаржы өндірісті жаңартуға жұмсалуда. Тараз қаласында соңғы 3 жылдан бері жаңа ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ол 2019 жылы толық аяқталуы тиіс. Жоба мақсаты – газ тарату жүйесінде апатсыз жұмысты қамтамасыз ету және газ жүйесін жаңарту. Облыс орталығын газдандыру жарты ғасыр бұрын қолға алынғаны белгілі. Содан бері газ құрылғылары мен құбырдың 66 пайызының пайдалану мерзімі өтіп, ескіріп, тозды. Ал, олардың қолданылуы мерзімі – 30 жыл. Таразда жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша 940 шақырымда газ құбыры ауыстырылып, жердің астына орналастырылуы тиіс. Екі жылда 182 шақырымда газ құбыры ауыстырылып, 3230 жеке шкафтық пункт орнатылды. Қазір жобаны жүзеге асырудың үшінші мерзімінде. 188 шақырымдағы ескі құбырдың 142 шақырымы полиэтилен құбырмен алмастырылып, 1960 жеке шкафтық пункт орнатылды. Полиэтилен құбырдың артықшылығы көп. Ол коррозияға ұшырамайды және беріктігі металдан кейін емес. Оның қолданылу мерзімі – 50 жыл. Ол қыруар қаржы жұмсалатын электр химия қорғауды қажет етпейді. Полиэтилен газ құбыры және жеке шкафтық тарату пункті инновациялық технология болып табылады. Оларды орнату қызмет көрсету сапасын арттырады. Жеке тарату пункті әр үйге немесе екі үй сайын орнатылады. Төтенше жағдай орын алған жағдайда одан бір немесе екі тұтынушы ғана ажыратылады, өзге тұтынушыларға кедергі келтірілмейді. Аталған шкафтық тарату пункті жабдығы есептегіш термокорректорлармен бір жиынтықта әкелінеді. Жаңа жүйені енгізу тұрғындарды жаппай газдандыруға мүмкіндік береді. Бұрын бір шкафтық тарату пунктіне 200-300 тұтынушы жалғанатын. Енді бақылаушылар әр үйге немесе аулаға кіріп есептегіш құралдың көрсеткішін жазып әуре болмайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, жаңа тарату пункттері филиалдың теңгерімінде болады. Қызмет көрсету және пайдалану, есептегіштерді тексеруді жүргізу филиал есебінен жүргізіледі. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде «Қордай – Шу» газ құбыры құрылысын жүргізуге және қаржыландыруға мүмкіндік туды. Мұның өзі облыстағы елді мекендерді кең көлемде газдандыруға игі ықпалын тигізді. Осы аумақта жер астына жоғары қысымдағы 106 шақырымдық болат газ құбыры тартылды. Осында газ жеткізу «Бұқара – Ташкент– Бішкек – Алматы» магистральды газ құбыры арқылы жүзеге асырылуда. Оны жүргізу нәтижесінде табиғи газды Шу және Қордай аудандарындағы 34 елді мекен тұрғындары тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қазір Қордай ауданындағы Қасық, Сарыбұлақ және Степное ауылдары көгілдір от тұтынып отыр. Сондай-ақ, газдандыру Қордай ауданындағы Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас, Қайнар, Жаңатұрмыс және Шу ауданындағы Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші және Жаңажол ауылдарында жүргізілуде. Ертең – біздің кәсіптік мерекеміз. Облыстағы барлық мұнай-газ саласындағы қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, жұмыста табыс тілеймін. Облыстағы әрбір үй көгілдір отпен жылынсын!

Мұқан Сәдуақасов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры.

Ұқсас жаңалықтар